Ағылшынның Daily Mail басылымында «Алтын қыз: Қазақтың салт-дәстүріндегі асыл құндылықтардың бірі – құсбегілік өнерін игерген он үш жасар жалғыз қыз» деген тақырыппен мақала жарияланса, БиБиСи-дің дүние жүзілік қызметі де бұл туралы хабар таратқан. Мақаладада Моңғолия, Бай-Өлке аймағында тұратын Айшолпан (Ashol Pan) есімді 13 жастағы қыз әлемдегі ең жас құсбегі екендігі айтылған.
Іле-шала танымал бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы туралы АҚШ-та «Бүркітші» (Eagle Huntress) деректі фильмі түсірілді. Бұл туралы The New York Times басылымы жазған болатын.
13 жасар Айшолпан әлемдегі ең жас бүркітші қыз санатында тарихқа қалды. Фильмде бүркітшілік өнерді жылдам меңгерген Айшолпан Нұрғайыпқызы туралы, қазақ ұлтының дәстүрлері туралы көріністер көрсетілген. Фильм режиссері – Отто Белл.
Бүркітпен аң аулауды ер адамның ісі деп қараған фильмді түсірушілер ауыл ақсақалдарына барып, әйел адам неге айналыса алмайтынын анықтауға тырысыпты. Сонымен қатар аңды Отто Белл ұстағандағы кей көріністерді көрермен дәстүрді білмей, дұрыс түсінбей қалуы мүмкін деген оймен қысқартқанын айтқан.
Daily News «Моңғолияның батысындағы Алтай тауларында түсірілген фильм бүркітпен саятшылық жасау дәстүрін көрсетеді. Бұл көшпенді қазақтардың ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп келе жатқан өнері. Айшолпан – осы дәстүрді меңгерген ерекше қыз» деп жазды.
Айта кетейік, Отто Белл «Бүркітші қызды» «Оскарға» ұсынған болатын.