Бүлдіргі мультфильмдер бүлдіршіндерге зиян

Балалардың ішкі әлемі – тұп-тұнық, мөлдір әлем. Дүниені жанары қалай көрсе, жан дүниесі солай қабылдайтын бүлдіршіндердің тап-таза әлемін қоршаған орта, ересектер өзіміз лайлап аламыз. Сөйте тұра, «өскелең ұрпақ санасыз, жігерсіз, патриот емес» деп кінә тағып жатамыз. Біріміз күнделікті тіршілік деп, біріміз жұмыс деп, балаларымызға тиісті көңіл бөлуге уақытымыз бола бермейді. Бала тәрбиесі құрсақтан басталатынын ескерсек, мектеп жасындағы балалардың тәрбиесіне ұстаздарды кінәлап байбалам салатынымыз бекер. Мектеп жасына дейінгі балалардың тәрбие құралдарының бірі – мультфильм. Алайда суретке жан бітіріп, баланың дүниетанымын дамытатын мультфильмдер бүгінде тәрбие құралы бола алмай отыр. Себебі біз қазір қазақ мультфильмі дегенді ұмытқалы қашан?! Балаларымыз Батыстың мультфильмін төл дүниесіндей қабылдайтын болып алды. Өйткені қазіргі таңда визуалдық өнер алдыңғы орынға шығып тұр.

Өкінішке қарай, қазіргі кезде тікелей аударылып, телеарналардан көрсетіліп жүрген шетелдік мультфильмдер психологиялық және педагогикалық тұрғыдан алғанда өте сауатсыз. Мамандардың айтуынша, мұндай мультфильмдер баланың психологиясына кері әсер етеді. Осы уақытқа дейін қазақ мультфильмінің кенжелеп тұрғаны, балаларымыздың өзге елдің, өзімізге жат елдің мәдениетімен сусындап жатқаны жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Ал біз көпшілікке ой салар деген мақсатта өз ділімізге, дәстүр-мәдениетімізге жат мультфильмдердегі кемшіліктердің бірнешеуін санамалап беруді жөн көрдік.

Қазіргі мультфильмдегі ең бірінші кемшілік, ондағы бас кейіпкерлер жауыз кейіпте көрініп, басқа кейіпкерлерді өлтіріп, зұлымдық жасап жатады. Сондай-ақ мультфильмдердегі кейіпкерлердің әрбір әрекеті айналасындағыларды қырып-жоюға бағытталған. Ал осыны көріп өскен балалар қатігез, жүрексіз болмасына кім кепіл?! Ресей ғалымы А.Бандур телевизия арқылы көрсетілген зорлық-зомбылық көріністері енді қалыптасып келе жатқан баланың мінезіне қатты әсер ететінін сонау өткен ғасырдың 60-жылдары-ақ дәлелдеген екен. Жеті-сегіз жасында қатігез телебағдарламаларды көп көрген бала 30 жасында жантүршігерлік қылмысқа баратын көрінеді.

Екіншіден, мультфильм кейіпкерлерінің ерсі қылықтарын ешкім жазаламайды. Күнделікті тіршіліктегі жіберген қателіктері үшін, тиісті ережелерді сақтамағаны үшін ешкім оларды бұрышқа тұрғызып, «былай істеуге болмайды» дегенді айтпайды. Ал мұндайды көрген кішкене көрермен ненің жақсы, ненің жаман екенін айырмай, олардың санасында «бәрін де жасауға болады» деген ой қалыптасары хақ.

Үшіншіден, мультфильмдерде баланың өміріне қауіп төндірерлік, миға сыймайтын әрекеттер көрсетіледі. Баланың әдеті – көргенін қайталайды. Сондықтан бала мультфильмдердегі кейіпкерлерге еліктеп, олардың қимылын қайталаймын деп неше түрлі дене жарақатына ұшырауы мүмкін. Сондай-ақ бала өз өміріне қатер төндіретін әрекеттерді сезінбейтін болады. Ал кішкене кезінде бала белгілі бір нәрседен қорқуы да керек. Ал қорқу сезімі жоқ баланың өміріне төнер қауіп көп. Әлемдік ғалымдар осыдан ондаған жылдар бұрын мектеп жасына дейінгі балалардың жақсыдан қарағанда жаманға тез еліктегіш екенін дәлелдеген.

