Едіге Мағауин: БАҚ-тың алар асуы әлі алда
Чехия Республикасының астанасы Прага қаласы – бүгіндері 5000-нан астам қазақтың басын қосып отырған Еуропаның кіндік қаласы. Әсіресе оқу-білім іздеп келген қазақ жастары мұнда көп. Сондай-ақ «Азаттық» радиосының қазақ қызметінде жұмыс істеп жүрген журналистер де бір қауым. Қонақжай редакцияның есігі қашан да елден келген журналистер үшін ашық. Журналистерге арналған семинар күндері «Азаттық» радиосы қазақ қызметінің директоры Едіге Мағауинмен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Едіге Мұхтарұлы, халықаралық деңгейде қызмет істеп жүрген редакция менеджері әрі журналист ретінде сізге жүктелер жауапкершілік қандай? БАҚ саласының мамандары ақпаратты ұлттық және жаһандық деп қарастырады. Бұлардың айырмашылығы неде?
– Өз басым ақпаратты ұлттық не жаһандық деп бөлуді қолдамаймын. Өз елімізде не шетелде жүрсек те, хабар таратудың өз жауапкершілігі болатыны рас. Өзіміздің таңдаған, нысанаға алған аудиториямыз бар. Хабар жасаған кезде өзің нысанаға алған аудиторияның мұқтажына, солардың мүддесіне, солардың пайымдарына сай хабар құру деген – басқа мәселе. Бірақ оны ұлттық тұрғыда бөлу, мемлекеттік тұрғыда бөлу, жаһандық тұрғыда бөлу дегенмен келіспеймін.
– Дәл қазіргі дәуірді ақпарат ғасыры дейміз. Осы дәуірдің өзіне сай терминдері пайда болды. Мысалы, «электронды демократия», «телекратия» секілді ұғымдар демократиямен қатар өрбіп отыр. Сондай-ақ коммуникация теориясын зерттеуші ғалымдар демократияның мәнінен гөрі, телекратияның мәні басым деген пікір де қалыптастыруда. Телекратия, яғни телевизия мен телекоммуникациялық желілердегі, визуалдық құрылғылардағы ақпараттарға азаматтардың сенімінің артып отырғанын қалай бағалайсыз?
– Мәселе тағы сол ақпаратқа келіп тіреледі. Азаматтардың ақпаратты еркін алуға құқы бар. Демократияның басты құндылықтары да – сөз еркіндігі, баспасөз еркіндігі. Бұл аталған дүниелерді талқылаудың өзі артық. Жаңағы айтылған желілер – соны жеткізудің құралы ғана. Кешегі күні біз ат үстінде не арбаға мініп жүрген болсақ, кейін шетелдік жеңіл көліктерге міндік. Меніңше, аталған көліктің бар айырмасы – оның құрылымында. Әлбетте, бүгінгі адамның өмір сүруі, жүріс-тұрысы, талғамы тұрғысынан алғанда, толып жатқан өзгеріс бар. Бірақ құндылықтар тұрғысынан алғанда, баяғы құндылықтар бүгінгі күннің сол құндылықтары болып қала береді. Ол – адамның еркін ақпарат алуына, еркін пікір бөлісуіне және басқалардан пікір алуына толықтай құқылы болуы. Олар бұл орайда әлемдегі болып жатқан оқиғаларға қатысты көзқарастармен танысуы және содан оқшауланбауы тиіс. Тап осы жерде «жаһандану» ұғымының жағымды тұсын айтуға болар. Әлемде не болып жатқанын білу арқылы кез келген азамат өз еліндегі жағдайға шынайы түрде баға бере алады. Өз еліндегі белгілі бір оқиғаға орай түрлі көзқарасты білу арқылы сол оқиғаның үрдісін өзінше дұрыс бағамдай алады. Егер азамат ретінде мүдделі адам болса, соған сай ертеңгі күні өзі өмір сүретін, ертеңгі ұрпағы өмір сүретін қоғамның дұрыс дамуына үлесін қоса алады. Журналистердің бұл ретте атқаратын қызметі – адамдардың осы тұрғыда жауапкершілігін сезінуіне ықпал ету, қызмет ету.
– Яғни әрбір азамат ақпаратты алушы емес, соған қатысушы ретінде танылуы тиіс дейсіз ғой.
– Бәлкім, салыстыруым тұрпайылау шығар. Киім үлгісіндегі өзгеріс деген сияқты бүгіндегі журналистикадағы өзгерістердің бірі – оқырманын барынша ішке қарай тарту. Оқырман – тек сырттан бақылаушы ғана емес, сонымен қатар болып жатқан оқиғаға тікелей қатысы бар адам ретінде өзінің пікір айтушы, тіпті кей жағдайда болып жатқан оқиғаларды журналистен бұрын байқап, соны өзі секілді адамдарға немесе осы жайтты тереңірек зерттеп, жаза алатын журналистерге хабарлаушы. Осы тұрғыдан алғанда, аудиторияны сырттан бақылайтын топ қана емес, болып жатқан процестерге тікелей араласатын белсенді қауымға айналдыру.
– Едіге Мұхтарұлы, ақпараттың құндылығы жайлы пікіріңізден келесі сұрақ туындап отыр. Қазір қоғамның рухани өмірінде «медиамәдениет», «медиаөркениет» секілді ұғымдар пайда болып, ол ғылымның жаңа бағыты ретінде зерттеле бастады. Осы медиамәдениетті қалыптастыратындар да, медиаөркениетті қоғамға апаратын ықпалды күш – біз, журналистер қауымы. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ қоғамындағы медиамәдениеттің қандай бағыттарын атар едіңіз?
– Шынын айтатын болсақ, Қазақстандағы ақпарат құралдарының әлі алда атқарар қызметі, алар асулары мен асқар таудай міндеттері орасан зор. Бүгінде ақпарат құралдары дамып келе жатыр. Бірақ тиісті дәрежеде өзінің қоғамдағы қызметін толық атқарып отыр деп айта алмаймыз. Оның толып жатқан себебі бар шығар. Бірақ, қалай болғанда да, бірінші кезекте журналистердің кәсіби қызметінде жауапкершілігін сезінуі тиіс дегім келеді. Медиамәдениет мәселесіне келгенде, қазіргі күнде ақпаратты тарату мен алудың, жариялау мен жеткізудің жаңа технологиялар дамыған заманында журналистік этика мәселесі күн тәртібіне шығып отыр. Мәселен, журналистер арасындағы кәсіби этикалық талаптар көп жағдайда сақтала бермейді.
– Ал болашақта елімізде қоғамдық арнаның құрылуы, ашылуы мүмкін жағдайда сіздер қандай көзқарасты ұстанып, пікір танытар не қолдау көрсетер едіңіздер?
– Біз кез келген байланысқа, ынтымақтастыққа әзірміз. Мысалға айтайын, бұрынырақта «Азаттық» десе, атынан шошитын, ат-тонын ала қашатын жағдайлар болды. Бүгінде, құдайға шүкір, бұл жағдай өзгерді деп отырмыз. Өз тарапымыздан еліміздің ақпарат құралдарының дамуына, қоғамдық қызметін атқаруына барынша көмектесуге дайынбыз. Әр уақыт шығармашылық ынтымақтастықты қолдаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет.