Елордада ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Дариға жүрек» атты ән кеші өтті. Концерт кезінде астаналықтар Мұқаңның сөзіне жазылған әндерді тыңдап қана қоймай, ол шығармалардың шығу тарихы туралы мол мағлұмат алды. Кешті ұйымдастырушы Астана қалалық Мемлекеттік филармониясы дәстүрлі әндер бөлімінің мақсаты – әуен арқылы тыңдарман қауымға шығарманың түп-төркінін жеткізу.
Гүлзира БӨКЕЙХАН, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Осы іспетті концерттердің басты ерекшелігі – барлық әндер жай орындалып қана қоймай, оның шығу тарихы туралы кеңінен айтылады. Ондайда тыңдарман қауым әрбір ақын-композитор туралы толық мәлімет алып, соның бәрін әуен арқылы танып біледі.
Осылайша, кеш кезінде тыңдарман қауым М.Мақатаевтың «Жастық», «Жас қайың», «Дұшпаның бар ма?» дейсің», «Санаулы күн», «Дариға, домбырамды берші маған!», «Саржайлау», «Нені аңсаймын?», «Есіңе мені алғайсың», «Сәби болғым келеді» сияқты өлеңдерге терең бойлап, тебірене, толғана тыңдады. Аталған шығармалар Нұрғиса Тілендиев, Тұрсынғазы Рахымов пен Кентау Назарбек сынды сазгерлердің әуенімен орындалды. Олардың кейбіреулері алғаш рет шырқалды. Сахна төрінде Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қайрат Байбосынов, Астана қалалық Мемлекеттік филармониясы дәстүрлі ән бөлімінің жетекшісі Секен Сыздық, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейхан және тағы басқа дәстүрлі әншілер өз өнерін паш етті. Концерт «Сарыарқа» ұлт-аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен өтті. Оның көркемдік жетекшісі – ҚР мәдениет қайраткері Нұрлан Хамзин. Кешті өнертанушы, әнші Айтбек Нығызбаев жүргізді.
Негізі, бүгінде Астана қалалық Мемлекеттік филармониясының дәстүрлі әндер бөлімі қазақтың сал-серілері орындап кеткен әндердің қаймағын бұзбай, желісін үзбей, бүгінге дейін жеткізіп, қазіргі ұрпаққа барынша насихаттап келеді. Алайда осы іспетті ұлттық шараларды жарнамалау жағы қиынға соғып отыр.
Секен СЫЗДЫҚ, Астана қалалық Мемлекеттік филармониясы дәстүрлі ән бөлімінің жетекшісі:
– Шыны керек, бүгінде Астанада ұлттық концерттерді жарнамалау жағы көңіл көншітпейді. Біз өз күшімізбен афиша іліп, халыққа барынша жеткізуге тырысып жатамыз. Соның өзінде тек арнайы жерлерде ғана, ал ақылы жерлерде айыппұл салады. Сол себепті халықтың көпшілігі естімей қалып жатады. Теледидарға да шығу үшін біраз ақша қажет.
Қайрат БАЙБОСЫНОВ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақ ұлттық өнер университеті дәстүрлі ән кафедрасының меңгерушісі, профессор:
– Бүгінде халықтық музыка концертіне қазақтың келу мәселесі бәрімізді қатты алаңдатады. Мынау аңғаза-даңғаза, не сөзі, не әуені жоқ эстрадаңа елдің құлағы үйреніп қалған. Дегенмен халық та одан шаршап, жанына жақын әуендерін іздей бастады. Біз де соған қарай жұмыс жасап жатырмыз. Әрине, жастар жағы онша түсіне қоймайды. Оларға шетелдік музыка қажет. Сол себепті қазіргі жас ұрпақты ұлттық арнаға бұрған абзал. Біз бұрынғы үрдісті жоғалтып алдық. Енді, соны қайтадан жаңғыртып, халықты төл туындыларымызға қайыра үйрету керек.
Осы орайда айта кетер жайт, Астана қалалық Мемлекеттік филармониясының дәстүрлі әндер бөлімі «Дариға жүрек» іспетті концерттерді ай сайын өткізіп тұрады. Бұл жолы Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндер болса, келесі айда Атыраудан Алтайға дейінгі әуендер шырқалады. Содан кейін Сыр өңірінің туындылары орындалады. Осылай жалғаса береді. «Ұшқан құстың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын қазақтың дархан даласы қандай кең болса, біздің өнеріміз де сондай. Сол себепті біз ай сайын еліміздің әрбір өңіріне, әрбір ақын-сазгерлеріне арнап концерт береміз. Оның шегі жоқ деп ойлаймын», – дейді дәстүрлі әндер бөлімінің жетекшісі С.Сыздық.
«Дариға жүрек» жырлайды
Последние статьи автора