15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай, ақтөбелік өнерлі отбасылар әдемі ән кешін ұйымдастырды. Өмірде де, өнерде де бірге жүруге бел шешкен жарасымды жұптардың сахнада сызылта салған әндері мен қосыла орындаған шығармалары көпшілікке әдемі әсер қалдырды. Кештен қайтқан әр көрермен екі кеменің басын тең алып жүрген жұбайлардың өнерлеріне тәнті болды.
БҰҰ Бас Ассамблеясының бекітуімен 1993 жылдың 15 мамырынан бастап бұл күн Халықаралық отбасы күні ретінде атап өтіліп жүр. Бұл дата әртүрлі мемлекеттер қауымдастығының назарын отбасының толып жатқан проблемаларына аударту үшін белгіленген күн болатын. Өйткені қоғамның негізгі институттарының бірі, адамзаттың әлеуметтануының алғашқы қадамы болып табылатын отбасы уақыт талабына өз бетінше әсер етіп келеді. Яғни қоғамның қажеттілігіне қал-қадерінше жауап беріп, қоршаған әлеммен бірге дамып, өзгеріп отырады. Адам өмірі отбасынан басталады. Сол отбасынан алған тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесінің нәтижесінде адамзат болып қалыптасады. Бір сөзбен айтсақ, отбасы дегеніміз – махаббат пен құрметтің, береке мен сүйіспеншіліктің көзі.
Осыған орай Ақтөбе облысы әкімі жанындағы отбасы және қауымдастығының бастамасымен «Біз көтерген шаңырақ» атты кеш ұйымдастырылды. Мұны отбасы мүшелерінің шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған бірден-бір іс-шара деуге болады. Жобаның мақсаты елімізде рухани және отаншылдық құндылықтарды жаңартуға негізделген. Кешке өнер сахнасында қатар жүзіп жүрген 15 өнерлі шаңырақ қатысты. «Өмірде тағдыр айдап, кездестім өзіңменен» деп өмірлерін әнмен өрбіткен әр жұп өз шығармаларын әсерлі орындап, жиналғандарды өнерлеріне тәнті етті. Бірі – ұстаз, енді бірі басқа салада қызмет етіп жүрсе де, өнерді өмірлеріне серік еткен отбасылардың бүгінгі қойылымдары отбасының бірлігін одан әрі нығайту мен өнердің туын биік ұстай білуге негіз болды. Отбасында өсіріп отырған ұл-қыздары да өнерден құралақан емес жұбайлар қоғамға болашақ мәдениет жанашырларын дайындап өсіріп жатқандарын сөз арасында тілге тиек етті.
«Біз көтерген шаңырақ»
Последние статьи автора