Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..
Өкше басар іні
Бірде ақын Шөмішбай Сариев байқамай жазушы ағасы Ахат Жақсыбаевтың өкшесін басып кетсе керек.
– Өкшемді оңдыртпай бастың-ау! – депті Ахат. Сонда Шөмішбай:
– Ақа, өкшеңізді басып келе жатқан ініңіз емеспін бе! – деген екен.
Жиналыста
Бір жиналыста Сырбай Мәуленовтың баяндамасына академик Мұхаметжан Қаратаев мін таға сөйлей келіп:
– Мен Сырбай балдыз болған соң әдейі батыра айтып тұрмын, – депті. Сонда Сырбай:
– Мұқа, бұл балдыздар мен жезделердің жиналысы емес қой, – деген екен.
Төте жауап
Белгілі сатирик Жүсіп Алтайбаев біраз уақыт жұмыссыз жүріп қалады. Бұрын басшы қызметтерде істеген Жүсекең Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөліміне барады. Жағдайын айтады, жұмыс сұрайды. Бөлім меңгерушісі:
– Облыстық газетке редактор болып Ақтөбеге барыңыз, – дейді.
Жүсекең көнбейді.
Бөлім меңгерушісі:
– Онда Ақмолаға қалайсыз? – дейді.
Сонда Жүсекең:
– Төбеңе бармай отырғанда, молаңа барады дейсің бе – деген екен.
Күлкінің бір түрі
«Тамашаның» кезекті репертуары дайындалып жатады. Артистер сатиралық шығармаларын ойнап, оны авторлары да көріп отырады. Құдайберген Сұлтанбаев бұл жолы сатирик Үмбетбай Уайдиннің «Күлкінің де түр-түрі бар» деген сықағын орындайды.
Құдайберген орындап болғаннан кейін өз шығармасын жатқа білетін, әрі күлкінің анадайы да бар, мынадайы да бар деп жілік-жілікке бөліп жазған Үкең отырып:
– Құдайберген-ау, бәрі жақсы. Тек бір күлкіні тастап кеттің ғой, – дейді.
Құдайберген:
– Қайсысы? – дейді.
Үкең:
– Мынаусы деп қолжазбасын көрсетеді.
Құдайберген:
– Оны әдейі тастап кеттім, – дейді.
– Неге? – дейді Үкең.
Сонда Құдайберген:
– Ойбай, Үке-ау, ол өзіміздің Қамал Сейтжановичтің күлкісі ғой. Оны салсақ экранға шықпай қаламыз, – депті.