Қазақстандық DOSTAR тобы Беларусьте өткен вокалдық-инструменталдық ансамбльдердің халықаралық байқауында алғашқы сыйлықты иемденді. Ансамбльдің белорус және қазақ тілдерінде орындаған әндері көпшіліктің көңілінен орын тауыпты.
КСРО және Беларусьтің халық әртісі Владимир Мулявин атындағы бұл дәстүрлі байқау биыл «Могилевтегі алтын шлягер – 2009» халықаралық музыкалық фестивалі шеңберінде ұйымдастырылды. Оның мақсаты – музыкадағы үздік дәстүрлерді дамыту мен әйгілі «Песнярыдың» негізін қалаушы Владимир Мулявиннің шығармашылық мұрасын насихаттау. Биылғы байқауға посткеңестік кеңістіктегі алты ел мен Израиль және Польшадан барлығы 10 өнер ұжымы қатысты. Эстрадалық топтардың арасынан құрылғанына екі-ақ жыл болған қазақстандық DOSTAR үздік көрінді. Ақтық сында «Песняры» ансамблінің «Ля замковой горы» және топтың вокалисі Алтынай Жиенбекованың «Сағынамын» әндерін жанды дауыспен орындаған әншілер қазылар алқасының шешімімен байқаудың бірінші жүлдесіне лайық деп танылды. Бұл – Толқын Забирова, Айгүл Иманбаева сияқты талантты әншілермен бірге жұмыс істеген DOSTAR тобының алғашқы ірі жетістігі.
Әуен Керейбаев, топ жетекшісі:
– Қазылар алқасы біздің белорус тілінде орындаған әнімізді жоғары бағалады. Бұл әнді басқа сайыскерлер орыс тілінде шырқаған еді. Жергілікті әншілердің өзі «Песнярыдың» бұл туындысын қазақтар белорустардан да артық орындады» деп жатты. Сондай-ақ көпшілік біздің фонограмма қолданбағанымызды үлкен жетістік деп бағалады.