Бүгінгі «Шоқан» немесе Өнер мектебіндегі бір күн

Бүгінгі «Шоқан» немесе Өнер мектебіндегі бір күн

«Ауыл күзектен көшер алдында Шоқан Мысықты еркіне қоймай үйіне ертіп келді. Онысының екі түрлі себебі бар еді. Бірі – күзек­ке келгелі үйір болып өнері­не сүйсінген шебер бала бөлініп, өзінің үйінде қалады. Екіншісі – күздің аяғында етігі жоқ, үстіндегі шапаны далбаланған Мысық жағынан боздағы шығып тоңып жүр екен. Жаны ашып кетті. Апасына еркелене:
– Мына Мысыққа менің ана қоңыр шапанымды, жеңіл етігімді беріңізші, кисін, – деді».

Естеріңізде болса, бұл – жазушы Сапар­ғали Бегалиннің «Бала Шоқан» әңгімесінен үзінді. Мұнымен айтпағымыз, Мысық секілді тумысынан дарынды, сурет салып, ағаштан түйін түйетін балалар қазақта қашаннан бар, бірақ Шоқан секілді шын жанашыр бар ма? Осы орайда елімізде 1988 жылы іргетасы қаланған, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы­ның мектеп-интернаты және колледжі барын әлі күнге біріміз білсек, біріміз бей­хабар екенбіз. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, 7-сынып­тан бастап оқуын осы жерде жалғастыратын жас өрендер бұл жерден сурет, кескіндеме, үйлестіру, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер бойынша білім алады. Ел мәдениетінің болашағын көзбен көрмекке біз аталған оқу орнына бардық.

 – «Жастықта алған білім тасқа қашал­ған жазумен тең», – деп бастады әңгімесін оқу орнының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлдана Ғалымқызы. – Біз, міне, осындай концепция бойынша жұмыс істейміз. Тәуелсіздігімізбен бірге өсіп келе жатқан оқу орнының бірі, біз, дәл қазір өзімізді аяқтан нық тұрдық деп айта алар едік. Таяуда бізге Ираннан Мұхаммед есімді темірді көркемдеп өңдеудің шебері келді, келісімен балаларға арналған Өнер мектебін көріп таңғалды. Себебі Иранда балаларды осындай кішкен­тай кезінен өнерге баулитын арнайы мектеп деген атымен жоқ екен. Сондықтан олар­дың жоғарғы сатыларында кадр тапшы. Өнер саласында дәріс беретін ұстаздар оларда, негізінен, қарапайым кәсіпшіліктен бастап өседі екен. Өз бетінше бір бұйымдар жасап, жасаған бұйымын жәрмеңкелерге қойып, солай көзге түспесе, көтерілудің бас­қа жолы жоқ. Ал бізде ұстаздар Мәскеу­ден, Санкт-Петербургтен жоғары білім алып келеді.
Шетелден мамандар келіп қана қой­май, бұл мектептің өзі де жыл сайын Қырғызс­тан, Иран секілді бауырлас елдер­ді айтпағанда, Ресей, Чехия, Польша, Арабия, тіпті Италия секілді азулы елдерде өткен халықаралық байқауларға қатысып, бас жүлдеден бастап бірнеше орындар мен марапаттауларды қанжығаға байлап қайтатын болса керек. Соңғы рет өткен жылдың жазында Прагада өткен байқау­дың бас жүлдесін біздің Өнер мектебінің шәкірттері жеңіп алған. Орын өз алдына, мұндай байқауларға қатысу балалардың көкжиегін кеңейтіп, қиялына қанат бітіретіні сөзсіз. Осы жолы да бір қарағанға қарапайым ғана қала көрінгенімен, сондай бір паң Праганың атқан таңы мен қым-қуыт тіршілігінің қайнаған тұсы, сонан соң қайтадан тыныштық ұялай бастаған ымырт кезі көреген көзді суреткердің теңдессіз картинасына айналған еді.

– Мультфильм, анимация өнері ғана бізде қазір сәл кешеуілдеп, өз маманын күтіп жатыр. Мультфильм – бала көретін дүние. Ал баланың өзі пәк, тұп-тұнық сана-сезім иесі емес пе? Сондықтан ол бір көргеннен-ақ бар назарыңды өзіне ауда­рарлықтай жағымды бейне болмаса, анау-мынау дүниені бала қабылдамайды. Не себептен? Өйткені бүгін заман басқа. Ал егер ол сіздің оны сыйлап, оны өзіңізбен тең дәрежеде көріп тұрғаныңызды, оның басында бір керемет идея бар екенін біліп тұрғаны­ңызды сезсе, бала ғой, барынша ашылып сала береді. Біз биылғы оқу жылы­нан бастап өзімізде «анимациялық графи­ка» атты жаңа мамандық аштық. Бүгінде онда 7 бала білім алып жатыр, – деді Гүл­дана Ғалым­қызы. Ал ұстаз-ана өзінің әлі күнге мультфильмнің атасы Әмен Қайдаров ақсақалдың «Қарлығаштың құйрығы неге айырын» тамсана көретінін және еш жалықпайтынын айтты.
Сұхбаттасып болған соң біз интернатқа беттедік. Мұнтаздай тазалығы өз алдына, бейне көркемөнер галереясына енгендей күй кештік. Қабырғадағы суреттер, бұрыш­тардағы мүсіндер – бәрі-бәрі балалардың өз қолымен жасалған дүниелер еді. Міне, бір картина – үндемей ғана төменге шұқши­ған күйі қыбырламай отырған сәби. Бірақ онда күту, көну және мұң тұнып тұр еді. Бала да болса, өзіне қарар ешкім жоғын сезініп, соған көніп, көзінен тіпті жас шығармай үнсіз отыр. Шынайы шығар­ма ма? Тіл ұшы­на «Бағынған бала» деген тіркес орала берді.
– Сенбі-жексенбі күнгі телефон қоңырауынан сұмдық қорқатын болдым, – деп жалғады әңгімесін Гүлдана апай. – Суицидтің келесі бір сұмдығын жеткізетіндей көрініп, жүрегім дүрсілдеп қоя береді. Әсіресе жасөспірімдер арасында белең алған осы бір дерттің түп-тамыры баланың ошақ қасы жылуын сезінбеуінен болады екен. Қойнаудағы ауылдардан келген балаларға біз ең алдымен сол жылуды беруге тырысамыз.
Жан жылуы... Баланың ең алдымен ата-анадан, қоғамнан күтетіні – осы нәрсе. Және бір басты нәрсе, ол – тәрбие. Бабала­рымыз «ұлыңды ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болады» деген. Жыл сайын жүздеген суретші, ше­бер, ұста т.б өнер иесін түлетіп ұшыратын мектебі болуының өзі ғанибет шығар, тек соларға өз саласынан орын бермей, өгей­сітпесек жарар еді...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста