Ақтөбедегі қазақ театрына бөлек ғимарат керек. Бұл әңгіме көптен бері айтылып келеді. Қазақ және орыс труппалары бір шаңырақтың астында 21 жылдан бері бірге өмір сүріп келеді. Осы уақыт аралығында өнерге шын жаны ашитын азаматтар қазақ театрына ғимарат қажеттігін қайта-қайта көтерумен келеді.
Білетіндердің айтуынша, қазіргі драма театрының отырған ғимараты кезінде Александр Невскийдің шіркеуі болған деседі. Биыл халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры қазақ труппасының құрылғанына 21 жыл толды. Қазақи салтқа салсақ, әлдеқашан «он үште отау иесі болғаны» дұрыс еді. Бірақ олай болмады.
Қаламызда екі-үш жыл сайын, тіпті бес жыл сайын дейік, кем дегенде бір-екі бизнес орталығы не сауда орталықтары бой көтереді. Облыс құрылыс қарқыны жөнінен алдыңғы қатарда тұр. Дегенмен қазақ театрына бөлек ғимарат салу мәселесі әлі сол мәселе күйінде қалып отыр.
Ақтөбе – еліміздегі өнер мен мәдениеттің, әдебиет пен драматургияның ошағы болуға лайық өлке. Бұл жер – бүкіл қазақ мәдениетін үйіре алатын ұйытқы боларға лайық жер. Бірақ ұлттық ән мен күйдің, бидің, жырдың, тілдің, ділдің нағыз қарашаңырағы болуға тиіс қазақ театры жоқ.
Осындай «бірақ» пен «алайдалардан» аяқ алып жүре алмайсыз. Құжаттарға сүйенсек, Т.Ахтановтың есімі кезінде Ақтөбе облыстық қазақ драма театрына берілген. Бірақ «қазақ» деген сөз кейін түсіп қалыпты.
Ақтөбелік қаламгер Марат Мырзағұлдың «Тахауи театры тарихынан» кітабының мұрағат құжаттарына сүйеніп жазған тұстарында былай делінген: «Ақтөбеде Құдайберген Жұбановтың, Жиенғали Тілепбергеновтің мұрындық болуымен 1926 жылдың 4 қаңтарында «Еңлік – Кебек» қойылады. Республикалық жасөспірімдер театры, яғни бүгінгі Ғ.Мүсірепов атындағы республикалық балалар мен жасөспірімдер театры Ақтөбеде ең алғаш рет 1933 жылы 30 наурызда Ақтөбе теміржолшыларының клубында шымылдығын ашты. Бұл театр алғаш рет тек орыс тілінде сөйледі. Мұнда 1935 жылдан бастап қазақ труппасы ашылып, кішкентай көрермендерге арнап өнер көрсете бастайды. 1949 жылдың 24 сәуірінде қазақ драма театры жабылды».
1949 жылы жабылып қалған қазақ драма театрын ашу жөнінде сөз қозғалғанымен, жергілікті билік 1964 жылдың қаңтарында өлкелік орыс драма театрын ашты. 80-жылдардың аяқ шенінде Ақтөбе қаласында облыстық қазақ драма театрын ашу жөнінде батыл пікірлер айтыла бастады. Облыстық атқару комитеті 1991 жылы облыстық қазақ драма театрын ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдап, халық ағарту үйінің үлкен залы театрға берілді. 1998 жылы қазақ театрына Т.Ахтановтың есімі берілді. Көп ұзамай қазақ және орыс театрлары біріктірілді. Содан бері «екі қошқардың басы бір қазанда» қайнап келеді.
Бір табақтан тамақ жеген екі адамның бірі аш қалады ғой. Мәселе бюджетке келіп тірелген кезде мәселенің туындары хақ. Сиам егіздері секілді қазақ және орыс труппаларының басқару қазығы бір жерде. Ал бұл — үлкен проблема.
Театр труппаларының репетиция жасауына сахнаның жетіспеушілігі – тағы бір мәселе. «Қазақ труппасының аптасы», «орыс труппасының аптасы» деп, ай апталарын труппаларға бөліп, алма-кезек дайындалған кездер де болған. 2010 жылы, шүкір, ескі ғимарат жөндеуден өтті. Бұрын репетицияға арналған бөлме бүгінде 20 көрерменге арналған кіші залға айналды. Бірақ бәрібір қандай зәулім сарай болса да, үй үстіне үй тігу дұрыс тірлік емес.
Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинованың айтуынша, қазақ театрының жеке ғимаратын салу мәселесі 2014-15 жылдарға қарай шешілуі керек.
— Ғимарат құрылысын бастау үшін алдымен жобалау-смета құжаттарын әзірлеу керек. Бұл мәселе аумақтық даму бағдарламасына 2014-15 жылдарға енгізілген. Жобасы ұсыныс ретінде дайын тұр. Егер 2014 жылы театр құрылысының негіздемесі және жобалау-сметалық құжаттамасы дайын болса, оны 2015 жылдың бюджетіне енгізеді деп ойлаймын, — дейді ол.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА, театртанушы:
— Ақтөбеде драма театрының ашылғанына 21 жыл толды, әлі басында жеке баспанасы жоқ. Мұның бір шаңырақта отырған екі театрдың толыққанды жұмыс істеуіне зиянын тигізіп отырғаны – шындық. «Жаңа ғимарат салынады» дегелі бірнеше жыл болды, әзірше өзгеріс жоқ. Т.Ахтанов атындағы қазақ театры ұжымына Батыс Қазақстан облыстық театры сияқты жарқыраған ғимаратта шығармашылық ізденіспен, тұрақты репертуармен жемісті жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Репетиция жасау үшін кезек күтіп жүргендері. Бұл актерлік труппаның босаңсып, жұмысқа енжар қарауына әкеліп соқтырады. Ақтөбе театрының шығармашылық деңгейінің өсуіне де кері әсерін тигізіп отыр деп ойлаймын.
Екі театрдың басы бір сахнаға сыя ма?
Последние статьи автора