Төртіншіден, қазіргі мультфильмдерде ер мен әйел адамның рөлдері қалай болса солай көрсетілген. Мысалы, ер адам әйел адамға тән қылықтарды жасайды және керісінше. Киім киістері де, қимыл-әрекеттері де, бір-бірімен қарым-қатынастары да бала психологиясына кері бағытталған. Егер мектеп жасына дейінгі баланың жыныстық дамуы осы уақытта қалыптасатынын ескерсек, қазіргі қызтеке балалар мен қылығы ұлға тән қыз балалардың көбейіп кеткенінің себебін түсінуге болады.

Бесіншіден, ғалымдардың зерттеуінше, балалар үшін мультфильмдердегі қуыршақ-кейіпкерлердің сыртқы кейпі өте маңызды. Жағымды кейіпкерлер өте сүйкімді, жағымсыз кейіпкерлер керісінше, сүйкімсіз болуы керек. Ал кейіпкерлердің бәрі қандай рөлде болса да қорқынышты, құбыжық кейіпте болса, бала олардың жақсы, жаман әрекеттеріне баға бере алмайды. Кейіпкерлерге еліктегіш балалар егер мультфильмнен сүйкімді кейіпкер көре алмаса, олардың ішкі сезіміне нұқсан келеді. Бүгінгі мультфильмдердегі кейіпкерлердің кейпі – не адам емес, не жануар емес, дүдәмал құбыжық. Бұған не дейсіз?

Бір пікір:
Данияр САЛАМАТ,
режиссер:
– Мен балалар тақырыбын біраз жылдан бері қозғап келемін. Бір кездері балаларға арналған «Қалаймақан» деген журнал да шығардым. Жақында балаларға арнап «Бәйтерек» деген фильмнің түсірілімін аяқтадым. Иә, қазіргі таңда әсіресе анимациялық фильмдерді түсіру ақсап жатыр. Былтырғы жылдары үздік мультфильм сценарийіне «Қазақфильм» бәйге де жариялады. Талпыныстар жоқ емес. Алайда әзірге нәтиже болмай жатыр. Меніңше, бізде, шынымен де, қиялы жүйрік, білікті маман, суреткер жетіспейді. Өйткені мультфильмде түрлі-түрлі көркем әдістер, эффектілер көп қолданылады. Ал бұл үшін ең алдымен түсінігі қазақы мамандар қажет. Бізде ондай адамдар бар, бірақ олар мультфильмнен шет жүреді. Мысалы, белгілі карикатурашы Ғалым Смағұл деген жігіт өзінің дарынын мультфильм жасауға жұмсаса, тамаша болар еді. Ол – өзінің карикатурасында әр штрихпен көпшілікті таңғалдырып жүрген жігіт. Мультфильм үшін ең қажеттісі – бай қиял мен әдемі ойлар. Ал бізде керісінше, мультфильм төңірегінде шығармашылық потенциалы саяздау адамдар қалып қояды да, шын қолынан келетін адамдар қандай да бір себептермен басқа салаларда жүреді. Сондықтан да біздің балаларымыз Батыстың жілігі татымайтын, аудармасы айтуға тұрмайтын мультфильмдерді тамашалауға мәжбүр.

Түйін
Қазіргі мультфильмдердің жоғарыдағы секілді кемшіліктерін одан әрі тізіп, шексіз жалғастыра беруге болады. Мұндай дүниелердің кім қандай мақсатта прокатқа шығуына жол беретіні туралы да дауласа берсек, мәселенің түбіне жетіп болмаймыз. Сондықтан шетелдік дайын өнімді келсін-келмесін телеарналардан көрсете бермей, балаларымыздың болашағына кері әсерін тигізетін мультфильмдерге төтеп беру үшін төл мультфильмдеріміздің көптеп шығарылуына күш салғанымыз жөн. Сондай-ақ ата-аналар да баласының теледидардан не көретінін қадағалап, балаларымызды барынша өзгенің мәдениетіне еліктетпеуге, өз ұлтымыздың құндылықтарын бағалауға баулығанымыз дұрыс болар еді. Ал біз болсақ, дәл қазір мультфильм түсіруге қаржы жоқ, маман жоқ деген жоқтауға етіміз үйреніп, балаларымызды қазақылықтан алыстауға өз қолымызбен итермелеп отырмыз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста