Танымал актриса Дариға Бадықова өмірлік серігімен бірге телехикаяға түсті. "Күйеу бала" атты сериал жақын күндері Ұлттық арнадан көрерменге жол тартады. Бұл туралы Stan.kz Qazaqstan арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Су жаңа сериалда Бадықова Рабиға атты кейіпкерді сомдайды.
"Отбасы, ошақ-қасы, күйбең тірліктің ішінде, күйеуін, бала-шағасын ойлайтын кейіпкер. Мен үшін ондай образды сомдау қызық болды. Өмірлік серігімді өзімнің күйеуім ойнайды. Ол бір қызық екен.
Актердің тілімен айтқанда, оқиғаны бағалау деген болады. Кей жағдайларда "үйде олай бермейді ғой" дейсің. Кинода басқаша. Күйеуім деп қабылдайды екенсің. Бастысы, көрерменнің көңілінен шықса деймін", - деді актриса.
Жақында 3-маусымы аяқталған "Келінжан" сериалында Айсара образында көптің есінде қалған Бадықова бұл жолы да өзіне қарама-қайшы образға тап болғанын айтады.
"Маған қарама-қайшы рөл. Мінезі бар. Қой аузына шөп алмайтын адам емес. Күйеуі басқа әйелмен қыдырады. Соны көтереді, кешіреді.
Басқа әйелдің үйіне барып ұрысады. Мен биязы, сөйлемейтін рөлде ойнасам, маған көрермен сенбейді", - дейді Бадықова.
Дариға Бадықова өзінің үлесіне түсетін рөлдерді шынайы ойнау үшін не істейтінін айтып берді.
"Мен көшеде көп жүремін. Тойға, Құдай тамаққа барсам да, қарап отырмаймын. Қонаққа барған кезде әйелдердің әңгімесін аңдитын болсаңыз, ойбай әңгімені өлтіреді.
Күйеулері басқа жақта, өздері басқа жақта. Баласының үйірмеге, бассейнге баратынын айтады. Сол жерлерден әртүрлі мінезді әйелдер шығады. Соны ұрлап, образға бересің", - дейді ол.
Бадықова Ұлттық арнаның жобасында алғаш рет бой көрсетпек. Актрисаның айтуынша, диалогта әдеби тілді қолданатын бұл арнаның сериалдарына түсу оңай емес. Оны шынайы етіп жеткізу үшін үлкен шеберлік, мол тәжірибе керек, дейді актриса.
"Мен кей редакторлардың сөзіне қарсы шығамын. Айтқым келмеген сөзді айтпаймын", - деді ол.