Бізкестенің бағасын білеміз бе?
Еліміз егемендік алған тұста Моңғолиядан ата-жұртқа көшіп келген Зейнелхан Мұхамеджан мен жұбайы Гүлжай Хұсман сынды суретші, шебер жандар есімі бүгінде КИНЕС секілді рекордтар кітабына енген. Несімен дер болсақ, қазақтың кесте өнерін жаңаша бағытта дамытып, бейнелеу өнерінің жаңа бір жанры деңгейіне жеткізген Зейнелхан Мұхамеджанұлының еңбегі талай-талай халықаралық көрмелерде таңданыс туғызып, жоғары бағаға сатылып жүргелі талай жылдың жүзі болып қалды.
– Біз Моңғолиядан ең алғаш көшіп келген оралмандардың бірі боламыз, – деп бастады әңгімесін Зейнелхан ағамыз. – Мамандығым – суретші, бейнелеу өнері мамандығын мен сол Монғолиядан алғанмын. Суретші көп, бірақ солардың әрқайсысы танылу үшін, өнерін беріп кету үшін өзіне шығармашылық жол таңдайды. Сол секілді мен де өз жолымды көп іздедім. Басымды тауға да ұрып, тасқа да ұрып жүрген кезімде жолдасым үйде үнсіз кесте тігіп отыратын. Бір күні қатты қынжылып отырып, әлгіге көзім түсті. Ой жүйрік, бір мезетте «осыны үйренсем қалай болар екен?» деген дән түсті басыма. Ол, ұмытпасам, 1985-86 жылдар болатын, сонда жолдасым екеуміз «тәуекел» деп, ең алғаш шағын ғана жұмыс жасадық. Жыл аяғында Моңғолияда жас суретшілердің көрмесі өтетін болып, әлгі тұңғыш еңбегімді соған тапсырып, бағымызды сынап көрмек болдық. Ол көлемі 40*40 натюрморт болатын. Бір-екі айдан кейін «сіздің жіберген жұмысыңызды дирекция қоры таңдап алды, қаламақыңызды аудардық» деген тілдей телеграмма келіп тұр. Оқи сала рас-өтірігіне сене алмай, қуанып кеттік. Оған дейін қылқаламмен орындалған суреттерімді көрмеге қойған болатынмын, бірақ онда әртүрлі сын естіген соң, қоя салғанмын, ал енді бұрын-соңды жасап көрмеген ісім – кестемен көмкерілген суретімнің көрмеге қойылып, оның сатылып кетуі маған «міне, мен өз өнер жолымды таптым» деген пайым сыйлады. Жұбайыммен отасқанымызға 30 жыл болды, соның 25 жылын қазақтың кесте өнерін дамытуға арнаппыз.
Алғаш атамекенге оралған жылдары елде әлеуметтік қиындық, одан қалса, рэкеттер қаптап, «жолда ананы тонап кетіпті, мынаны былай етіпті» деп шулап жатқан тұс. Талдықорғанның Қапал ауданына қоныс тепкен суретші жанұясы солайша 1996 жылға дейін иек астындағы Алматыға жете алмай жүрген. Көшіп келген бойда Зейнелхан Мұхамеджанұлы бірден Жазушылар одағына тартып отырады. Ондағылар суретші өнерін көрісімен, тіпті мұндай өнердің Кеңес Одағында жоқ екенін айтып, көрме ашуға бағыт береді. Ал араға жыл салып, 1997 жылы атақты шебер Дәркенбай Шоқпарұлы Ақши ауылында қолөнердің үлкен музейінде Алматыдағы қолөнершілерді жинап, сол жерде де суретшінің ортаға араласып, ел-жұртқа танылуына мүмкіндік ашылады. Таяуда Зейнелхан Мұхамеджанұлының «Алматыкітап» баспасынан «Қазақтың кесте өнері» атты кітабы жарық көрді. Ал оны жазу барысында шебер таудай қиындықпен ұшырасқан еді. Себебі кесте өнері жайлы дерек тіпті жоқтың қасы екен. Тек қана «осылай болған, осындай заманда» дегені болмаса, қай еңбекте болсын әрі қарай ою-өрнекке өтіп кетеді. Демек, біздегі деректер бірыңғай тек ою-өрнектің философиясына құрылған да, оның жүзеге асу технологиясына ешқандай мән берілмеген.
Ең қызығы, кесте тігу – қазақ ұғымында қыз-келіншекке тән өнер. Сондықтан Зейнелхан Мұхамеджанұлын Қазақстан, қала берді Орта Азия бойынша тұңғыш ер кіндікті кестеші десек, еш қателеспейміз. Біз түгіл, ер кестешіге Францияның Рейн қаласында өткен көрмеде француздар, еуропалықтар таңғалыпты. Ал Зейнелхан ағамыздың өзі өнерді ер, әйел деп бөлудің өзі қате дегенді алға тартады. Расында, өнер жас та, жыныс та талғамайды. Тек оған деген көзқарасты туғызатын әр қилы менталитет. Мәселен, қазақта тағам жасау біржақты әйелдің ісі саналса, Еуропада аспаздардың барлығы дерлік ерлер болып келеді. Сондықтан бізге ол оғаш секілді көрінеді.
