Гүлнәр СИҚЫМБАЕВА, ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші:
Бойымның ұзындығы вагондарда сумка лақтырғанда көп көмектеседі
– Менің бойым екі метрге сәл-ақ жетпейді-ау деймін. Бірақ бала кезден осы бойдан тартқаным-ай. Мектеп қабырғасында өмір бойы ең соңғы қатарда отырдым. Кейін әншілердің түрлі сайыстарына қатысып, ақтық сынға барлығын сахнаға тізіп шығаратын әдеттері бар емес пе, сонда олармен қатар тұруға ұялатынмын, тығылып тағы артқы қатарға тұрамын. Өзім интернатта өстім, әлі есімде, көйлектен-көйлек шақ келмейтін. Етегіне етек жалғап, оны білдірмей үтіктеп, тігіп алып киіп жүре беретінмін. Бірақ бойымның ұзын болғаны қазір маған қатты ұнайды. Ұнамайтын бір жері бар, той-томалаққа бара қалсаң, еркек атаулы вальске шақырудан жасқанады. Көздері мөлдіреп-мөлдіреп отыра береді, ал менің билегім келеді, сонымен, амал нешік, еріксіз сен де отырасың, тіпті ұялам кейде. Ал тұрмыстық жағдайда пайдасы өте көп. Төбені жуу, шеге қағу, шкафтардан ыдыс алу деген жұмыстың барлығы мен үшін проблема емес, ешкімге жалынбаймын. Әсіресе пойызбен жүргенде қандай рақат, білесіз бе? Әнші болғаннан кейін гастрольдық сапарға көп шығамыз, шабаданды көп тасимыз дегендей. Өзіңіз де білесіз, сөмкелерді үшінші қабаттағы сөрелерге қою керек. Бір емес, бірнеше рет қайталанған оқиға, вагондарға сумкаларды тасығыш жігіттеріміздің үшінші қабаттағы полкаға бойлары жетпей секіріп тұрады. Қазіргі еркектердің бойлары көбіне тайпақ қой, содан не керек, сөмкелерді өзім-ақ көтеріп алып лақтырып жіберемін. Көздері бақырайып, таңдана қарайтындардың әрекетіне қазір бойым үйреніп қалыпты.
Маржан АРАПБАЕВА, әнші:
Аласа бой қоршаулардан аттағанға жақсы
– Бойымның аласалығынан еш кедергі көрген емеспін. Ел қатарлы сахнаға шығып, өнер көрсетіп, тұрмыс құрып, баламды өмірге әкелдім. Бірақ маған семіруге болмайды, соны білем. Бойымның тым аласа болғанымен қоймай, домалақ болсам, міне, сұмдық сонда болар еді. Концерттер өтетін жерде көбіне қоршаулар, темір шарбақтар тұрады ғой, сол қорғандарыңыздан секіріп өту мен үшін қиын емес. Биік дуалдардың астынан өтіп кететін кездерім де болады. Көп адамнан естігем, «Маржан, саған қандай жақсы бойың кішкентай, кез келген жерге сыйып кетесің, орынды көп алмайсың» деп жатады. Өткен күзде Түркияға бардық. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Анкараның мэрі кездесті, артынан концерт қойдық. Сол шарада «ой, бір ұзын бойлы болайыншы» деп, 21 сантиметр өкшелі туфли сатып алдым. Ол 21 сантиметрлі өкшеден бөлек, оның 9 см табаны тағы да бар. Дәл сахнаға шығар бетте микрофонға жүгіремін деп, аяғымды қайырып алғаным. Аяқкиімімнің баулары үзіліп, сахнаға еріксіз шәркей құсатып сүйреп шықтым. Тобығымның ауырғаны сондай теңселіп билегенім әлі есімде. Әрине, қазір күлкілі ғой, бірақ сол кезде жыларман болып қиналдым. Бірақ Алуа Қонарованың сол кезде былай дегені бар: «Маржан, сен бойыңның аласалығынан қымсынба. Жалаңаяқ шықсаң да, сенің дауысың биік, зор, мұндай биік өкшені киюдің қажеті жоқ», – деді. Қайдам, мен ол туфлиімді жөндетіп алып, әлі күнге киіп жүрмін. Ал тұрмыста шкафтың жоғарғы сөресіне бойым жетпеді деп мұңаймаймын, Құдайға шүкір, орындық бар.
Бойыңыз ойыңыздан шыға ма?
Последние статьи автора