«Дариға, домбырамды берші маған...»
КЕШЕ. Бірі – ақын, бірі – сазгер. Қазақтың маңдайына біткен қас таланттары. «Әйгілі сазгер, домбырашы Нұрғиса Тілендиев ақын інісі Мұқағали Мақатаевты бір ай бойы төріне шығарып, құдайы қонағындай күтіпті» делінеді ел арасындағы әңгімеде. Соның нәтижесінде дүниеге 30 өлең мен ән келген екен. Композитордың «Дариға, домбырамды берші маған...» деп жары Дариғаға қарата айтқан сөзін естіген ақын осы бір сөйлемді өрістетіп, өрелі өлеңге айналдырады. Кейін ол өлең Нұрғиса аға жазған әуенмен әдемі ән болып елге тарады.
ДОМБЫРА
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Екі шекті қарапайым ғана аспаптың халқымыз үшін қаншалықты қадірлі екенін Қадыр Мырза Әлі екі-ақ ауыз сөзбен осылайша түйіндейді. Қазақ поэзиясындағы домбыра бейнесі – ежелгі жыр-дастандардан бүгінгі жас толқынға дейін жырланып келе жатқан мәңгілік тақырып. Қашаған жыраудың «Қолымдағы ағашым – Алып жүрген домбыра. «Домбыра – күнә» деген сөз – Тек бір айтқан дабыра. Пайғамбарым туғанда, Бесік болған бұл ағаш. Ыбырайым Кәғбә салғанда, Мешіт болған бұл ағаш. Ықырам үйдің алдында, Есік болған бұл ағаш» деп төгілте жырлағаны – домбыра. Ілияс Жансүгіровтің «Күй», «Күйші» поэмалары – қазақтың асыл өнері күй мен ұлттық мұрасы домбыраға жырдан қаланған ескерткіш. Одан берідегі Жұмекен: «Үйден алыс шыққанда мен екі аманат қалдырам. Бірі – ұлым, өзіңсің, екіншісі – домбырам», – деп, ұлы мен ұлтының мұрасының қаншалықты ардақты, қаншалықты құнды екенін өлеңі арқылы көрсетеді. Бұлардан басқа да қазақ өлеңінің тарихында домбыраны жырға қосқан ақын көп. Әрқайсысы әртүрлі стильде жырласа да, ортақ тақырып, ортақ мұңның бір ұқсас тұсы бар, ол – ұлтының ұлы аспабына деген иісі қазақтың құрметі, сезімі мен ойы. Ал Мұқағали жырлаған домбыра қандай еді?
ӨЛЕҢ
Дариға, домбырамды берші маған,
Жаныма келші, жарым, келші, балам!
Бейуақ іңірдегі көңіліме,
Күй болып күңіреніп енші, далам.
Домбырам, қоңыр қазым,
аққуымсың!
Арманым, мұңым,
сырым, шаттығымсың.
Домбырам, жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұрам –
сен болмасаң,
Өнердің не екенін білмес те едім.
Өсірген өнерімді Қызыр бабам,
Үніңнен айналайын бұзылмаған!
Киелі пернеңе бір қол соқпасам,
Ішегің жетімсіреп ызылдаған.
Домбырам, досым менің күй аңсаған,
Өзімді, өмірімді қиям саған.
Шағымда шабыттанған, қиялдаған,
Шанағың бар шаттығын құяр маған.
Ерке назым менің де, сазым менің,
Шыбынсыз, шуақ шашқан
жазым ба едің?
Дариға, домбырамды берші маған,
Айналып ұшсын аққу-қазым менің.
БҮГІН. Ақынға қымбат екі дүние болатын болса, оның біріншісі – сөз жоқ, қаламы, ал екіншісі – домбыра. Қаламы арқылы «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып, өзіне қайтарған» Мұқағали домбырамен арман-мүддесін, күйініші мен сүйінішін, қуанышы мен өкінішін, қайғысы мен мұңын шертеді. Өмірінің ағы мен қарасын екі шекте егіз өрген ақынның жоғарыдағы өлеңі кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Осы өлеңді оқыған не әнші Мақпал Жүнісованың мақпал үнімен шырқатып жүрген әнін естіген қай қазақ та тебіренбей тұра алмайды. Өйткені бұл туынды – ұлылардың үндестігіндей болып, шалқар шабытпен қалана қалған ескерткіш. Қазақтың қоңыр үнді домбырасына қара өлеңмен соғылған ескерткіштің озық үлгісі. «Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді», – депті Бауыржан Момышұлы. Бұл – мүмкін, үлкен өкінішіміз, қазір қалалық жерді айтпағанда, ауыл балаларының өзі домбыраны ескіліктің қалдығы санайтын болды. Жаңа компьютерлі домбыраның (ДЭККО) үнінен басқа, нағыз домбыраның сырлы сазын естіп көрмеген ұрпақ өсіп келеді. Бар өнердің бастауы – ұлттық аспабымыздың қадірі мен қасиетін көрсете білген Мұқағалидың осы бір өлеңінің маңызы осындайда арта түседі. Қазақтың әр шаңырағының төрінде даналығының, даралығының, дала ұлының белгісіндей болып үкілі домбыра ілініп тұрса, қандай ғанибет! «Киелі пернесіне қол жүгірмей, Қанша домбыра жетімсіреп тұр бүгін...»