Зейнелхан Мұхамеджанұлының кестеге, жалпы, бейнелеу өнеріне енгізген үлкен жаңалығы – белгілі бір философияға құралған картина кестелеуінде. Себебі оған дейінгілер тек киім-кешек, төсек-жабдық сынды тұрмыстық бұйымдардағы ою-өрнекті ғана кестелейтін болған. Ал бұл шебер бізкестемен «Таңбалы тас», «Күлтегін» секілді 300-ге тарта картина кестелеп, оны тек қазақ шекарасында ғана қалдырмай, алыс-жақын шетелдерге, халықаралық көрмелерге шығарып, солайша Алаш атын аспандатып жүр. Кестеші шеберханасындағы дайын болған жұмыстар арасында кәдесый (сувенир) де табылады. Бағаларын сұрап едік, көрмеге келген жұртшылыққа ұсынылатын еңбектің ең шағыны 30 мың теңге болса, ал енді халықаралық көрмелер жайлы әңгіме бөлек. Бірде тіпті аукционға тігілген Зейнелхан Мұхамеджанұлының еңбегін еуропалық бір сатып алушы 35 мың фунт стерлингіге бағалапты. Оқиға былай болған:
– Осыдан үш жыл бұрын Орталық көрме залының директоры Әсел Төтеншинованың ұйытқы болуымен Қазақстандағы бірнеше суретшінің жұмыстарымен қатар біздің еңбегімізді де дүниежүзіндегі ең атақты Криштис аукционына алып барды. Сол жерде менің бір ғана жұмысым 35 мың фунт стерлингке сатылды. АҚШ долларына шаққанда, бұл шамамен 70 мың доллардай шығады. Әрине, бұл сомадан мен өзім о баста келісімшарттағы көрсетілген бағаны ғана алдым, ал қалғаны түгел балалар қорына кетті. Бұл жерде мен бізге сондай мүмкіндік беріп, дүниежүзілік деңгейге алып шыққан ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Себебі ондай дәрежедегі көрмеге жеке суретшінің өз бетімен шығуы мүмкін емес. Сондай-ақ мен өз еңбегімнің дүниежүзілік нарықтағы бағасын білдім. Шетелдегі өнерге деген көзқарастан бізге үлгі алу керек, себебі онда еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін өнерді соншалық түсініп, оның алдында бас ие біледі. Ал бізде кейбір шенеунікпіз деп шіренгендердің суретке қарап тұрып, «неге мынаны фотосуретке ұқсатып анық шығармайсыңдар?» деген сұрағына не күлер, не жыларыңды білмейсің.
Демек, туынды бағасын анықтайтын автор да емес, оған деген көзқарас, яки өнерді неғұрлым биік деңгейде түсінетін қоғам одан ақшасын аямайды. Негізінде, қазақ өнерді бағалауды білмесе, онда небір керемет өнер түрлерін туғызып, әлі күнге әлемді таңғалдырмас еді. Олай болса біз неге бүгін құндылықтарымызды бағалай алмай қалдық? Қарап тұрсақ, бұған халқымыздың бастан өткерген тарихи тағдыры әсер еткен секілді. «Ораза, намаз – тоқтықта» дегендей, қандай өнер түрі болсын қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда тумай ма? Ал ата-бабамыз мамыражай күндерді бастан аз өткеріп, есесіне, жаугершілікті барынша көрді. ХVIII-ХІХ ғасырды айтпағанда, ХХ ғасырдың өзінде Қазан төңкерісі, ашаршылық, репрессия, соғыс, міне, осындай бірінен кейін бірі жағадан алған заман, балапан басы мен тұрымтай тұсында халық та құндылыққа деген құрметін азайтып алатын болса керек. Дегенмен бізкестешілер еңбегі ЮНЕСКО-ның сапа белгісін жеңіп алған. Ал мұндай бағаға ие болу деген сөз аталған өнердің сапалық, көркемдік дәрежесі халықаралық деңгейге жетті дегенді білдіреді. Есімі сондай-ақ Қазақстанның КИНЕС рекордтар кітабына енген Зейнелхан Мұхамеджанұлы бүгінде Орал Таңсықбаев атындағы Алматы қалалық сәндік қолданбалы өнер колледжінде жас жеткіншектерге дәріс береді. Шәкірттерінің осы өнерге деген қызығушылығын көріп, «әттең, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясы секілді жоғары оқу орындарында осы салада мамандар даярлауға ден қойылса» деп армандайтынын жасырмады.