Cақау жарнамаларға сүрініп жүрміз

Таңертең үйден шығып, жұмысқа «бүгін газетке қандай материал берсем екен» деп келе жатсам, «жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей, іздегенім алдымнан іздемей-ақ табылды. Жазар тақырып жолшыбай жолықты. Бәрі сол сорлы қазақ тілінің айналасында. Сенбесеңіз, Астанадағы «Бейбітшілік» көшесімен Сәкен Сейфуллин көшесіне дейін 200 метрдей жүріп өтіңіз. Қырағы болсаңыз, біраз қате табасыз. Қырағылықтың да қажеті жоқ соған. Мәселен, біз сол екі жүз метрдің арасынан тоғыз қате таптық (!).

Көшелердегі қатеге толған қазақ тіліне қатысты мәселелер бұқаралық ақпарат құралдарынан қанша айтылып, жазылып жүрсе де, елең еткен жан жоқ. Бүгінде елордамыз – Астананың көшелері де мемлекеттік тілге немқұрайды қарайды. Мейлі жарнама, мейлі мемлекеттік органдар болсын. Оған келтірер дәлелдеріміз бар. Ол айғақтарға жұмысқа келе жатып қана ұшырастық. Егер бұл мәселенің соңына шам алып түсер болсақ, онда біраз «олжалы» болайын деп тұрмыз. Сонымен...

Астана қаласының Ішкі істер департаменті, Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы нашақорлыққа қарсы үгіт-насихатты тәуір-ақ қолға алып жатқанын қоғам көріп-біліп жүр.

Алаулатып-жалаулатып ілген есірткіге қарсы үгіт-насихаттары әр жерде бар. Тіпті қоғамдық көліктердің ішіндегі ұстап тұратын тірек тұтқаларына да ілген екен. Сондай бір тілдей қағазды көзіміздің шалғаны. Онда орысша былай деп жазылған: «Подари ребенку будущее, скажи наркотикам НЕТ!». Осыны қазақшаға аударам деп, ішкі тәртібімізді бақылайтын орган қазақ тіліндегі тәртіптен мүлт кетіпті. Орысшасынан аударам деп үш-төрт ауыз сөздің қазақшасының мағынасын есірткіге қарсы емес, керісінше, есірткіні үгіттеуші дүние қылып жіберген. Аудармасы былай боп шыққан: «Баланың болашағын ойлап, нашақорлыққа күрес ЖОҚ!». «Артық қылам деп тыртық қылған» деген осы болар. Есірткісіз балалардың болашағы бұлыңғыр тәрізді... «Баланың болашағы үшін есірткіге жол жоқ!» деген сөзді жаза алатын департаментте қазақ тілін тәуір білетін маман болмағаны ма? Елімізде қазақ тілін үйренуге барлық мүмкіндік жасалса да, қазақ тілінің әлі күнге дейін осындай сорлы күй кешуі – ол сол мекемедегі басшылықтың қазақ тіліне мұрын шүйіре қарауы. Басқа астар іздеудің қажеті жоқ.

Аялдамадан түсіп, «Пуча» дүкенінің жанынан өтіп бара жатып, Төтенше жағдайлар департаментінің өрт болған жағдайда қай жерге қоңырау шалу керектігін ескертіп ілген үлкен қабырға қағазына көзіміз түсті. «Өрт болған кезде 101 телефон соғыңыз» деп баттиған жазуды оқыдық. Бір қараған адам «Өрт болған кезде 101 рет телефон соғыңыз» деп ұғады екен. «101 нөміріне телефон соғыңыз» деп жазуға орын болмаса, жұрнақ-жалғау деген болады ғой? «101-ге телефон соғыңыз» деп жазбай ма?

Сол сөйлемнің астында «Балалардан сіріңке, шақпақтарды тығындар» деп жазған. «Тығындар» деген сөздегі «Ң» әрпінің орнына «Н» кеткен. Тағы бір мәселе, «тығыңдар» деп жалпақ жұртты құрдасындай көрмей, әдепке сай «Балалардан сіріңке, шақпақтарды тығып ұстаңыздар» десе болмай ма? «Заңмен қорғалған мемлекеттік тілге шала болған департамент іске де шала» екен деген ой келеді еріксіз.

