«Дүниеге қайта келмес қайран Қорлан...»

«Қыз Қорлан хор қызындай тамсандырған...». Сұлулықтың символына айналған Қорлан жайындағы бұл ғажайып әнді естімеген қазақ кемде-кем шығар. Қазақтың салқар даласын көктей өтіп, әлемнің байтақ шаһарларындағы әйгілі сахналардан шырқалып, тыңдаушысын ынтық еткен өнер туындысын тудырған ақын Естай мен Қорлан сұлу арасындағы махаббат хикаяты да уақыт жылжыған сайын аңызға бергісіз болып ұрпақтан ұрпаққа жетті. Әйтсе де күні бүгінге дейін Естай Беркімбайұлы турасында айтылып та, жазылып та жүргенімен, ән кейіпкері Қорлан сұлудың кейінгі тағдыры белгісіз қалып келді. Енді, міне, тарих парақтарының көмбесі ашылып, Қорлан арудың ақ босаға аттап, келін болып түскен жұртынан сыр тарқатудың да сәті түсті.

Өткен жылдың қазан айында Естай ақынның кіндік қаны тамған жері Екібастұз ауылдық округіне қарасты Қаражар ауылында белгітас орнатылған еді. Сол жиында игі іске ұйытқы болған айтулы азамат Қуат Есімханов «келер жылы осындай белгітас Қорлан апамыздың басына да орнатылады» деп уәде берген болатын. Алаштың марқасқа ұлы айтқанында тұрды. 10 шілдеде күн шыға Павлодардан қозғалған автокеруен жолай Шарбақты кентін басып өтіп, Қазақстан мен Ресей шекарасындағы қос кеден бекетінде бір мезет ат шалдырды. Ары қарай заманында ата-бабаларымыздың табаны тиген Құлынды даласын бөктерлей, Табынды ауданын кесіп, қазақтар Шот деп атаған Славгород қаласын қақ жарып, Бүрлі ауданының аумағына да жеттік. Таспадай тартылған асфальт жол ақыры автокеруенді кезіндегі Тополский кеңшарының Притики бөлімшесіне алып келді. Притики ормандай орыстың ортасын жайлаған бір шоғыр қазақтың қонысы екен.

Притики үлкендерінің айтуынша, осы төңіректің бәрінде Қорлан апамыздың ізі сайрап жатыр. Қаранайдан 25 шақырым жерде Сұңқар, Сұлтан деп аталатын қоныстар бар. Бұл – Қорлан сұлудың өз жұрты. Ақ патша заманында болыс болып ел билеген Сұңқарбек – Қорланның әкесі Сұлтанның ағасы. Ал Қорланның ұзатылған жері – Қаранайдан 60 шақырым қашықтықтағы қазіргі Куатовка мекені. Біз ат басын тіреген Қаранай Қорлан апамыздың нағашы жұртының жері екен. Сонау зобалаң жылдары Қорлан апамыз нағашыларын сағалап келіп, осы жерде мәңгілік тыныс тапқан көрінеді. Алланың жазуы, аталарының атастыруымен дәм-тұздары жарасып өмірден сыйласып өткен Нұрмағанбет пен Қорланның артында ұрпақтары қалған. Нұрмағанбеттің ұлы Назымбектен бес ұл, бір қыз тарап, бүгінгі таңда үбірлі-шүбірлі болып, өсіп-өнуде. Келін болып түскен жерін сұлулығымен сүйсіндіріп, ақыл-парасатымен тәнті еткен Қорлан апамыз сол өңірдің салиқалы бәйбішесі атанып, күйеуі Нұрмағанбеттің сезіміне селкеу түсірмей, бұл пәниден бақиға таза аттанған.
 
Тектілерді тентіреткен Кеңес өкіметі орнаған тұста Қуатбай әулетінің мал-мүлкі тәркіленіп, ұрпағы қуғынға ұшырайды. Нұрмағанбеттің немересі, жасы бүгінде алпысқа шыққан Қанат Назымбекұлының айтуынша, атасы 30-шы жылдары жан сауғалап, Приморск өлкесіне қашады. Қуатбай әулетінің талан-таражға түскен мал-мүлкі негізінде Славгород астық кеңшары құрылса, асыл тұқымды малдан қалған түйелер сонау 60-жылдары Павлодар облысындағы Қазақстанның 30 жылдығы атындағы колхозға жіберіліпті. Құдай қосқан қосағына қашқынның күні туып, төңіректі тегіс жау көрген қызыл белсенділерден теперіш көрген Қорлан апамыз 1937 жылы нағашыларының мекенінде дүниеден өтеді. Қорлан сұлудың аянышты тағдыры осылайша тынса, ері Нұрмағанбеттің өмірі басқаша өрбиді. Фашист басқыншыларымен соғыс басталғанда майданға алынған ұлы Қабиден 1942 жылы Сталинград түбінде ерлікпен қаза тапқан соң кешірім жасалынған Нұрмағанбет еліне оралып, 83 жыл жасап, ағайын-туған арасында көз жұмады. Қорлан сұлудай сыңарынан қапылыста айырылған Нұрмағанбет атамыз кейіннен түтін түтетпей, жалғыздың күйін кешіпті.

Қаранай қорымындағы Қорлан апамыздың қабірі бүгінгі ұрпағына белгісіз. Қазақ жерінен, Баянауылдан апарылған белгітас қорым шетіне орнатылып, айналасы қызғылт түсті кірпішпен қоршалыпты. Қорлан апамыздың басына тәу етуге жиналған қауым Сайлаубек молда оқыған құран-хатымға ұйыды.

Белгітас қою сапарына бірге келген Әнес Сарай, Қойшығара Салғараұлы, Тұрсын Жұртбай, Ерлан Арын, ақын Ербол Шаймерденов, композитор Жоламан Тұрсынбаев, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Жанболат Аупбаев, Президент Әкімшілігінің бөлім бастығы Дархан Мыңбай және тағы басқалары жергілікті жұртпен ой бөлісіп, Қорлан апамыздың тағдырына қанығып, еске алу шарасының мәнді де мағыналы өтуіне ықпал етті. Танымал ғалым Ерлан Арын басқарып отырған С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ұжымының да осы белгітастың қойылуына қосқан үлесі мол. Еске алу шарасында осы университеттің ректоры Ерлан Арын, тарихшы Қойшығара Салғараұлы, Алтай өлкесі Благовещенск қазақтары диаспорасының төрағасы Сапарбек Маусымбаев, Нұрмағанбет немересі Қанат Назымбекұлы сөз сөйлеп, ұрпаққа үлгі болар іс тындырған азаматтарға, әсіресе Қуат Есімханов ағамызға ризалықтарын жеткізді. Аттылы кісі бойындай белгітастан жамылғысы сыпырылғанда тасқа қашалған «Бұл қорымда Қазақ халқының хас сұлуы Қорлан (Қорлығайын) жерленген (1878-1937). Қыпшақ қызы» деген жазу көзге оттай басылса, төменгі жағында

«Дариға, өлмейтұғын әнге айналған,
 Дүниеге қайта келмес қайран Қорлан...»
деген өлең жолдары жазылған.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста