Қазіргі кезде өнерде, әсіресе эстрадада «жұлдызды жұп» деген тіркес те жиі қолданылады әрі әйелі мен ері жұптасып, ән айтушылар да көп. Сондай-ақ біздегі кейінгі жылдары екі саланың танымал тұлғаларын жұптастыратын «Екі жұлдыз» жобасына өздеріңіз куә болып жүрсіздер. Мұндай өнер жұптастырғандар бөлек те, бір ананың құрсағынан шығып, ақ сүтін емген ағайынды жандардың ішінде тек өнерге ғана емес, әдебиетке, жалпы руханиятқа тізе қосып, өле-өлгенше қатар еңбек сіңіргендердің жөні бір бөлек. Дөңгеленген дүниеде бұған мысал боларлық тұлғалар аз емес.
Әлемді аузына қаратқан ағайындылар
Бала күніңізде «Жеті лақ», «Балықшы мен балық», «Ақшақар», («Белоснежка») секілді ертегілерді естіген шығарсыз? Міне, осы ертегілерді қағазға түсіріп, бізге қалдырған ағалы-інілі Гриммдер болатын. Ағасы Якоб – 1875 жылы, інісі Вильгельм 1876 жылы дүниеге келген әлемге әйгілі ертегішілер өз дәуірінің жан-жақты білімдар ғұламаларының қатарында болды. Олай дейтініміз, ертегіден де бөлек олар скандинав аңыздары, неміс фольклорын жинақтап, неміс халқының тұңғыш құқық тарихын, неміс тілінің тарихи сөздігін құрастырған. Сонысына қарай оларды әлі күнге «неміс филологиясының атасы» деп те атайды. Бір қызығы, олар отбасында екеуі ғана емес, бес ағайынды болған және ең кіші інілері Людвиг Гримм тіпті екі ағасынан да атағы асып, даңқты суретші атанған. Ағаларының кітаптарын суретімен көркемдеген – осы Людвиг.
Егіз қозыдай екі жақтап бір саланың бағын ашқан ағайындылардың тағы бірі – бельгиялық кинорежиссер Дарденндер. Ағасы Жан-Пьер – 1951 жылы, інісі Люк 1954 жылы туылған. Алғаш кинематографияға олар 1970 жылы бірге қадам аттаған, содан бастап күні бүгінге дейін 20-дан астам фильмнің сценарийін жазып, әрі өздері режиссер де, продюсер де болған. Сол 20 шақты туындының ішінде «Екіжүзді», «Мен сіз жайлы ойлаймын», «Розетта», «Әркімнің өз киносы бар» секілді кинолары төрткүл дүниеге кең тарап, 1999 жылы «Розетта» фильмі үшін, ал 2005 жылы «Балақай» киносы үшін ағайындылар екі дүркін Канн фестивалінің «Алтын пальма бұтағы» сыйлығына ие болған.
Ал енді ағайындылар өз алдына, егіздер болса ше? Олар тіпті бір құрсақтың өзінде бірі ерте, бірі кеш емес, анасының бойына біткен күннен қатар өсіп-өнді емес пе? Еріксіз еске поляктың егіз ұлдары, кішкентай күндерінен-ақ бірігіп «Айды ұрлаған екеу» (13 жасында түскен фильмдерінің аты) түседі. Араларына 45 минут салып дүниеге келген Ярослав пен Лех Качинскийлерге тағдыр өмір бойы Польшаның қақ назарында жүруді бұйырыпты. Алғаш киномен жұртты аузына қаратқан егіздер кейін елдерінің саяси өмірінің жұлдызды жұбына айналып, інісі Лех тіпті Польшаның президенті болып көз жұмды.
Алашқа біткен ағайындылар
Бір анадан, бір әкеден туған дарындар қазақта да жетерлік... Басқа сөзбен айтқанда, қос бірдей өнерліні жарық дүниеге алып келген алтын құрсақ аналар бір болса, қазақтың аналарындай-ақ болсын! Қазақтың балаларына тән қасиет – қашанда үлкенi кiшiсiне жол сiлтеп, бауырлардың бiр-бiрiне тiрек болып отыратыны. Мұндай қарым-қатынастың ең жарқын үлгісі ретінде әлі күнге киноларын тамсана тамашалап, «пах, шіркін, ондай режиссер, ондай тұлға қайталанбайды ғой» деп еріксіз айтатын Шәкен Айманов пен інісі Кәукен Кенжетаевтың арасында болғаны белгiлi. Бiр отбасында тай-құлындай тебiсiп, тел өскен Шәкен мен Кәукенге шыр етiп жерге түскеннен-ақ бойларына өнер дарып, онымен еншiлес туды десек, қателесе қоймаспыз. Бұлай деуiмiзге түрткi болған олардың ұлттық мәдениетiмiзден ойып алған орындары. 90-ға толып дүниеден озған Кәукен ағамыз көзі тірісінде баспасөзге берген бір сұхбатында: «Шәкен екеумiздiң арамыз екi-ақ жас едi, ол 1945 жылы киноға келдi де, бар ғұмырын сол кино өмiрiне арнады. Ал мен әншiлiктi мирас еттiм. Екеумiздiң ұстаған бағытымыз өнердiң екi қанаты десек те болады. Көбiсi менен «Шәкен саған өнерде ақыл-кеңес берiп, жол сiлтеп отырған шығар?» – деп сұрайды. Шәкен мен туралы: «Талантты, дарынды, басында миы болса, адам болады. Басында ештеңе болмаса, түкке де жарамайды» деген едi», – деп еске алған жері бар. Әсіресе «Гауһартастағы» сондай қарапайым, бірақ нағыз қазақы болмысты әке бейнесін керемет шебер сомдаған Кәукен атамыз негізінен киноға кенжелеу келген, ал әу баста нағыз қоңыр дауысты әнші болған. Ал алғаш Кәукендей әншінің бойындағы нағыз өнерді байқап, болашағынан үміт күттіретінін бірден тап басып айтқан Мұхтар Әуезов болыпты. 1946 жылы Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсында Жанботаның рөлін орындап шыққан жас жігітті байқаған ұлы жазушы қойылымның бас режиссері Құрманбек Жандарбековтен: «Мына бiр жас жiгiт қайдан келген? Жанботаның рөлiн әжептәуiр ойнап жүр, болашағы бар адам ғой деймiн өзiнiң», – деп сұрайды. Сонда Құрекең: «Ойбай-ау, Мұха-ау, Бұл Шәкеңнiң iнiсi Кәукен ғой. Бiзге жақында армиядан келген», – депті. «Е, олай болса, Құрмаш, сендерде жас әртiстерiңнiң өзi қазiр аз ғой. Осы жастарға жәрдем берулерiң керек. Қолдауың керек. Өсiруiң керек. Мына баладан бiрдеңе шығады-ау деген ойым бар», – дептi Мұқаң.
Осы толқынның соңын ала өнерге келген тағы бір ағайындылар – Досхан мен Ерік Жолжақсыновтар. Театр саласына да, киноға да қызмет етуші ағалы-інілі екеуінің бірге түскен киносы да бар. Көрген шығарсыздар? «Қош бол, Медеу!» фильмінде Роза Рымбаева Әлия Мұратбаева және Раушан сынды екі бірдей әпкелі-сіңлілі қызды сомдағанда, соларға ғашық ағайынды екі жігіттің үлкенін – Досхан, кішісін Ерік Жолжақсынов ойнаған еді ғой. Ағайынды екеу, міне, содан бері өнерде қатар жүріп қана қоймай, оған айтарлықтай үлес қосып жүргеніне оқырман, өздеріңіз куә. Бір қызығы, бауырым екен деп Досхан ағасы Ерік інісін ерте бермейді, яғни бұра тартатынға ұқсамайды. Мәселен, Досхан ағамыздың режиссерлігімен түсірілген «Біржан салдан» Ерік Жолжақсыновты көргеніміз жоқ. Осының мәнісін сұраған бір журналистің сұрағына Ерік Жолжақсынов: «Киноға актерлер таңдауға және тағы да басқа жұмыстарға араласқаным рас. Ағам Досханның өзі де: «Неге сол киноға түспедің?», – деп сұрап қояды. Біріншіден, «Біржан салдың» түсірілімі «Прыжок Афалины» фильмінің түсірілімімен қатар жүрді. Болат Әбділманов екеуміз қалжыңдасып жүреміз. Оның айтуынша, Досхан: «Ерік Жолжақсынов менің актерім емес», – депті. Кейде ағама: «Сізді жамандап сұхбат беремін. Мені бір рөлге шақырмадың...», – деп қалжыңдаймын. Екіншіден, ол кісінің актерлері өзінде болғандықтан, «Біржан салдың» сценарийін жазып отырғанда автор ретінде де, режиссер ретінде де маған сай образ көрмеген болар. Мен оған ренжімеймін. Егер қалайда мені басты рөлге тықпаласа, кино сәтсіз шығар еді. «Мына рөлді маған берші» деп айтқан жоқпын. Себебі мен ол кісінің режиссерлік көзқарасын сыйлаймын», – деп жауап берген. Міне, туыс пен тұрмыс деген ұғымнан өнерді биік бағалай білетін бауырлар осылай десе керек-ті.
Түйін
Ағалы-қарындасты Рамазан, Сандуғаш Стамғазиевтер, ағайынды Мұрат, Талғат Әбуғазылар, апалы-інілі Алтынай, Талғат Жорабаевтар т.б өнерпаздар баршылық, шүкір, саусақпен санап тауысарлықтай ғана емес. Мақсат – оларды санамалап, статистика шығару емес, өмірде кездесетін осындай да бір тылсым құдіретке бір сәт ой жүгірту. Бір ана, бір әкеден туғанымен, өмірге деген көзқарас, мақсат-мүдделері бір арнада тоғысып, бір үміттің отын жағатындар сирек ұшырасады. Немесе арман-мақсат бір болғанымен, қарым-қабілет бірінде болса, бірінде болмай қалуы мүмкін. «Бір атаның баласындай» деп қазақ текке айтпаған. Бұл сөз татулықтың, бірліктің жарасымдылығына тәнті болғанда айтылады. Ал тура мағынасында, бір үйдің екі бірдей баласы бір қолдың саласындай өмір бойы бір істің басында жүруі – Жаратқанның оларға берген сыйы. Жалғыз жүріп кейде адам өз ісінің бір жағына жетсе, екінші бір жағына жете алмай, «қап!» деп жаны қысылып та қалатын кездері аз болмайды. Сондайда бауырлардың қатар жүргені, бір-бірінің ойындағысын айтпай түсініп, істі бір қолдан шыққандай қылып, өте шебер орындағаны қандай тамаша!