«Дүние үмітке сүйенеді...»

Өлеңдері мен әндері, қара сөздері өз алдына, Абайдың ел жадында жатталып, аңызға айнал­ған ғибратты тәмсілдері мен тапқырлық сөздері де өте көп. Сол шағын әңгімелердің өзінен Абай­дың ұлылығы байқалады. Демек қай заманда да қазақ үшін Абай – даналық көзі. Сондай-ақ Абайдың ақыл қайнары қазақ халқымен мәңгі бірге жасай бермек...

Абай мен Біржан сал
Біржан салдың Абай ауылында болғанын, атақты екі жанның бірін-бірі аса құрмет тұтқанын Мұхтар Әуезовтің шығармаларынан жақсы білеміз. Ел ішіндегі әңгімеге жүгінсек, Абай Біржан мен Сараның айтысын әншінің өз аузынан естіп, оған өзіндік бағасын берсе керек:
– Сені Сара жеңген екен және бір емес, үш мәселеде жеңіпті, – депті Біржанға. – Сен: «Әуелі қазақшалап көрісейік,
Жарқыным, берірек кел, жасың кіші», – дегеніңде Сара:
«Адамды топырақтан жасады хақ,
Надандығың білінсін бұл сөзге хақ.
Хауаға бұрын барған Адам ата,
Жоқ па еді естігенің мұны да, ақымақ»,
– деп сені ұтып кетті. Одан мені мақтап едің, «антұрған аты құрсын Абай деген, жылатып мұсылманды талай жеген» деп бір мені емес, барлық тобық­тыны түйреп өткен. Бұл сөзді мені кеміту үшін емес, сені жеңу үшін айтты. Ақырында «күйеуің жаман екен» деп атастырған адамына тиістің. Сара болса: «Қажы аға, күні құрсын ұрғашының, билігі болмаған соң бір басының» деп, әйел теңдігінің жоқтығын айтып жеңіп кетіп отыр сені. Сара Жиенқұлды сүйіп тигелі отырған жоқ, малға сатылды. Ол – қыздың кінәсі емес, заманның кінәсі. Сара осы жағынан сені жеңіп кетті.
Біржан еліне аттанарда оны шығарып салып тұрып Абай:
– Енді сендей әнші туар ма екен?! – депті. Сонда Біржан:
– Қазақтың жері кең, елі өнерлі, мендей әншілер әлі де шығады. Бірақ сендей тыңдаушы туар ма екен?! – деген екен.
Қазақтың екі ұлы өнерпазы бір-бірінің бағасын осылай асырған екен.

Абайдың тапқырлығы
Бірде Жанқұтты шешен Құнанбайдың үйінде отырғанда Абай келіп сәлем береді. Ол кезде Абайдың жас шағы екен. Абайдың тапқырлығын, өлең шығаратын­дығын естіп жүрген шешен баланы қасына отыр­ғызып:
– Шырағым, дүние неге сүйенеді? – деп сұрай­ды. Абай:
– Дүние үмітке сүйенеді.
– Көздің көрмесі бола ма?
– Көз қабағын көрмейді.
– Шам жарығының түспесі бола ма?
– Шам жарығы табанына түспейді.
– Болат пышақтың кеспесі бола ма?
– Болат пышақ өз сабын өзі кеспейді.
– Тамағына тартпайтын мақлұқат бола ма?
– Өз тамағына тартпайтын мақлұқат болмайды, – дейді бала Абай.
Жауабына риза болған шешен оған өлең түрінде жазып беруін сұрайды. Сонда Абай:
Сіз сұңқар самғай ұшқан қиядағы,
Талпынған мен балапан ұядағы,
Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,
Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.

Көз көруі жетпейді қабағына,
Шам жарығы түспейді табанына.
Өз сабын болат пышақ өзі кеспес,
Мақлұқат тартпай қоймас тамағына,
– депті.
Ет желініп, қымыз ішілгеннен кейін Абай:
– Ата, сізден сұрақ сұрауға бола ма? – дейді.
– Е, шырағым, сұрай ғой, – депті Жан­құт­ты.
– Ата, арзан не, қымбат не, дауасыз не? – депті Абай. Жанқұтты:
– Шырағым, арзан – өтірік, қымбат – шындық, дауасыз – кәрілік емес пе? Жанарыңның оты бар екен – ақындығың шығар, маңдайың жазық екен – ойлылығың шығар, халқыңның қалаулы азаматы бол, – деп батасын беріпті.

Абайдың жанашырлығы
Әзберген Құлайғырұлы деген кедей ақын болыпты. Бала-шағасын асырай алмай қиналыпты. Бір жыл көшерге көлік болмай, жатақта қалыпты. Балалардың үнемі таусылған соң, амалсыз ел торыса, бес сәйгүлік далада тұсаулы жүр екен. Бәрін ұстап алып келіп, сойғанын сойып, балаларын тамақтандырып, соймағанын өткізіп жіберіпті. Жылқы ішінде Абайдың досы әрі құрдасы Көжекбайдың көпке әйгілі көкбестісі бар екен. Әзбергеннің ұрлағаны анықталып, Абай мен Көжекбай бастаған билер алдына алып келіпті.
Билердің алдына келген Әзбергенге: «Не айтарың бар?» – дегенде, өлеңдетіп былай депті:
Абай аға, менде жоқ не кемшілік,
Істеткен мұны маған кедейшілік,
Бес сәйгүлік ішінде көкбесті бар,
Болмаса бір өзіңнен демеушілік,
Биік қалай қарайды аласаға,
Үйімде көп боқташақ бала-шаға,
Бала-шаға аштығы жаман екен,
Өзіңіз жарамасаң арашаға,
– дегенде, Байзақ деген кедей би Абаймен қатар отыр екен, ол кеңкіл­деп жылап қоя береді. Орай­сыз жылаған Байзаққа Абай: «Сен неге жыладың?» – дейді.
– Үйімде бала-шағам көп еді, Әзбергенге ұрлық істеткен кедейшілік пен бала-шағаны ойлап, көңілім босап кетті, – депті Байзақ.
Абай Байзақты әділ, адал адам болған соң (өзі де өлеңге қосқан) қатты сыйлайды екен. Көжекбайға қарап:
– Өй, Көжекбай, сенің көк бестіңді мен міндім, маған сыйлайсың, – деп бадырая қарапты.
Сонда Көжекбай ұшып түрегеліп:
– Ана төрт атты Абай мен Байзаққа байламасқа не тұр, кешірдік, кешіледі. Әзбергеннің ұрлығын қойды­руға кім кепіл бола алады? – дейді.
Әзберген де босап жылап: «Ұрлықты қойдым. Әттең, кедейшілік қырсық», – дегенде, Абай оған:
– Сен ұрлығыңды шынымен қойсаң, мен шамам келгенше қырсығыңды қиып тұрайын, – деп сол жерде ас-азық, балаларына киім-кешек беріп аттан­дырыпты.

Жақсы қауымның жаманы бол
 «Абайды Оразбайдың озбырлары са­бапты» деген хабарды естіп төрт арыс – арғын, найман, керей, уақтың игі жақ­сы­ла­ры жиналып барып, Абайды қорғап, жақ­тап сөйлей бастағанда, бірден суы­рылып Бегеш:
– Абай мырза, «ерге жара – түйін» де­ген. Ит арамды, тентек Құдайды таны­май­ды. Сіз жалғыз тобықты үшін ғана ұл емес едіңіз. Орта жүздің арысы едіңіз. Көптің қоңыр бұйра нарындай, көктемдегі жауын­дай жақсымыз едіңіз. Алаөкпелердің қолы тиді деп естіп келдік. Көштің байсал тапқа­ны – төрешіге барғаны. Отқа салып қанша өртесең де алтын, сірә, жез болмас, аяққа шұлғау қылсаң да асыл жібек бөз болмас. Білім – бақтың қазығы, білімсіз бақ – әл­де­кімнің азығы. Талай жан ауызбен аспандағы айды алады, қолымен қосаяқ та соға ал­май­ды. Сағымдай құбылып, са­бындай бұзылып, іріп-шіріп жоғалады да, Абай сияқты есті, ақылды адам надан еліне бола қалпынан айрылса не болмақ? Рұқсатыңды бер, тентегіңді тыюға келдік, – депті.
Сонда Абай:
– Әй, Бегеш-ай! Шешендікпен қиыс­тырып айтасыз-ау?! Ғаділет пен қасірет бар емес пе? Қаракүйенің дәні болғанша, жақсы қауымның жаманы бол десе не дер едіңіз? Жаман қауымның жақсысы болған­ша, жақсы қауымның жаманы бол десе, қайтер едіңіз? Жамандықты жолы деп кеткен Оразбайға айтқан сөз суға жаз­ған­мен тең. Мені бір ит қапты ғой. Қапқан ит­тен өш аламын десем, мен де ит болға­ным ғой. Айыпты әпермеңдер, аяғыма жықпаңдар, – деп тоқтайды.

Жақсылыққа алыс жер, алыс заман жоқ
Құнанбайдың Көкше ішіндегі тұрғылас, дос кісісі Қаратай болған. Ол – көп елдің сынынша шешен, жүйрік адам. Сол Қара­тай бір күні Абай бастаған жас жігіттердің үстіне келіп, бұлардың заманын жамандап, өз заманын мақтай бастайды. Абай бұл сөздерге көп дау айтып келіп, ақырында: «Сіздің заманыңызда көрші елдер арасын­да бір қол кісі болып жиналып, түн қатып жүр­месе, жалғыз-жарым кісі қатынаса ал­маушы еді. Ұрлық, барымта, бұзықтық көп болғандықтан, «әне, алып кетті, міне, алып кетті!» деп, кемпір-шал, қатын-қа­лаш, жас бала тыныштықпен асын іше ал­маушы еді. Сол заман да жақсы ма?» дегенде, Қаратай дау айтып келіп: «Менің за­маным Пайғамбар заманына жақын», – депті. Бұған қарсы Абай: «Алатаудың ба­сы күнге жақын, бірақ басында мәңгілік қар жатады. Сайында неше түрлі өсімдік, не­ше алуан жеміс шығады. Жақсылыққа алыс жер, алыс заман жоқ. Қайда болса да жетеді. Сіз Пайғамбарға Әзірет Әлінің әке­сінен жақын емессіз, ол кәпір болған», – деген екен.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста