«Болашақ кілті – білімде»
Бүгін кешкі сағат 17.00-де Алматыдағы Студенттер сарайында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұйымдастыруымен 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Болашақ кілті – білімде» атты мәдени-танымдық шара өтеді.
Салтанатты шара барысында Ұлт көшбасшысы – Н.Назарбаевтың өмірі мен қызметіне арналған көркемсуретті және деректі фильмдер ұсынылып, ел мен жер, Отан туралы әндер шырқалады. Мерекелік бағдарламада сондай-ақ университет студенттері мен ұстаздар қауымының, әскери кафедраның, «Гүлбану» ән-би ансамблінің, халық аспаптар оркестрінің және бірқатар қазақстан эстрада жұлдыздарының өнері ортаға салынбақ.
Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик:
– Елімізде биылдан бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні атап өтілмек. Бұл ең әуелі қазақ қоғамы үшін, әсіресе жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор мереке болмақ. Осы бір елеулі мерекеге біздің қарашаңырақ – университет те өзіндік үлесін қоспақ. Республика шеңберінде тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отырған «Болашақ кілті – білімде» атты мәдени-танымдық шараның мақсаты еліміздің келешегі саналатын жастарды патриоттық рухта тәрбиелеп, олардың заманауи білімді игерген ұрпақ ретінде қалыптасуына жол ашып, Тұңғыш Президенттің көшбасшылық қасиеттерін бойларына сіңіру болып табылады.
Осы шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, еліміздің Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ардагерлер қатыспақ.
Қазіргі заман жаңа бастамалар мен тың идеяларды талап етуде. Соңғы уақытта Елбасы инновациялық технологиялардың дамуына көп көңіл бөлу қажеттігін баса айтуда. Осы ретте аталған жоғары оқу орнының қызметкерлері мемлекет қойып отырған талап деңгейінен көрінуді өздерінің парыз-міндеттері санайды.