Дүрілдеп дебат өтті
Шілде айында Екібастұз қаласында қала кубогына жастардың І халықаралық дебат турнирі өтіп, оған Украина, Белоруссия, Ресей мен Қазақстанның командалары қатысты. Дебатта ТМД елдерінің интеграциясы, Кедендік одақ, Қазақстанның өзге мемлекеттермен қарым-қатынасы сияқты күрделі тақырыптар талқыға түсті.
13 раундты құраған турнирде 30 команда – 65 дарынды бала бақ сынады. Мәреге екі команда – Петропавлдың «Хиппи» командасы мен Ресейдің «Да, детка!» командасы жетіп, «Хиппи» 1-орынды жеңіп алып, турнирдің абсолюттік чемпионы болып танылды. Бұл турнирде «Екібастұз-1» командасы да намысты бермеу үшін барын салып, 3-орынды қанжығасына байлады.
Турнирдің ұйымдастырушылары: «Нұр Отан» ХДП жанындағы Руслан Сейітқазин бастаған «Жас Отан» жастар қанаты және Арман Жанбосынов бастаған «Креатив» жастардың дебат орталығы. Негізгі демеуші – «Промсервис Отан» ЖШС.