Елді мекендер атауы түгелдей қазақыланады
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған деп саналатын оңтүстіктің өзінде мұрты кертілмеген мәселелер жетіп-артылады. Әсіресе қазақша атауларға байланысты. Облысты былай қойғанда, қаланың өзі кеңестік кезеңнен қалған атауларға толы. Карл Маркс, Энгельс, Тельман атты ауылдар тіс батпайтын кәрі сүйектей әлі сүрленіп келеді. Жуырда облыстық әкімдікте жылды қорытындылаған облыстық тілдерді дамыту басқармасы ақжолтай хабар айтып, қуантып тастады.
Биылғы жылдың үлесінде облыстың түкпір-түкпіріндегі елді мекендердің атаулары толықтай, яғни 100 пайыз қазақшаланбақ екен. Қазаққа да, Қазақстанға да бір тиын пайдасы тимеген өзге атаулардан арылатынымыз, әрине, қуантады. Соның бір парасы іспеттес, бас жоспарға сәйкес, биылғы қадасы қағылғалы отырған ықшамаудандардың біріне «Сауран» деген атау беріліпті. Енді алақайлаудың да ауылы алыс емес сыңайлы. Облыстағы 4 қала, 11 аудан, 186 ауылдық округ, 879 елді мекеннің бәрі де қазақыланса қанекей, әйтпесе америкаланудың аз-ақ алдында қалып едік...
Балқия КӨМЕКБАЕВА, Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы:
– Бүгінгі күні 16 елді мекеннің атын өзгерту мәселесі өткір тұр. Жақында ғана Парламентте «Ономастика туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Екі-үш ай көлемінде аталмыш заң күшіне енбек. 16 елді мекеннің мәселесі сол шақта тез арада шешімін таппақ. Қуанарлығы, биылғы жылдан қалмай Оңтүстік Қазақстан облысындағы елді мекен атаулары 100 пайыз қазақшаланатын болады.