Көптеген адам баласының өмір сүру тәртібі, қағидасы, тіпті тұтынатын заттары да бірдей. Оларға ұқсамайтын, ойымен де, тіршілігімен де оқшауланып тұратын адамдар бар. Олар – көбіне ерекше жаратылыс иелері, дарынды тұлғалар. Өмірінің әр сәтін аялап, пайдалы іспен ғана айналысуды мақсұт еткен жандар көп емес. Қазақтың бағына бұйырған айрықша адамның бірегейі – математик ғалым Асқар Жұмаділдаев. Ол кісінің ұялы телефон ұстамауының өзі қызық. Себебін білу үшін үйіне хабарласқанымызда, ағамыз тұтқаны өзі көтеріп, сұрақтарымызға жедел жауап берді.
– Асқар аға, білуімізше, сіз ұялы телефон ұстамайсыз. Неге? Зияндылығына мән бергендіктен бе?
– Меніңше, ешқандай зияны жоқ. Бәлкім, бар да шығар, білмеймін. Дүниеде керек емес нәрсе көп қой. Керегі жоқ затты ұстап не істеймін?! Басқалар ұстаса, ұстай берсін, онда не шаруам бар?!
– Сізді іздеген адам қалай табады?
– Менің жүретін үш-ақ жерім бар: академия, университет, үй. Іздеген адам осы жерлерден тауып алады. Беталды еш жаққа бармаймын. Керек қылған адам жердің астына түсіп кетсем де, тауып алады.
– Сонда өмірі ұялы телефон ұстаған жоқсыз ба?
– Аса бір қысылтаяңда қызым телефонын «белгілі уақытта тауып алатындай болайын» деп беріп қояды. Қай тетікті басуым керектігін айтып, қосып береді.
– Тағы не нәрсені керек етпейсіз, ұстамайсыз?
– Мысалға не?
– Мысалы, көлігіңіз бар ма?
– Көлігім бар, Бауыржан Оспанов деген кәсіпкер жігіт: «Аға, жұрттың бәрі мініп жүрген көлікті сіз мінбесеңіз ұят болады», — деп сыйлаған еді.
– Ал ұялы телефон сыйласа, ұстайсыз ба?
– Оны сыйлағандар көп болды. Жиендерім көп, солар, қыздарым, ұлдарым алып кетіп қалады.
– Компьютер не ноутбугыңыз міндетті түрде бар шығар?
– Компьютерім бар, әрине. Компьютер болғанда, ең кереметі менікі. Windous ұстамаймын. Оның түкке керегі жоқ. Жұрттың барлығы соны алатын себебі – дүниедегі ең ақымақ программа сонда, өйткені вирус көп болады. Арзан ғой. Оны әр жарты жыл сайын ауыстырып тұруың керек.
– Сонда сіздің компьютеріңіз қандай?
– Macintosh.
– Антивирустық бағдарлама алмайсыз ғой, демек?
– Macintosh-та вирус жоқ қой. Ол – қымбат компьютер. Жұрт оны ермекке ұстамайды. Оны кәсіби мамандар ғана ұстайды. Ал елдің көбі компьютерді ермек үшін, ойыншыққа, дінге, порнографияға, оңбаған сайттарды көруге ұстайды. Мұнда ондай ештеңе жоқ. Тек ғылыми дүние, ғылымнан басқаға ұстамаймын. Басқаның бәрі қызық емес.
– Интернеттің игіліктерін пайдаланып жүрген адам ретінде айтсаңыз, интернет мәдениетті ұрпақ тәрбиелей ала ма?
– Пышақтың пайдасы бар ма, жоқ па?
– Пайдасы бар.
– Жоқ, пышақтың пайдасы жоқ, адам өлтіруге болады онымен.
– Пайдасы да, зияны да бар ғой.
– Е, солай деп айт. Пышақ кімнің қолында және онымен қалай жұмыс істейді, соған байланысты. Пышақ хирургтің қолында болса, адамның соқырішегін кеседі, демек, пайдасы бар. Ал баскесердің қолында болса, адам өлтіреді, пайдасы жоқ. Интернет те солай. Мен білетін бағдарламаның 99 пайызын адамдардың барлығы ақымақ тірлікке пайдаланады. Электронды пошта ұстасаңыз, сізге спам келеді. Спам – күл-қоқыс деген сөз. «Ананы-мынаны сатып ал. Сен мынадай премия ұттың! Мынадай қоғамның академигі болдың, лауреат болдың!» деген сынды ақымақ бағдарламалар келеді. Неге? Өйткені бізде ақымақтар көп. Ебін тауып, алдап-сулап, солар ақша табады. Интернет те пышақ сияқты. Дұрыс пайдалансаңыз, оның пайдасы орасан зор. Өкінішке қарай, бізде дұрыс пайдалануды білмейді. «Интернет аштық, мектепте жүйе құрдық» деп құр мақтана береміз. Барлығы – бос сөз. Өйткені ел керекті ақпаратты қай сайттан кіріп алуды білмейді. Көбісі реферат қана көшіреді. Одан басқа қаншама кәсіби қоғам сайттары бар. Мысалы, математикалық қоғамның сайты. Бірақ оған кім көрінгенді кіргізбейді. Кіру үшін тіркеліп, ақысын төлеу керек. Мен тек қана сондай сайттарды пайдаланамын. Кино көрмеймін, музыка тыңдамаймын. Ол босқа уақыт құртады. Одан радио тыңдағаның пайдалы.
– Ақпарат жетістіктерін дұрыс пайдалана білмеуімізге не себеп? Адамның өзіне байланысты ма, әлде білім жүйесіне ме?
– Ешкімге үйретудің керегі жоқ. Адамның өзінің басы істеуі керек. Абайдың «Ақсақал айтты, бай айтты, кім болса, мейлі сол айтты» деген сөзі бар. Ақылмен істесең, табасың. «Анау айтты, мынау айтты» деп далақтап жүре берсең, не болады?! Негізі, білгенге интернет – керемет қару.
– Электронды поштаңыз бар ма?
– Бар, керек кезде пайдаланамын. Көп информация шығып тұрса, өшіріп тастаймын. Ақпарат қысқа болу керек. Кез келген ой екі сөйлеммен жеткізіледі. Егер ондай болмаса, оның екі түрлі себебі бар: 1. Ақпаратың қате; 2. Әлі ойланып үлгерген жоқсың.
– Рақмет, аға, уақыт бөлгеніңізге.