Бірде Ермек деген ұлым үйге белгілі жазушы-публицист Ораз Қауғабайдың «Таңғажайып Қонаев» атты кітабын алып келді. Автордың өзі қолтаңбасын қойып, тау тұлғалы азамат жайында біліп жүрсін деп беріпті.
Кітап қолыма тие салып, оқуды бастадым. Есіме 1982 жылдың 15 шілдесінде Димекеңнің Алматы облысы Кеген ауданындағы (қазіргі Райымбек ауданы) ҚазКСР 50 жылдығы атындағы тәжірибе шаруашылығына іссапармен келгені түсті. Бұл тәжірибе шаруашылығы 1970 жылы Димекеңнің ұсынысымен Қазақ КСР Министрлер кеңесінің арнайы қаулысы негізінде бұрынғы Қызылту совхозы мен Қарқара совхозының бір бөлік жерінің базасында ірі қара галловей асылтұқымды малын өсірумен айналысатын шаруашылық болып құрылған еді. Ол кезде аудандык партия комитетінің бірінші хатшысы Сәдуақас Серкебаев, шаруашылық директоры Жұмахан Сокуров, ал мен партия комитетінің секретарі едім.
Межелі күні Димекеңді Шөладыр тауының күншығыс жағы етегіне ақ боз үй тігіп қарсы алдық. Димекең КПСС Орталық Комитетінің Бас секретарі Брежнев сыйлаған Зил-117 жеңіл автокөлігімен келді. Қасында сол кездегі Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Аухадиев Кеңес Мұстаханұлы бар. Алдында күн бұлттанып, қатты жел тұрып, жаңбыр жауып тұр еді. Димекең келгенде күн шайдай болып ашылып, айнала адам қызығатындай күйге еніп кетті. Мұны Димекеңнің қасиеті деп білдік.
Шаруашылық жайын көріп болғаннан кейін, Димекең дастарқан басына жайғасты да, көңілді отырып әңгімесін бастады... «Маған Қарқара жайлауы бала кезімнен таныс. 1924-1925 жылдары 13-14 жастағы баламын. Әкеме Қарқара жәрмеңкесіне келіп көмектесетінмін. Әкем үш қазақ үйді қоржын үй қылып тігетін де, ортаңғы үйден сауда жасайтын, мен әкеме тауарды тасып беретінмін», – деп жастық кезін есіне түсірді.
Отырыс көңілді болды. Далаға шықтық. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ. Күн жарқырап шығып тұр. Бәйкен Әшімов: «Па, мына жердің кілемнің түсіндей жақсысын-ай!» – деп ауаны көңілдене жұтып демалды. Димекең: «Бұл – қасиетті Қарқара жазығы, анау дүрбімен көріп тұрған жер – жаңа мен айтқан Қарқара жайлауы, бұрын атақты Қарқара жәрмеңкесі болған жер. Бұл – қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров тағы да басқа мәдениет, қоғам қайраткерлері келіп, өлең-жырларын төккен киелі жер. Патша үкіметінің «июнь жарлығына» қарсы көтерілісі болған жер. Сол оқиғаға байланысты ескерткіші – анау үлкен төбе, оны халық «Ереуіл төбе» деп атап кеткен. Осы оқиғалар туралы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» романында жан-жақты жазылған», – деп сөзін аяқтады.
Жұбайым Тұнық әлі күнге дейін Димекеңе жайылған сол дастарханды ырым етіп үйімізде сақтап келеді. Шаңырағымызға құтты қонақтар келгенде, сол дастарқанды жайып, Димекеңді еске түсіріп отырамыз.
Димекең дәм татқан дастархан әлі сақтаулы тұр
Последние статьи автора