Ел жанына үңілген...
Жуырда жазушы-публицист Сейітқазы Досымовтың «Күз демі» деген атпен таңдамалы шығармаларының жаңа кітабы жарық көрді. Артында қалған мұрасын жинақтап, баспаға әзірлеген ұрпақтары бұл жинақты қаламгердің 65 жылдығына орай шығарып отыр.
Көлемі 30 баспа табақтан асатын, 500 бетті құрайтын қалың кітапта өмірден ерте кеткен дарынды прозашының бірқатар әңгімелері мен хикаяттары топтастырылған. Қазақ әдебиеті мен журналистикасында өзіндік айшықты қолтаңбасын қалдырған қаламгердің шығармашылығы кезінде оқырмандар тарапынан жақсы бағаланған. Көзі тірісінде төрт-бес кітабы жарық көрген жазушы, республикалық әдеби байқауларда қатарының алды болып, өз биігін бағындырған. Ол прозаға негізінен журналистика арқылы келген. Ол университетте оқып жүрген кездерден-ақ белді басылымдардан көрініп, журналистік қарым-қабілетін ерте аңғартты. Жас кезінен өз мамандығына ширақтық таныта білген ол «Лениншіл жаста» Сейдахмет Бердіқұловтың, «Қазақ әдебиетінде» Шер-ағаң – Шерхан Мұртазаның білікті мектебінен өткен жан-жақты шебер журналист болып қалыптасты. Баспасөз саласындағы қызметінің арқасында арнайы іссапар барысымен ол Қазақстанның көптеген аймақтарын аралап, елдегі қарапайым еңбек адамдарының тынымсыз өмірінен талай тамаша очерктер жазды. Ол кездерде кеңес идеологиясының дәуірі жүріп тұрса да, Сейітқазы әр шығармасының астарынан қазақтың болмысын іздеді. Елдің ішінде көп болды, ауыл адамдарының жанына үңіліп, жастарға жақсы өмір сүруді, адал жүруді, еңбекпен тер төгуді насихаттады. Қазаққа белгілі қаламгер ағаларынан алған тәлім-тәрбиесі мен өрісті өнегесі оның кейін қаламы ұшқыр қаламгер болып қалыптасуына айтарлықтай әсер етті.
Жаңа шыққан «Күз демі» жинағына алғысөзін жазып, автор хақында жылы пікір білдірген белгілі қаламгер, мемлекеттік сыйлықтың иегері Дүкенбай Досжан жазушының әңгіме, очерк сияқты мөлтек жанрының шынайы шебері болғандығына тоқтала келе, оның хикаяттарының өз алдына бір төбе екендігін айтады. Марқұмның көзін көрген, онымен етене жақын араласқан қаламдас, әріптестерінің айтуынша жазушы Сейітқазы Досымов тумысынан қарапайым, әділ де шыншыл, қажет тұста қайрат таныта білетін абзал азамат болған. Нені жазса да жеріне жеткізе алатын, бір жазғанын қайта-қайта шимайламай бір отырыста, бір деммен жазатын әрі өз оқырманын сендіре алатын сыршыл қалам иесі бола тұра марқұмның әдеби мұрасы дер кезінде лайықты дәрежеде насихатталмай қалғаны шындық.
Қазіргі уақытқа дейін марқұмның әр жылдары біраз прозалық кітаптары мен бір ғана очеркі жарық көрген. Ендігі кезекте оның журналистикадағы қолтаңбасын танып-білу үшін, баспасөзде әр жылдары жазылған үздік мақалаларын, қызықты очерктерін өз алдына бір жинақ етіп шығаруды қолға алу керек те шығар. Десек те «артында өлмейтұғын сөз қалдырған» қаламгер шығармашылығы іздеушілерінің арқасында қазақ оқырманымен қайта қауышып, ұлт әдебиетіндегі өз орнын айшықтай түсуде.
Марқұмның «Күз демі» кітабын қолға алып тұрып «Жақсының атын асқақтатқаннан халық ұтылмайды. Жазушының сөзі өз оқырманына жетсін десек, өзіміз оқыған кітапты өзгелерге де оқыта білейік», – деген ой түйдік.
Сейітқазы ДОСЫМОВ:
– Шеңгел де жерінде шуласын дегендей, әр адам өзінің сүйген кәсібін қамдасын... Дүниені ұмытып істеген шаруа ғана кәсіби шеберлікке жеткізеді, кәсіби шебер ғана өз өмірінің биігіне шыға алады.
Өмірдерек
Сейітқазы Досымов 1943 жылы Талас ауданы, Үшарал ауылында туған. Орта мектепті тамамдаған соң Шымкенттегі сауда техникумында оқыған. Бұдан соң 1966 жылы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің (бұрынғы С.Киров атындағы ҚазМУ) журналистика факультетін бітірген. Студент кезінен баспасөзге араласып, ұзақ жылдар «Лениншіл жас» («Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген.
Жазушы-публицист ретінде ерте танылған С. Досымовтың қаламынан туған «Директорлар», «Ащы мен тәтті» повестері кезінде ҚР Баспасөз мемлекеттік комитеті мен «Жалын» баспасының дәстүрлі шығармашылық байқауларында бірінші жүлдеге ие болған. Кезінде Жоғарғы Кеңестің арнайы грамотасымен марапатталған. Қаламгер1997 жылы дүниеден озды.
Мағира ҚОЖАХМЕТОВА, жазушы:
–Мен Сейітқазымен бірге оқыдым. Біздің курстан бүгінде есімдерін ел білетін небір майталмандар өсіп шыққан. Олардың алдыңғы қатарында қазақтың талантты ақындары Жарасқан Әбдірашев пен Қаржаубай Омаровтан бастап Ырым Кененбай, Құрманғазы Мұстафин, Сүлеймен Тоқсанбаев, Тынышбек Дайрабаев сынды белгілі қаламгерлер бар. Біздің арамыздан Сейітқазы ерте танылғандардың бірі болды. Көпшілігіміз Алматыдағы мықты газет-журналдардың босағасынан аттай алмай, есігін аша алмай жүрген кезімізде оның очерктері мен түрлі тақырыптағы мақалалары баспасөз беттерінен жиі көрініс тауып тұратын. Өз мамандығына ерте бейімделген ол университетте оқып жүрген кезден-ақ «Лениншіл жасқа» жұмысқа қабылданған. Сейітқазының кез келген шығармасынан қазақтың қаймағы бұзылмаған таза тілінің шұрайын сезуге болады. Әр туындысы жеңіл оқылып, қарапайым көрінгенімен оның астарында терең ой мен мәнді мазмұн жатады. Алдағы уақытта марқұмның шығармаларын негізге ала отырып, драмалық қойылымдар мен кинофильмдерді түсіру жағын да ойласу қажет сияқты. Бұған жазушы шығармашылығының потенциалы жетеді деп сенемін.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ, өлкетанушы ғалым, публицист:
– Сейітқазымен ең алғаш 1965 жылы танысып, кейін шығармашылық жолда бірге жүрдік. Студент кезімізде жатақханада бірге тұрып, кейін бірге пәтер жалдап қиын да қызық талай күндерді бастан кешірдік. Оның өзге қатарластарынан ерекшелігі анық байқалып тұратын. Ойы салмақты, сөзі мығым, мінезі де байсалды болатын. Шығармалары да нағыз қайнаған өмірдің ортасынан ойып алынған, шынайы көріністерге толы біртұтас дүние болды. Ол журналистика саласында очерк жанрының майталманы болды. Оның көркем әдебиетке қосқан үлесі де салмақты еді. Бұрынырақта жарияланатын арнайы жабық бәйгелердің бірнеше мәрте жүлдесін жеңіп алып, шынайы шығармаларының арқасында айналасына өзін мойындата білетін. Өмірде қандай адал болса, шығармашылығында да сондай шыншыл болды. Әттең, өмірі тым қысқа болмағанда, оның қаламынан әлі де талай үлкен шығармалар туар ма еді... Сейітқазының көзі тірісінде жарық көрген кітаптарының ішінде 1972 жылы басылған «Директорлар» деп аталатын повестер мен әңгімелер жинағы әдеби орта мен оқырмандар арасында жылы қабылданды. Қазіргі кезде марқұмның отбасы мен қаламдастары оның мұраларының бүгінгі ұрпаққа жетуіне атсалысып, біраз игі іс-шараларды қолға алуда.