Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында талантты суретші Раушан Мамбекованы еске алуға арналған көрме болып өтті. Көрмеге дара суретшінің туындылары қойылып, жұртшылыққа паш етілді.
Раушан Мамбекова Алматы қаласында суретші әрі қоғам қайраткерінің отбасында дүниеге келген. Әкесі Мамбеков Бағдат Иманбекұлы – «Жас алаш» газетінің иллюстрация бөлімін басқарған белгілі журналист. Раушан кезінде әке жолын қуып, көптеген дарынды жас суретшілерді тәрбиелеп шығарған Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түскен. Мәскеу Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын (БМКИ) тамамдаған. Көрнекті кеңес режиссері, суретші әрі сценарийші, кеңес мультипликациясының классигі, тұтас бір мектептің негізін салушы Иван Петрович Иванов-Ваноның шеберханасында оқыған. Раушан осындай маңдайалды оқу орындарында білім алған. БМКИ-ге оқуға түскенге дейін қазақ анимациясының атасы Әмен Қайдаровтың басшылығымен «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеп үлгерген ол жоғары білімді диплом иесі атанып, осы мекемеге қайтып оралған. Раушан сол жылдары өнердің жаңа түрі болып кірген анимацияның қалыптасып өркендеуіне білек сыбанып атсалысқан. «Қонжық», «Бір ғажайып достықтың тарихы», «Мынау – ақша салынған қап» мультфильмдеріне жұмыс істеген. Осылайша, Раушан Мамбекова қазақ мультипликациясы тарихында өзінің айқын ізін қалдырған.
Зейнеп ТҮСІПОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші, Р.Мамбекованың курстас досы:
– Өкінішке қарай, талантты суретші Раушан Мамбекова туралы тек өткен шақпен ғана айтамыз. Оның өмірден өткеніне бір жыл толыпты. Раушанның шығармашылығы сан қырлы. Ол мультипликациядан басқа, кескіндеме, графика, кітап безендірумен де айналысты. Шығармашылық қызметінің барлық саласында ол өзін ойшыл да сезімтал суретші ретінде көрсетті. Екеуміз училищеде төрт жыл бірге оқыдық. Бір нанды бөліп жеп, айырылмас дос болдық. Ол балаларға арналған, әсіресе қазақ ертегілеріне қатысты көп жұмыс істеді. Раушанның басқаларға қарағанда қабілеті жоғары болды. Өте сенгіш, достыққа адал, мейірімді, ізгі жан болатын. Тағы да жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дегім келеді.
Р.Мамбекова Мәскеуден оқудан келген соң, өзі алғаш рет көрмеге қойған қазақтың «Ер Төстік» ертегісі тақырыбындағы туындылары арқылы көптің көңілінен шыға білді. Осыдан кейін 1979 жылы ол «Жігер» фестивалінің лауреаты атанды. Бұл оның өзіндік жеке қолтаңбасын ашып көрсеткен ең үздік графикалық туындыларының бірі болатын. Еркіндігі мен ойын оңай жеткізе білуі және әдеби сюжетке тереңдеп енуі бір-біріне үйлесе кеткен. Ол әдеби шығарманың идеясын нағыз пластикалық формада көрсете алатын парасатты жан болды. Осынша мұқияттылығы, жан-жақтылығы және өте дәлдігі, нағыз көркем мәнерді талмай ізденгіштігі Р.Мамбекованың талантын айрықша көрсетіп тұратын.
1990 жылдары ол үшін көрмеге толы кезең болды. Бір Францияның өзінде жеті көрме өткізді. Францияның оңтүстігіндегі Лезиньян Ла Себ қаласында өткен, әлемнің көптеген елдерінен түрлі дарынды суретшілер қатысқан айтулы көрмеде Р.Мамбекова алтын медальды жеңіп алған. Сол тұста газет беттерінде қазақстандық өнер шеберінің шығармашылығына жоғары баға берген мақалалар мен пікірлер жарық көрді. Бір сөзбен айтқанда, Раушан Мамбекованың көркемдік және рухани қуатқа толы шығармашылығы Қазақстан бейнелеу өнеріне елеулі үлес қосты.
Ефрат БАҒДАТҰЛЫ, ЮНЕСКО-ның Мәдени мұра бойынша сарапшысы, Р.Мамбекованың інісі:
– Мұндай көрменің өтуі біз үшін өте маңызды. Сондықтан мен ең бірінші Раушанды еске алу көрмесін ұйымдастырып отырған өнер мұражайының басшылығына, ұжымына ерекше алғыс айтамын. Раушанның жасаған еңбегін халық жадында мәңгі сақтау үшін істеп отырған шаралары – өте қуантарлық жайт. Мен Раушанның шығармашылығын бала кезден көріп өстім. Ол ертегіні өте қатты жақсы көретін, ертегімен өмір сүрді. Өзі ертегі айта алмаса да, ертегіні жүрегімен көріп, басқаларға сызып, бояп көрсетті. Ол сол кезде өнердің жаңа түрі болып енген декоративтік көркемсуретті қазақ суретшілері арасында алғаш болып қолданды, дамытты. Дегенмен 90-жылдардағы қиын уақытта Раушанның шығармашылығында үлкен өзгерістер туындады. 90-жылға дейін Раушан туындыларында айқындық, жарқындық, суреттерінде шат-шадыман көңіл күй көрініп тұрса, одан кейін орын алған елдегі дағдарыс оны тереңге батырып жіберді. Оның үстіне, ол уақытта әкем оған 30-жылдарда халықтың жаппай ашаршылыққа ұшырағандығы жөнінде көп айтты. Ұлттың, халықтың трагедиясы оған қатты әсер етіп, аса сезімтал жанның туындыларында боранды көш, аспаннан төнген қара бұлт, қатты соққан жел секілді қорқынышты, драмалы суреттер пайда болды. Одан кейін оның фонында ертедегі грек мифологиясында жанып кеткен күлден қайта тірілетін жасыл феникс құс айшықталып тұрды. Мұның барлығы не үшін, өнер иесінің бұл жасаған образдары нені аңғартады, неге бұлай болды? Міне, осының бәрі Раушан шығармашылығын әлі де толық зерттеуді қажет ететінін көрсетеді.
Дарынды суретшіні еске алды
Последние статьи автора