Бүкіл әлемді өзіне қаратқан бүркітші қазақ қызы алғаш рет Қазақстанға келді
Әлем жұртшылығына кеңінен танымал болған Моңғолиядағы қазақ қызы - Айшолпан Нұрғалиқызы Қазақстанға алғаш рет келді деп жазады NUR.KZ.
Айшолпан конференция залына өзінің тері ішігі мен бөрігін киіп келді. Онымен бірге серігі - қыран бүркіт те келген.
Жасөспірім Қазақстанға "Көшпенділер" деректі фильмдер циклына түсу үшін келген. Фильм 12 бөлімнен тұрады. Оны Моңғолия, Ауғанстан, Қытай, Түркия және Иранда түсірген.
Деректі фильмнің премьерасы 14 қазан мен 23 желтоқсан аралығында Qazaqstan телеарнасында өтеді деп күтіліп отыр.
"Мен ата жұртыма келуді армандайтынмын, шүкір ол күн де келіп жетті. Осы жобаны іске асырушыларға зор алғысымды білдіремін", - дейді Айшолпан.
Айшолпан баспасөз конференциясы барысында өзін өте ұстамды ұстады. Ол қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын бұрыннан-ақ білгісі келіп жүргендігін айтты. Себебі, Моңғолия халқына біздің елдің салт-санасы қызық дейді.
Айта кетерлігі, Айшолпан ұлты қазақ болғанымен, өзі және бірнеше аталары тәрізді Моңғолияда туып өскен.
Сонымен бірге, тілшілерді шынашақтай қыздың бүркіттің тілін оп-оңай тауып отыруы таң қалдырды.
Естеріңізге сала кетсек, Айшолпан Нұрғайыпқызы 2016 жылы режиссер Отто Беллудың "Бүркітші" деректі фильміне түскен еді. Голливуд жұлдыздары туындыны көріп, тіпті көздеріне жас алған.
Ал, австралиялық Sia есімді әнші "Angel by the Wings" - "Періштені қанатыңа қондыр" деген ән де шығарып үлгерген-ді.