– Сізді көпшілік көрінбей кетті деп ойлайды...
– Жасыратын несі бар, қазір бұрынғыдай емес, шоу-бағдарламаларға көбіне жастар шақырылады. Оқта-текте болмаса, эфирге жиі шықпайтыным рас. Бірақ өз елімізде көзге түспегеніммен, үнемі шетелге барып тұрамын. Он жыл болды, Ресей, Чехия, Австрия, Германия, Қытай, Тайланд сияқты мемлекеттерде өнер көрсетіп жүрмін. Он бес тілде ән айтамын. Туристік компаниялардың ұсынысымен концертімді өткізіп әрі ел аралап, жер көріп қайтамын.
– Соңғы кезде Бауыржан Тұрғараевпен шығармашылық байланыс орнатқан тәріздісіз...
– Бауыржанмен 1989 жылы «Тамаша» ойын-сауық отауында танысқанмын. Ол – музыкалық білімі өте жоғары композитор. Әндері маған қатты ұнайды. Бір-бірімізбен араласа келе, ағайын адамдардай болып кеттік. Бірақ қасында қаншама жыл жүрсем де осы уақытқа дейін «бір әніңді орындайыншы» деп өтініш жасап көрмеппін. Тек іштей қатты армандайтынмын. Екі жыл бұрын өзі телефон соғып, кездесіп, әңгімелестік. Қайтыс болған ағасы түсіне кіріп, «сен неге Болатқа көмектеспей жүрсің?» деп сұрапты. Бауыржан сол жолы әртүрлі тақырыптағы 20 әнін ала келіпті. Тыңдап көріп едім, барлығы бірдей ұнады. Бір концерттік бағдарламаны түгел қамтып тұр. Сөйтіп, жиырма әнді екі жарым жыл ішінде үш студияда жаздырып шықтым.
– Неге ұзаққа созылды?
– Өйткені сол кездері шетелге барып-келуден қолым тиген жоқ. Гастрольдердің арасында үлгеруге тырыстым. Оның үстіне, кей студиялардың жұмысы көңіліме қонбады. Ақшам да, уақытым да текке кеткен сәттер болды.
– Дегенмен, нәтижесі жаман болмаған сияқты...
– Иә, барлық ән интернет желілеріндегі түрлі хит-парадтарда алдыңғы қатардан көрінді. Тіпті бастапқыда елдер хабарласып, сүйінші сұрағанда өз құлағыма өзім сенбедім.
– Соның ішінде «Ризамын» деген ән ең жоғары дауыс жинағанын байқадық...
– Бұл әннің өлеңін жазған – Ибрагим Исаев ағамыз. Ол кісі бірде «мен өмір бойы елді, жерді, Отанды, махаббатты жырлап келіппін. Жасым болса жер ортасынан ауды. Бірақ әке-шешеме ризашылығымды білдіріп, бірде-бір дүние жазбаппын. Сондықтан бір өлеңім арқылы перзенттік алғысымды білдірсем деген ойым бар» деді. Кейінірек «Ризамын» деп аталатын жаңа туындысын Бауыржанға беріп, «Болат орындаса» деп тапсырыпты. Өкінішке қарай, өзі тыңдап үлгерген жоқ. Ән дайын болғаннан кейін, бір аптаның ішінде дүние салды. «Ризамын» деген атпен әнжинақ шығарып, былтыр Хайнань аралында өткен концерттік бағдарламамды да осылай атадым. Хайнаньдықтар жүргізген сауалнама нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша, әлемнің ең үздік спортшылары мен эстрада жұлдыздарының тізіміне ілініппін. Бастапқыда бір аптаға барған едім, табиғаты мен халқының ұнағаны соншалық, қиып кете алмай екі айға қалып қалдым.
– Мәскеудегі қазіргі ағайынды Гнесиндер атындағы Музыка академиясын бітірген алғашқы қазақ азаматысыз. Біліміңіз де, білігіңіз де жетеді. Бірақ өз қатарларыңыздың ішінде Алматыда жеке концерт қоймаған жалғыз сіз қалдыңыз-ау деймін...
– Мен біреудің алдына барып, ақша сұрап, өзіме ешқашан демеуші іздемейтін адаммын. Сондықтан мен үшін Республика сарайында есеп беру түске кірмейтін жағдаймен тең. Былтырғы жылы Қапшағай, Қаскелең сияқты шағын шаһарларда тұратын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап, алты қайырымдылық кеш өткіздім. Биыл қала әкімдігі маған мүмкіндік жасап, Студенттер сарайының шығындарын көтеріп берсе, Алматыда да қайырымдылық концерт беруден қашпаймын. Қазір осы бағытта сөйлесіп, өз ұсыныстарымды жасап жатырмын. Сондай-ақ Америкадағы, Қытайдағы қандастарымызды қуантып қайтсам деген жоспарым бар. Аспанасты еліндегі бауырларымыз «Жалаң аяқ қыз» әнін міндетті түрде орындасаңыз» деген талап қойып отыр.
– «Жалаң аяқ қыз» әнін Айқын Төлепбергенге орындауға рұқсат еткеніңізде, әннің осыншалықты өзгеріске ұшырайтынын білдіңіз бе?
– Шынымды айтсам, ол бауырымыз әдептілік сақтап менің алдымнан өтіп, ең болмаса алдын ала бір ауыз ескерткен емес. Әнге клип түсіріп, эфирге шыққаннан кейін бір-ақ білдім. Жан-жақтан қоңыраулар түскен соң, интернет арқылы қарап шықтым. Әннің ноталары, мәтіні қатты бұрмаланған. Түпнұсқада жоқ сөздер, француз тілінде қайырма қосылыпты. Мағынасы мүлде өзгеріп кеткен. Бейнебаянның сюжеті де біздің болмысымызға, ұлттық менталитетімізге сай келмейді. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев ортамызда жоқ, ал композитор Төлеген Мұхамеджанов ағамыздың қалай қабылдағанын білмеймін. Өз басым қатты ұялдым.
– «Жалаң аяқ қызды» Айқын танымал етті дейтіндер де бар...
– Өзім де ««Жалаң аяқ қыз» 1989 жылы орындалғаннан кейін, көп таралған жоқ» деген пікірдегі бір мақаланы оқыдым. Осы әнді алғаш орындағанда 28 жаста екенмін. Биыл 55-ке толамын. Әлі күнге Қытайға, Моңғолияға, тіпті ауылға барсам да ел-жұрт «Жалаң аяқ қыз» келді» деп қарсы алады. Қазақ теле-радиосының «Алтын қорында» да сақтаулы.
Өнер адамдары шығармашылық жолында жүздеген ән орындауы мүмкін. Бірақ бір әні оны елдің есінде қалдырады. «Жалаң аяқ қыз» менің де атымды халықтың жүрегінен өшірмейтініне сенемін.
– 55 жылдығыңызды қалай атап өтпек ниеттесіз?
– 1 қазанға жоспарлап отырған Алматыдағы концерттен бөлек, еліміздің түкпір-түкпірін аралап, ауылдарға концерт қойғым келеді. Ешқашан ақшаның соңына түсіп, билет бағасын асыра көтерген емеспін. Әрдайым халықтың жағдайына қарайлаймын. Соңынан тыңдармандарым ақ батасын беріп, рақметін айтады. Ризашылығын білдіріп, сүйіспеншілігiне бөлейді. Маған бұдан артық ештеңе керек емес!
Әңгімелескен Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
Болат ӘБДІАХМЕТОВ, әнші: Халықтың сүйіспеншілігінен артық ештеңе жоқ
Последние статьи автора