Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған бірнеше сериялы суреттерімен әлдеқашан жұртшылық назарына іліккен қазақтың талантты жас суретшісі Алмас Сырғабаев таяуда Түркияның бірнеше қаласында жеке көрмелерін өткізіп қайтты.
Ыстамбұл қаласының мәдениет басқармасы мен Халықаралық «Диалог Еуразия» платформасы ұйымдастырған алғашқы көрменің ашылуында Ыстамбул жұртшылығының атынан сөз сөйлеген Салих Доған екі елдің ортақ мәдени құндылықтарына тоқталды. Ол қазақ пен түрік халықтарының танымдарындағы ұқсастықтарға, өнердегі ортақ әдістерге кеңінен мән беріп, суретшінің картиналарына жоғары баға берді.
«ДА» платформасының Қазақстандағы өкілі, қаламгер, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Мәлік Отарбаев екі ел арасындағы мәдени байланыстарға кеңірек тоқталып, суретші Алмас Сырғабаевтың шығармашылығындағы көшпелі халықтар дәстүрлері мен өзгеше бояулар жайында өз бағасын берді. Бұдан соң Алмастың Ыстамбұлдағы көрмесі Измит қаласында Seka-park саябағында жалғасты. Келесі көрме бұрынғы Осман империясының алғашқы астанасы Бурса қаласында өтті. Бұл қалада өткен көрме де түркиялық талғампаз көрерменді таңғалдырды. Суретші осы көрмелерге ең таңдаулы деген 20 шақты картинасын алып барған. Олардың ішінен «Хан Тәңірі» сериясымен салынған суреттер, «Б.Момышұлы», «Күту», «Майгүл», «Көш», «Байынқол», «Дала төсіндегі жылқылар» сияқты картиналар көрермендердің жоғары бағасын алды. Әр қалада өткен сурет көрмелері жайында түркиялық ақпарат құралдары жарыса жазды.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ, фототілші, Алматы – Ыстамбұл – Измит – Бурса – Ыстамбұл – Алматы
Алмат ИСӘДІЛ