Елге күлкі сыйлаған...

Жер бетіндегі жұмыр басты пенденің әрқайсысы өзінше бір әлем дейді екен. Сол мың-миллионның ішінде өзгеден бойындағы оқшау қасиеттерімен ерекшеленіп тұратын біртуар тұлғалардың бір парасы – сахна өнерінің саңлақтары десек болғандай. Міне, бүгінде қазақ театры мен кино өнері шаңырақ көтергелі бірнеше толқын ұрпақ сабақтасып үлгеріпті. Осынау азды-көпті уақытта өмірі сахна өнерімен өзектес қаншама өнерпаз өтті десеңізші. Біз бүгін қасиетті өнердің құнарлы арнасынан нәр алған табиғи талант иесі Есболған Жайсаңбаев жайлы сөз етпекпіз. Қалың қазақ алдағы қыркүйек айында күліп тұрып жылай салатын, жылап тұрып, күле де білетін жаны жайсаң, жүрегі кең Есағаңның 70 жылдық мерейтойын атап өтпек.

Қырықтың қырқасынан енді асып, кемелденген шағында өмірден өткен Есболған Жайсаңбаевты жұрт көгілдір экран мен театр сахнасындағы Серке, Жапал, Қаспақбай, Әлібек, Сейіт, Ятчель, Нарша, Қараман, Хасен, Нарымбет рөлдері арқылы таниды. Жылдар жылжып, күндер көмескіленсе де, көрерменін жоғалтпайтын туындыларда өзіне тиісті рөлді иненің жасуындай жасандылық қоспай ойнаған Е.Жайсаңбаев жайлы бүгінге дейін талай естеліктер айтылып келеді. Көрерменін күлдіре жүріп, жан дүниесінде сан сырды, мұңды да сақтап өткен Есағаңды еске алғанда оның тұстастары, өмірдегі, өнердегі үзеңгілес достары, Жаратқанның қалауымен қосылған жан жары, бауыр еті балалары болмысы дара жанның арманда кеткеніне күрсініп, тұңғиық ойға берілсе, енді бірде айналасындағыларға жайдары күлкі сыйлаған жайсаң азаматтың қызықты оқиғаларын еске түсіріп, езулеріне еріксіз күлкі үйіріледі.
– Есболған бар жан-тәнімен жұмысына шын берілген жан еді. Тағы бір адами қасиеті – ешқашан жолдас-жораларының көңілін қалдырып, оларға қарсы келмейтін. Кейде тіпті күн демей, түн демей жұмыс істеп, одан қалса, достарына қосылып үй қарасын көрмей кетеді. Сондай кездерде мен пендешілікке салып, ашуланып та қалатынмын. Үйде қонақ күтуге әзірленіп жатсақ, әбден дастарқан дайын болғанда, қонақтармен жағаласып, «Сәлеметсіз бе?» деп есіктен жайраң қағып кіріп келеді. Оның жүзін көргенде, еріксіз ашуың тарқап кетеді. Кейде отағасы жоқта балаларды ертіп дүкен аралап, үйге жиһаз аламын. Анау-мынауды аңғара бермейтін ол біраз уақыттан соң ғана: «О, сендер үйге жаңа диван алғансыңдар ма?» –  деп таңданып жүретін. Әпенділігі соншалық – әзірлеп қойған киімдерін кимей, қолына түскен жейдесін іліп алып жүре беретін. Бірде телевизиядағы дубляжға жеңі сөгілген жейдесін киіп барыпты. «Оу, Есаға, көйлегіңіздің жеңі сөгіліп кетіпті ғой» дегендерге: «Ой, сендер қызықсыңдар, күн ыстық, ауа кіріп тұрсын деп әдейі сөгіп қойдым», – деген екен, – деп еске алады актердің өмірлік қосағы, актриса Салиха Қожақова.
Асанәлі Әшімов, Халық әртісі:
 – Менің қатар жүрген әріптес те ізбасар достарымның ішінде таланты, азаматтық тұлғасы да ерекше Есболған Жайсаңбаев еді. Аузын ашса жүрегі көрінетін осынау азаматпен әкемтеатрдың есігін қатар ашқан едік. Зейін Шашкин ағамыздың «Заман осылай басталды» спектакліндегі Покудиннің рөлімен актерлік «бісмілләсін» бастаған Есболған бірте-бірте көбіне комедиялық бейнелер галереясын жасау арқылы көрерменнің көңілінен шықты. Тек комедиялық рөлдер емес, өмірдегі түрлі тағдырды шыншылдықпен бейнелейтін еді. Ол сомдаған «Абайдағы» Нарымбет пен Көкбай, «Қаракөздегі» Нарша, «Қарақыпшақ Қобыландыдағы» Қараман, «Ана – Жер-анадағы» Бекташ – бәрі-бәрі тек Есболған арқылы өзінше мәнер, өзінше лирикалық бояу тапқан бейнелер дер едім. Біз Әнуар Молдабеков, Есболған үшеуміздің әзіліміз жарасып, өзара қатты қалжыңдасатынбыз. Кейде Әнуар екеуміз Есболғанды әжуалай бастасақ, марқұм Майра: «Онсыз да Есболған үнемі бір бақытсыз пақырлардың рөлін ойнайды. Ондай кезде актердің өзі де жаншылып, көңіл күйі төмендеп жүретіндей көрінеді маған. Тым болмаса сондай кезде әзілдемей жүре тұруға болмай ма? Ол болса екеуіңе сырттарыңнан шаң жуытпай жүреді. Сендер әжуалайтындай ойыны келіспей жатқан бір ортаңқол әртіс болса бір сәрі», – деп шыр-пыр болып қорғайтын. Араға біраз жыл салып барып сараласам, шынында, біздікі жастықтың албырттығы екен ғой.

Салиха Қожақова, актердің жары:
 – Есболғанның рухани дүниесі өте бай еді, көп оқитын, ізденетін. Рас, актер ретінде оның жамбасына келген рөлдер, негізінен, комедиялық кейіпкерлер болды. Бұл туралы белгілі әртіс Құдайберген Сұлтанбаев та: «Есағаң екеуміздің түрімізге қарап, ылғи комедиялық рөлдерді беріп қояды да, жан дүниемізге ешкім аса үңіле бермейді» деп ылғи айтып жүретін. Егер актриса ретінде айтар болсам, комедиялық кейіпкерді ойнау өте қиын. Рөл өзіңнің жаныңа жақын болуы керек. Жыла десе – жылап, күл десе – күлу – шеберлік. Бүгінде театрдағы Есболғанмен әріптес болған әртістер кейбір рөлдерді «Апырай, мынау нағыз Есболғанға келетін рөл екен» десіп жатады. Есболған «Аңсаған менің әнімсің» қойылымындағы өзі сомдаған Сейіт рөлін тұңғыш баласындай жақсы көретін. Тіпті Сейіттің рөлінде киген киімдерін үйге әкеп қоятын. Екеуміз де өнер адамдары болғаннан кейін кейде үйде репетиция жасаймыз, рөлдерімізді жаттаймыз. Дастарқан басында отырып, рөлдерімізді жиі талқылайтынбыз. Сондағы менің есімде қалғаны, көбіне Есболған: «Менің жолымды ылғи орыс режиссерлері ашады» деп отыратын. Расында да, Модевский, Утеганов, Пашков секілді орыс режиссерлері басқа актерлер қиюын келтіре алмай жатқан рөлдерді ылғи Есболғанға беретін еді. Бөліп-жаратын түгі жоқ, Есболған эпизодтық рөлдің өзін жарқыратып шығаратын.

Есағаң өмірден өткенде, жүрегінен жыр арнаған актер Омар Қиқымов: «Өз жалыны өзін шарпып кей-кейде, Жас таланттар көз жұмады ертерек» деп егілген еді. Иә, Есболған Жайсаңбаев бар болғаны 43 жыл өмір сүріп, ара-тұра сыр бере бастаған жүрек ақыры тоқтап тынды. Ақ пейілді аңқылдақ азамат жан жары Салихаға ұлдары Мұхтар, Шыңғыс, Нарланды аманат етіп кете барды. Әкенің рухын қастерлеп, атына кір келтірмей өскен ұлдары бүгінде ел ағасы атанып, өз қызметтерін адал атқарып, аяулы аналарына немере, шөбере сүйгізіп отыр. Таяуда талант иесінің мерейтойына орай актердің туған жері Қапал елді мекеніндегі мектепке Есболған Жайсаңбаевтың бюсті қойылмақ. Бұған дейін аталмыш мектепке актердің аты берілген еді. Сондай-ақ жақын күндері Есағаңның өмірдегі, өнердегі жолынан сыр шертер фотоальбом мен кітап жарық көрді. Өзіне бұйырғалы тұрған бұйымды өзгеге ұстата салатын ақкөңіл, бала мінезді Есағаңның торқалы тойын абыроймен атап өтуге аянбай қол ұшын берген атқамінер азаматтарға, Алматы облысы әкімдігіне, өнер жанашырларына, замандас достары мен әріптестеріне Жайсаңбаевтар әулеті шексіз алғысын білдіреді.

Қазақ сахна өнеріндегі алғашқы толқынның өкілдері Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Шәкен Айманов сынды қалың халықтың ортасынан шыққан, далалық өнерді терең меңгерген әрқайсысы бір-бір театр іспеттес тұлғалар еді. Осы толқынның өкшесін басқан Нұрмұқан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Сейфолла Телғараев, Таңат Жайлыбековтей өнерпаздар да осал емес болатын. Осынау ұлағатты ұстаздардан тәлім алған Есболған Жайсаңбаевтай сахна тарланы да барша қазақтың мақтанышы болып өмірден өтті. Бүгінгінің «шуылдақ шоу» күлкісінен шаршаған есті көрермен кешегі Жайсаңбаев сыйлаған жайдары қазақы күлкіні сағынады. Белгілі жазушы Рымғали Нұрғалиевша айтсақ, «мұрнына дейін күлетін актер» Есболған Жайсаңбаев сынды өнерде қалдырған іздері сайрап жатар таланттардың бейнесі таспаларда ғана емес, халқының жүрегінен өшпей, жас ұрпаққа өнеге болып, қазақ өнерімен бірге жасаса беруі тиіс.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста