Дөнентаев дәріптелмей қала бере ме?
Әлбетте... қолына қалам ұстаған, Тәңір айрықша дарын сыйлаған қаламгер, ақындар тағдырын, замана ағымының тамыр бүлкілін тамыршыдай тап басып жырлайды деседі. Сол рас па? Рас болмаса, Сәбит ақын «Бұл заман байқағанға күштінікі...» деп тебіренбес еді ғой. Өлгеннен кейін өзінің елеусіз, қалаусыз, былайша айтқанда, аяқасты қаларын сезді ме екен?!
Осы... Сәбит Дөнентаев кім? Қазаққа қандай еңбек сіңірді? Қайда туып, қайда өсті? Қандай қызмет атқарды, тірлігінде не бітірді? Редакцияның арнайы тапсырмасымен Павлодардан пойызға отырып, қаламгердің ізі қалған Семей жеріне сапар шектік. Ондағы мақсатымыз ақын болмысына тереңірек үңілу еді.
Әрине, газеттегі мақалада алты Алаштың арда ақынының толық өмірбаяны мен шығармашылығын талдап шығу мүмкін емес, дей тұрғанмен, аз-кем тоқталып өткеніміз жөн болар.
Ақын, журналист, публицист Сәбит Дөнентаев 1894 жылы Ақсу ауданы Мәмәйіт Омаров ауылдық кеңесіне қарасты №3 бөлімшеде (бұл ауыл қазір Сәбит Дөнентаев ауылы деп аталады) Дөнентайдың отбасында дүниеге келген. Аздап оқығаны бар Дөнентай баласын молда қылмақ оймен елдегі Махамбет-Садық ұстазға оқуға береді, кейін Павлодар қаласындағы Қасым қажы Ертісбаевтың медресесінде білім алады.
Қазақты дүр сілкіндірген 1916 жылдың 25 маусымындағы ақ патшаның жарлығымен «бұратана» аталған қазақтың 19 бен 35 жас арасындағы азаматтарын майданға ор қазуға алғанда, оған ілікпеу үшін Екібастұз бен Жармақ теміржол бойындағы Жол құдық деген жерде жұмыс істейді. Кейбір мәліметтерде ол майданның қара жұмысында болған делінеді. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін туған жеріне аман-есен оралған ақын жігіт Алаш азаматтарымен бірге ұлт-азаттық қозғалысқа қосылып, қазаққа теңдік берілуін жақтап, тау суындай тасқын жырларымен үн қосады, халқын жарқын болашаққа шақырады.
Сәбит Дөнентаев еліміздің арыстары – тарихи тұлғалар Жүсіпбек Аймауытов т.б. оқыған, қызмет еткен, қазақтың ұлттық қозғалысының рухани орталығы – Алаш астанасы атанған Семейдегі Мұғалімдер семинариясында оқып, білім алады. Кеңес өкіметі орнаған соң қазақ халқына теңдік келді, қарапайым шаруаның өмірі өзгеріп, жастарға білім алуға мүмкіндік туды. Сол себептен ол жаңа өкіметті барынша қолдайды. Бұл қызметінің бір қыры болса, өзі өмір сүрген дәуірдің үні бола білген қаламгердің шығармашылық талабы, жазған туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылды.
Ақын әрі журналист Сәбит Дөнентаев 1923-1933 жылдары «Қазақ тілі» газетінде қызмет етті. Ол жаңа өмірді жырлайтын өлеңдерімен қатар, өткір фельетон, жастар өмірі, әйел теңдігі, денсаулық сақтау сияқты сол замандағы шешімін күтіп тұрған әлеуметтік мәселелерді көтере білді, көптеген публицистикалық мақала жазды, жас тілшілерді газетке хабар жазуға үйретті.
1915 жылы Уфа қаласында ақынның «Уақ-түйек» деген өлеңдер жинағы шығады.
Сәбит Дөнентаев балалар әдебиетіне де қалам тербеген. Оның жетімнің тағдырына арналған «Көркемтай» атты көркем әңгімесі – күні бүгінге дейін оқырманның жоғары бағасын алып келе жатқан сүбелі туынды. Сонымен қатар қаламгер қазақ әдебиетінде фельетон, сықақ, әзіл-қалжың, мысал жанрының дамуына айтарлықтай үлес қосты. Татар классигі Ғабдолла Тоқайдың бірқатар шығармаларын аударды. Өкінішке қарай, С.Дөнентаев көзінің тірісінде «Уақ-түйек» атты өлеңдер жинағынан басқа кітабын жарыққа шығара алмады. Дегенмен ақын дүниеден өткеннен кейін оның туындыларын жинақ етіп шығару ісін жалғастырушылар аз болмады. 1935, 1950 жылдарда өлеңдер жинағы, 1958 жылы орыс тіліндегі жинағы жарық көрді. Осыдан кейін араға 30 жыл салып, 1989 жылы екі жинағы «Бозторғай» және «Ұрпағыма айтарым» деген атпен оқырманға жол тартты. Қызы Сәулет Дөнентаеваның құрастыруымен шыққан «Ұрпағыма айтарым» атты кітапта ақынның өлеңдері ғана емес, әр жылдары әртүрлі басылымдарда жарияланған мақалалары да қоса берілген.
Қайраткер ақын 1933 жылдың көктемінде, 23 мамырда, Семейде дүниеден өтті. Өзі білім алған, қызмет еткен, талай-талай туындылары дүниеге келген Семей жерінен мәңгілік тұрағын тапты. Ақын осы қаланың шығыс жағындағы, бұл күнде «жабық зират» делінетін көне қорымда жатыр. «Өлгендердің арасында жаманы жоқ, тірілердің арасында жамандықтан аманы жоқ» демей ме?! Бірақ «өлгендердің арасында да «жаманы» болатыны, нақақтан-нақақ ұмытылатыны болады екен. Оған мына жағдай куә болғандай.
Кезінде қаланың шығыс тұсында, сырт жағында орналасқан көне қорым уақыт өте келе Семейдің ішінде қалыпты. Бардық, көрдік, сұмдық көрініс күтпеген жерден алдымыздан шықты. Қорымның кіреберіс қақпа есігі шалқасынан ашық жатыр. Кіреберісте сол жақта, тегі күзетшінің баспанасы болу керек, алқам-салқам, сылағы түскен үй тұр. Сол үйдің сырт қабырғасынан төрт-бес қадамдай жерді көрсетіп: «Міне, міне, Сәбиттің зираты осы тұста болса керек», – деді бізді ертіп апарған азамат. Шаң басып ұйыса өскен қалың тал-дараққа жақындай бергенімізде алдымыздан бес-алты ит шыға келіп, қорымның ортасына қарай қашты. Сөйтсек, ақын зираты талдың тасасында қалыпты. Қабір басында қаңғыбас иттер ойнақ салып жүр. Қайсыбір жылдары орнатылған граниттен жасалған белгі тастың тозығы жетіпті. Айнала күл-қоқыс, шаң-топырақ, иіс... басқа ештеңе көре алмадық. «Алаш айнасында» бұл жөнінде бұрын да бірнеше рет сын мақалалар жазылған еді.
Семейдегі тарихи-өлкетану мұражайында да, Абай ақынның әдеби-мемориалдық мұражайында да Сәбит Дөнентаев жайлы бір мәлімет, бір жапырақ қағаз жоқ. Білуімізше, С.Дөнентаев Абай ақыннан үлгі алып, бірқатар шығармаларын зерттегені белгілі.
Бір қуанарлығы, Павлодардағы Бұқар жырау атындағы Облыстық әдебиет және өнер музейінің «ХХ ғасыр әдебиеті» залында С.Дөнентаев жайлы азды-көпті мағлұмат, ақын «Қазақ тілі» газетінде қызмет істеп жүрген жылдары ұжымы сыйлаған сиясауыт бар. Қазір Павлодарда ақынның есімі ұмытылды дей алмаймыз. Ақсу қаласындағы мәдениет сарайы ақын атында, ол жерге сән-салтанаты келіскен ескерткіш орнатылды. Туған жеріндегі ауылға есімі берілді. Алматы қаласында да ақын атында көше бар. Бірақ зираты... Көңілге қонбайды, ақылға сыймайды. Өз заманындағы шындықтың шырақшысы, ардың айнасы бола білген, елінің рухани тұрғыдан жетілуіне барынша атсалысқан, жазу өнеріндегі табиғи таланты айрықша, қазақтың әдебиетіне мол үлесін қосқан қаламгердің атын алқалап, мұрасын сары алтындай сақтауға тиіс едік. Өкінішті!
Арап ЕСПЕМБЕТОВ, филология ғылымының докторы, профессор:
– Жалпы, Сәбит Дөнентаев – елеулі тұлға. Бұрын қайта оралған есімдер болмай, Алаштың қайраткерлері ортамызға оралмай тұрғанда оқылған қаламгер. ХХ ғасырдың басында үш қаламгер әдебиеттің төрінде отырды. Олар: Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев және Спандияр Көбеев. Осы үштіктен орын алуы да тегін емес.
...Әрине, зиратының дұрыс күтілмей, ашық-шашық аяқ астында жатқандығы ұят. Сондықтан алдымен ел ағалары бас қосып ақылдасып, осыған бір ықылас бөлсе дейміз...
Р.S.
Келер жылы Сәбит Дөнентаевтың туғанына – 120 жыл, ал биыл – қайтыс болғанына 80 жыл. Алаштың қайраткер ақынын ардақтауды ұмытпасақ игі еді...