Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Исатай мен Махамбет: ізденістер, зерттеулер, көзқарастар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Төл тарихымызды таразылап, ақиқатты ашып айтуды көздеген бұл шараға Отан тарихының мүйізі қарағайдай көрнекті өкілдері қатысып, баяндама жасады.
Махамбет Өтемісұлының туғанына – 210 жыл, Исатай Тайманұлының туғанына 222 жыл толуына орайластырылған конференция облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Исатай-Махамбет» қоғамдық қорының және Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының ұйымдастыруымен өткенін айтуымыз керек. Конференцияның пленарлық мәжілісінде сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов азаттықты көксеген қозғалыс бүгінгі Тәуелсіздігіміздің бастауында тұрды деп баға берді.
– Құрметті конференцияға қатысушылар, ұлтымыздың айбыны Исатай мен Махамбеттің ерлігін насихаттауға арналған үлкен ғылыми шара, жалпы, Батыс Қазақстан өңірінің рухани өміріндегі елеулі оқиға деуге болады. Осы шарада жаңа тұжырымдар, жаңалықтар естиміз деген сенімдемін. Өткенді түгендемей, болашаққа көз жүгірту қиын. «Бұл көтеріліс бізге не берді» деген сұрақтың да жауабы осы шара барысында беріледі деп есептеймін. Көрнекті тарихшы Н.Савичев Исатай батыр туралы былай деген екен: «Қара түнекте жарқырап ағып өтетін метеор жұлдыз болады. Исатай сондай жұлдыз еді. Ол да өзінің ғасырында жарқ етіп жанып, артынан жоқ болды». Енді келешек ұрпақ тарихымызды түгендеп, осы батыр бабалардың ерлігінен тәлім алса екен деген тілегіміз бар. Конференция сәтті өтсін, – деді Серік Жамбылұлы.
XIX ғасыр – Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстың қазаны бұрқ-сарқ қайнаған уақыт. «Бодан болмаймыз» деп ереуіл атқа ер салған Махамбет пен Исатай бастаған Кіші жүздегі көтеріліс отаршыл орыс билігін ойлануға, қалың қазақ мүддесімен санасуға мәжбүр етті. Арада екі ғасыр өтсе де, «қара қазан, сары баланың қамы үшін» егеулі найза қолға алған қас батырлардың өмірі, талайлы тағдыры бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде тарих ғылымының докторы Ханкелді Әбжанов «Махамбет мұрасы және ұлт-азаттық қозғалысы», тарих ғылымының докторы Мәмбет Қойгелдиев «Исатай Тайманұлы бастаған азаттық қозғалысы және оған бүгінгі көзқарас жөнінде», жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әнес Сарай «1816 жылғы Өтеміс оқиғалары: тарихы мен кейінгі зардаптары», филология ғылымының докторы Сейіт Қасқабасов «Махамбеттанудың өзекті мәселелері» тақырыптарында құнды баяндамалар жасады. Қазақ драма театрына жиылған зерделі қауым башқұртстандық қос ғалым Шамил Нафиков пен Андрей Трегубовтың, жерлесіміз, тарих ғылымының докторы Тұяқбай Рысбековтің, ақтөбелік ғалым Алтай Тайжановтың баяндамаларын да қызығушылықпен тыңдап, жылы қабылдады.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ, тарих ғылымының докторы:
– Исатай-Махамбет қозғалысы секілді халықтың әлеуметтік теңдігін, әлеуметтік әділдікті көздеген қозғалыс болмаса, біздің бүгінгі Тәуелсіздігіміздің деңгейі де дәл қазіргідей болмас еді. Бұл – халықтың рухани, саяси дамуын биік белеске көтеріп кеткен көтеріліс. Әрине, Жәңгір хан – өз заманында біраз елеулі өзгерістер жасаған адам. Бірақ іс-әрекеті қарама-қайшылыққа толы күрделі тұлға. Орыс патшасы мүддесіне қызмет істеген. Ал Махамбет пен Исатайдың ойлап жүргені – қара халықтың қамы. Қалай дегенде де тарихқа объективтілік керек. Ақты ақ, қараны қара деп нақты көрсеткен кезде ғана ақиқат салтанат құрады.
Шамил НАФИКОВ, филология ғылымының кандидаты (Уфа, Башқұртстан):
– Батыс Қазақстан – башқұрт еліне ең жақын орналасқан өңір. Бұл – бір ұқсастық. Екінші ұқсастық – қазақ және башқұрт халықтарының қос перзенті Махамбет Өтемісұлы мен Салауат Юлаевтың тағдыры. Екеуі де отаршылдарға қарсы күрескен әрі батыр, әрі ақын. Салауат Юлаев Емельян Пугачевтің қол астында күрескен. Мен өз баяндамамда қос халықтың қаһарман ұлдарының өміріндегі ұқсастықтарды тізбелеп бердім. Алдағы уақытта бұл бағыттағы ізденіс одан әрі дами береді деп ойлаймын.
Ел ерлерін еске алды
Последние статьи автора