Дәл сол дүкеннің терезелеріндегі жазуларға назар аударайық. Суреттерден көрсеңіз, құдды әлгі дүкенде ғана «жер сілкінісі» болып, қазақ әріптерінің құйрықтары түсіп қалғандай. Кейбіреуі тіптен орнынан да адасып қалыпты. «Ыдыс-аяқ» – «ыдыс-аяк», «кеңсе» – «қенсе» болып кеткен. «Қенсе товарлары», «мерекеге арналған товарлар» дегендегі «товар» сөзін қанша уақыттан бері «тауар» деп жүр емеспіз бе? Бұл енді талассыз.

Енді сол дүкеннің алдындағы дәмхананың жарнамасына келейік. «Мөлдір таңгажайып сусын» депті. «Ғ» әрпінің бел ортасындағы сызығы түртілмеген. Құдай-ау, бұл қазақ әріптеріне қайдан жау тиген?

Осы дүкенге 60-70 метр жерде «Бейбітшілік» көшесінің бойында бір кафе тұр. Соның қабырғасындағы «Ностальжи» дуэтінің жарнамасында да өрескел қате бар. «Мы рады снова видеть вас!» дегенді былай аударыпты: «Біз сіздерді қайта көруінізге қуаныштымыз!». Түсініп болмайсыз, түсінікті тілмен жазайын: «Сіздермен қайта қауышқанымызға қуаныштымыз» дегілері келген ғой. Мағыналық қатесі өз алдына, «Ң» деген әріптің құйрығы бұл жерде де түсіп қалып отыр емес пе?

Осы жерден он метр қашықтықта темір шарбақта ілінген «Зангерлік жардем» деген жазуға көзіңіз түседі. «Мұны жазған байғұстың компьютерінде қазақ қарпі жоқ-ау» дедік. «І» деген әріпті ағылшынның «і» (оқылуы «ай») деген қарпінен алып қоя салған ғой.

Тура осы маңда екі дүкен бар. Екеуінің де қазақшасы жетісіп тұрған жоқ. Біреуі «азык-түлік» деп жазып қойса, екіншісі «дукен» деп қойған. Онда да «дукен АЗИЗА» деген екен ғой. Жұрт мемлекеттік тіл бірінші тұру керек деген қағиданы ұстанып алады да, грамматиканың ережесін ұмытып кетеді-ау. Тәуір қазақшаға салсаң, «АЗИЗА дүкені» болу керек қой. Орысшасы да сонда дұрыс болады: «магазин АЗИЗА».

Осындай қазақ қаріптеріне қатысты қателерді көріп, «баяғыда латын қарпіне ауысып кетуіміз керек еді» деп зар еңірегің келеді. Мүмкін, латын әріптеріне көшкенде бұл проблемалар да қалып қалар ма еді? Оны айтып отырған себебім, кириллицада «Қ» әрпі «К» әрпіне ұқсаса, латын қарпінде «Қ» әрпі «Q» қарпімен таңбаланады ғой. Ал «К» мен «Q» қаріптерінің «сорпасы бес қайнаса қосылмайды». Сол сияқты, «Ғ» мен «Г», «Ө» мен «О», «Ң» мен «Н» қаріптерін де бір-біріне ұқсамайтындай таңбалау қажет. Мәселенің күрмеуі, мүмкін, сонда шешілер.

Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» жетекшісі:
– Бұл мәселені 20 жыл бойы айтып келеміз ғой. Мұндай мәселелермен ешкімді таңғалдыра алмайсың. Одан да өрескел қателіктер көруге болады. Менің ойымша, бұл тек заңмен ғана шешіледі. Сондықтан біз «Мемлекеттік тіл» туралы заң жобасын ұсынғанбыз. Оған қосымша «Ономастикалық туралы» заң жобасы да қажет. Оның да жобасын «Ұлт тағдыры» қозғалысы жасап шығарған. Ол баспасөзде де жарияланған. Бұл екі жоба да Үкіметтің алдында жатыр. Мысалы, Францияда көшедегі қате жазбалар үшін заңды тұлғаларға, ұмытпасам, 4 000, ал жеке тұлғаларға 5 000 еуро айыппұл төлетеді. Себебі ол мемлекеттік тілді қорлау есебінде танылады. Бізде ешқандай заң жоқ. Соның себебінен де мұндай қателіктер жойылмай келеді. Қысқасы, бұл жерде заң керек және оны бақылайтын орган қажет.

Р.S. Сонымен бізге де Францияның тәсілін пайдалану керек екен. Әр қатеге 4-5 мың еуродан айыппұл салатын болсақ, жаңағы 200 метрдей жердегі 9-10 қатеден 40-50 мың еуро пайда түседі. Әжептәуір ақша емес пе? Тілімізді тұла бойын шарпыған қасіреттен, бәлкім, сонда ғана құтқарып қалармыз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста