«Витебскідегі Славян базары» XXX халықаралық өнер фестивалінің ашылуы жазғы амфитеатрда өтті.
Салтанатты ашылу рәсіміне «Славян базары – 2015» жеңімпазы, осы шараға шақырылған қонақ және эстрадалық әндер байқауындағы қазылар алқасының мүшесі Димаш Құдайберген қатысты, – деп жазады dimashnews.com.
Фестивальді Беларусь президенті Александр Лукашенко ашты.
«Бүгінгі Витебскідегі фестиваль – бұл кәсіби вокалдық шеберліктің беделді халықаралық байқауы. Бұл сахна Таисия Повалий, Руслана, Петр Елфимов, Алена Ланская, Димаш Құдайберген және басқа да көптеген танымал әртістердің жарқын мансабына бастау болды», – деді Александр Лукашенко.
Салтанатты кеште Димаш Құдайберген «Любовь похожая на сон» және Be With Me әнін орындады.
«Қымбаттыларым, сүйікті тыңдармандарым! Бүгін сіздерді көргеніме өте қуаныштымын. Дәл осы жерде, осыдан тура 6 жыл бұрын, мен шығармашылық өмірге қадам бастым», – деді Димаш Құдайберген.
Әнші көрерменге ата-анасын таныстырып, жанкүйерлерімен бірге анасы Светлана Айтбаеваны туған күнімен құттықтады.
aikyn.kz