Қазақтың қайсар мінезді ақыны Қасым Аманжоловтың мерейтойы қарсаңында шайырдың соңында қалған тұяғы, қызы Дариға Қасымқызымен аз-кем тілдесу үшін іздеп барған едік. Ақынның құнды дүниелерін жиыстырып, саналы ғұмырын әке мұрасын жас ұрпаққа жеткізуге арнаған Дариға апа Қасым Аманжоловтың көпшілік біле бермейтін өнері мен өмірі жайлы сыр шертті.
– Дариға апа, Қасым ақын өз ортасында қайсар мінезімен ерекшеленген деп жатады. Отбасында қандай еді?
– Мен әкем туралы еміс-еміс қана білемін. Әкем жеті жасымда өмірден озды. Есімде қалған кейбір сәттері мен анам айтып кеткен естеліктер жайлы айта отырайын. Әкемнің отбасына деген махаббаты ерекше еді. Мені қатты жақсы көретін. Жастайымнан көп ауырдым. Омыртқа дертіне шалдығып, талай жыл аурухананың төсегінде жатқанымда, «көзімнің қарашығы» деп қасымнан шықпайтын. Шешемнің айтуы бойынша, нәресте кезімнен ауырып, шырылдап ұйықтамайды екенмін. Сонда өр мінезді ақын бола тұра, баланы шешеме сілтей салмай, өзі де түні бойы көз ілмей, мені көтеріп жүреді екен. Әкем жас кезінде өздігінен бірнеше музыкалық аспапта ойнауды үйренген. Мен жылағанда аккордеон, домбыра, скрипкада ойнап жұбататын көрінеді. Сонда мен скрипканың әуеніне ғана ұйықтайды екенмін. Анам айтып отыратын, әкең «Менің қызым музыкант болады» деп мақтанып жүретін деп. Әкем мен өмірге келгенде күнделік жаза бастапты. Күнделігінің дені маған арналған. Өмірге келген уақытымды, туғандағы бойымның ұзындығы мен салмағымды жазудан бастапты. Тіпті қызуым көтеріліп ауырып қалған сәттерімді де қағазға түсіріп отырыпты. Мен өмірге келгенде әкемнің жасы 40-қа таяп қалған екен. Сондықтан да болар, маған, отбасына ерекше ден қоятын. Әкемнің Қырымда жүріп жазған бір өлеңі бар.
Құралай көзі мөлдіреп,
Кекіл шашы желбіреп,
«Папалап» кеп әрдайым
Сүйдірген маңдайын
Дариғамды сағындым.
Қызым менің құлыным,
Әрі қызым, әрі гүлім,
Құсым менің құлшынған,
Гүлім менің құлпырған
Дариғамды сағындым.
Бұл өлең жинақтарға «Дариғамды сағындым» деген жолынсыз шығып, солай тарап кетті.
– Жанна апай, сізден сұрағымыз келіп отырғаны, Қасым ақын сізді өгей қызым демей, бауырына басты. Ол кісі өмірден өткенде, сіз Дариға апайға қарағанда ересек болдыңыз. Әкеңіз несімен есіңізде қалды?
Жанна СЕЙТАХМЕТОВА, ақынның қызы:
– Анам мен әкем қосылғанда, мен өте кішкентай болғанмын. Өзімнің туған әкем әскери адам болған екен. Ол кісі соғыста қайтыс болыпты. Қасым әкем соғыстан аман-есен оралғаннан кейін анаммен отасыпты. Отбасымыз өте тату болды. Ол мені туған қызы Дариғадан еш кем көрмеді. Ол кісі менің туған әкемнің көзін көрген, тірісінде жақсы сыйластықта болған. Сондықтан да шығар, менің фамилиямды өз әкемнің атында қалдыруды құп көрді. «Екі қызым адам болса» деп отыратын. Дариғаны музыкант, мені балерина болады дейтін. Әлі есімде, әкемнің өзі жетектеп балет мектебіне апарған еді. Алайда Дариға да, мен де мүлде басқа салаға кеттік. Сенбі, жексенбі күндері бізді қыдырту әкемнің әдеті болатын. Көк майсаға, саябақтарда қолымыздан жетелеп жүруші еді.
– Дариға апай, кезінде әкеңіз пайдаланған дүниенің барлығын мұражайларға табыстаған шығарсыз.
– Иә, үйде жатса бүлініп қалар деп ағасы Ахметжанға аттай қалап жасатқан домбырасын, татар аккордеонын Орталық мұражайға табыстадым. Күнделігі, қолжазбалары тағы басқа дүниелерінің бір бөлігін Қарқаралы тарихи-өлкетану мұражайына бергенмін. Өзімде біраз қолжазбасы сақталған.
– Ақынның өлеңдері мен жырларын жинақтадыңыз ғой. Жалпы, қанша өлеңі бар?
– Нақты қанша өлеңі бар екенін айта алмаймын. Кезінде үш томдық өлеңдер жинағы шықты. Бірақ кейіннен саясат, қоғам өзгергеннен кейін Ленин, Сталин, партияға қатысты дүниелері енбей қалды да, қалың бір томдық болып қайта жарияланды.
– Әкеңіздің сазгерлік қасиетін де білеміз. Жалпы, қанша өлеңге ән жазған?
– Ол кісі төрт өлеңіне әуен шығарған. Олар «Өзім туралы», «Дариға, сол қыз», «Туған жер» және «Жас дәурен». Алғашқы екеуі кең таралды да, соңғы екі әні ұмытылып қалды.
— Ақын туралы көркем фильм түсіру туралы ұсыныстар болды ма?
— Көркем фильм түсіру туралы әзірге ешкімнен ұсыныс түскен жоқ. Алайда бұған дейін деректі фильм жарыққа шыққан болатын. Ол фильмде әкемнің Қарағандыда жүріп өткен жолы мен қызмет еткен жерлері туралы деректер ұсынылды.
– Қасым ақынның 100 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Туған жерінде үлкен той да ұйымдастыру жоспарланып отыр екен. Жалпы, осы жұмыстар барысында көңілдеріңіз толмайтын әттеген-айлар бар ма?
Дариға Аманжолова, ақынның қызы:
– Барлық іс-шаралар көңілімізден шығып жатыр. Әкемнің мерейтойы жақындаған сайын қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдары кезек-кезек Қасым Аманжоловтың шығармашылығы мен өмірі жайлы қайта жазып, оқырмандарды керекті ақпараттармен сусындатып жатыр. Рақмет. Десе де, жібі түзу бір көшеге әкемнің аты берілмей келе жатқанына қарным ашады. Виктор Храпуновтың кезінде жақсы бір көше әкемнің есімімен аталады деп айтылған еді, айтылған сөз сол күйінде қалды.
Жанна СЕЙТАХМЕТОВА, ақынның қызы:
– Әкемнің атында көше жоқ емес, бар. Бірақ көше деп айтуға келсе ғой, шіркін! Қып-қысқа шағын ғана көшеге Қасым ақынның атын беру ұят! Оның үстіне, көше зираттың маңайында. Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов көше беру үшін көп ақша сұрады. Обалы не керек, меценат Амангелді Ермегияев демеуші болуға ниет білдіріп-ақ еді. Алайда Храпунов сұраған сома демеушінің өзінде жоқ болып шықты. Бір әттеген-ай дейтініміз осы көшеге қатысты. Қалғанының бәріне көңіліміз толады. Қазақ барда Қасымын ұмытпайды ғой.