Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..
Жаман Хама
Ақын Хамит Ерғалиев ағамызды кезінде жұрт Хама депті. Ал басқа біреуді Хама дегенді ол кісі ұнатпаған екен.
Бір жолы Хамаң Тауман Амандосовқа телефон шалып, есен саулықтан соң қасыңда кім бар деп сұрайды. Сол кезде оның кабинетінде Абдул-Хамит Мархабаев отырса керек. Тәкең жымың етіп:
– Хамаң отыр, – дейді.
Хамит аға гүр ете қалады.
– Оның кім еді тағы?
Тәкең отқа май құя түседі.
– Мына Мархабаев деген жігіт мен де Хамамын деп отыр ғой...
«Шын» Хамаң сол кезде ашуға басады:
– Немене, оған басқа ат құрып қалып па?
Істің мән-жайын енді түсіне бастаған Мархабаев Тәкеңе жата жалынады:
«Ойбай, Тәке, енді бүлдіріп аламыз, мені жаман Хама деңіз».
Тәкең оның өтінішін Хамаңа жеткізеді. Сонда ол:
– Е, айналайын, есі бар жігіт екен ғой өзі, – деп райынан қайтқан екен.
Екі сұрақ
Академик Қаныш Сәтбаев совет делегациясының құрамында Англияға барады. Совет делегациясын бір орайлы шақта Англияның премьер-министрі Уинстон Черчилль қабылдап, қонақасы береді.
Дастарқан басында Черчилль Қаныш Сәтбаевқа назар аударып, әзілге балаған сұрақ қояды:
Сәтбаев мырза, айтыңызшы қазақтардың барлығы сіз секілді сұңғақ бойлы ма?
– Жоқ, мен ең кішкенесімін, – деп жауап береді Қанекең.
Келесі бір сәтте Черчилль орнынан тұрып келіп, Қанаңның рөмке көтеруіне демеу лебіз білдіріп, тағы да бір келеңсіздеу, тосын сұрақ қояды:
– Сәтбаев мырза, Сіз осы нешінші размерлі бас киім киесіз?
Қанекең сәл жымиып, еш іркілместен:
– Черчилль мырза, егер Сіз екеуміз бас киім айырбастасақ, екі жағымыз да өкінбес едік! – деген екен.
Уәде
Көктем кезі болса керек. Ғалым, жазушы Баламер Сахариев ақын Мұзафар Әлімбаевқа кездесіп қалып әзілмен:
– Ауылымның қонғаны, КИЗ-де деймін, Бір өзіңнен басқаны іздемеймін, – дейді.
Сонда Мұзафар тұрып:
– Бұл күнде қалтамыздың түбі тесік, Айналып бір соғарсың күзге дейін, –деген екен.