Біз әлемде болып жатқан құбылыстардан бөлек өмір сүре алмаймыз

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

 

Қазақтың әлем таныған қайраткер ақын ұлы Олжас Омарұлы Сүлейменов таяуда Еуропадан елге келіп, 18 мамыр күні туған күнін алматылық студент жастардың арасында өткізді. Келесі жылы, амандық болса, өзінің 75 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Олжекең туған күнін бұл жолы да алаулатпай, жалаулатпай-ақ, оқырмандарымен жүздесуді жөн көріпті. Осы орайда сейсенбі күні Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ақынмен кездесу кеші болды.
Бұл мәдени шараны ұйымдастырушы университет ректоры, академик Тілектес Есполов: «Біздің университетте негізінен ауылдан келген ұл-қыздар оқиды. Сырт көзге қарағанда, мұндағы жастар өнер мен әдебиеттен алыста жүргендей көрінетін шығар. Алайда бізде де талантты жастар баршылық. Сондықтан да Олжекеңнің ауыл балалары оқитын біздің оқу орнына деген ықылас-пейілі ерекше. Оның үстіне университетіміздің жанында біраз жылдан бері «Олжас Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие орталығы» жұмыс істейді. Осындай ірі қайраткер тұлғаның жастардың арасына келуі оларды қанаттандырды», – деп жүрекжарды пікірін айтып өтті. Ақынның еліміздің болашақ ауыл шаруашылығы мамандары оқитын университет студенттерімен болған әдеби кешке, сондай-ақ Мұрат Әуезов, Ұлықбек Есдәулет, Сафар Абдулло сынды белгілі қаламгерлер қатысты. Жас оқырмандардың шағын сахналық қойылымына ұласқан поэтикалық кешті көзіне жас ала отырып тамашалаған ақын жылы жүздесу соңында көпшілікпен өз ойын бөлісіп, ағынан жарылған еді. Оқырман назарына Олжекеңнің ой орамдарының кейбір тұстарын ұсынуды жөн көрдік.

Адам денсаулығын жақсартуда артта қалып келеміз
Қазақ жерінде ядролық полигонның жабылғанына 20 жылдан асты. 40 жыл бойы Семей өңіріне, сондай-ақ жалпы халқымызға у ішкізіп келген ядролық полигонда бірнеше жүздеген жерүсті және жерасты сынақтары жасалған. Жарылыс салдарынан миллиондаған жазықсыз жандар зардап шекті. Бүгінде олардың ұрпақтары жарылыстардың залалын әлі тартып келеді. Алайда жарылыстар тоқтатылғанымен, содан туындаған өзге де проблемалар әлі шешімін таппай отыр. Біз қырық жылғы қырғында жоғалтқан құндылықтарымызды қайта қалпына келтіре алмай жүрміз. Бүгінгі ең басты мәселе – ядролық сынақтардан айтарлықтай зардап шеккен қауіпті аймақ тұрғындарының денсаулықтарын жақсартуға көп күш жұмсау қажет. Өкінішке қарай, дәл осы мәселені оңтайлы шешу жағынан біз Жапониядан әлдеқайда артта қалып қойдық. Олай дейтін себебім, жапондар ядролық сынақтардан көп зиян шеккен Хиросима, Нагасаки қалаларындағы тұрғындар арасындағы өмір сүрудің орта жасын ұзартуға және олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға қысқа мерзім ішінде қол жеткізе білді. Бұған жапондар адам денсаулығына бірінші кезекте жіті көңіл бөлгеннің арқасында жетіп отыр. «Невада-Семей» қозғалысы тарапынан бұл төңіректегі түйінді мәселелер тиісті жерлерге талай мәрте айтылып та, жазылып та жүр. Онда «ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек беретін халықаралық қор» құру қажеттігі көтерілген.

Бұл тек Семей полигонынан зардап шеккендерге ғана қатысты емес. Ядролық жарылыстардан зардап шеккендер жайы жалпыадамзаттық проблема болып отырғандықтан, біз бұл жөнінде Біріккен Ұлттар Ұйымына дейін бірнеше ашықхат жолдағанбыз. Әлемнің әр бұрышында кезінде ядролық сынақтар жүргізгенде бұл жағын ешкім ойламады. Сонда әрбір сынаққа жұмсалатын бірнеше миллиондаған ақшаның белгілі бір бөлігін арнайы қорға жинақтап отырғанда, жарылыс зардаптарын дер кезінде жойып отыруға болар еді. Дегенмен ядролық қаруды қолдануға бірінші болып қарсылық танытып отырған қазақстандықтардың жан айқайына басқалар да қосылып, қолдау білдіреді деп сенемін. Бүгінде ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәртебесіне ие болып отырған біздің Тәуелсіз мемлекетіміз осы мәселеде сәтті қадамдар жасай бастағаны белгілі.Осы орайда көп ұзамай «Ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек беретін халықаралық қор» құрылатын болса, полигон құрбандарының денсаулықтарын біршама жақсартуға үлкен мүмкіндіктер туар еді.
Соңғы кездері Қазақстанда «ядролық отын банкін» сақтау жөнінде пікірталастар жүргізіле бастады. Бұдан сескенудің қажеті жоқ, өйткені мұның экономикалық жағынан алғандағы тиімділігі де жоқ емес. Қазіргі уақытта Қазақстанмен қатар, АҚШ пен Ресей ядролық отынға иелік еткісі келетіні де ашық айтыла бастады. Бірақ бұл мәселенің нүктесін МАГАТЭ-нің өзі қояды. Бізде бір ғана талап бар: егер де ядролық отын қазақ жерінде сақталатын болса, оның қауіпсіздігіне МАГАТЭ мамандары өзі жауап бере алатындай толық кепілдеме берулері тиіс.

Әдебиетті әлеуметтік катаклизмдерден қорғау керек
Кез келген қалам иесінің оқырмандары тарапынан жақсы қабылданып, мойындалып, бағалануы оны қатты толқытады әрі шабытына шабыт қосады. Соңғы жылдары қаламгерлер қауымы өздерін оқырмандарынан бөлек сезіне бастады. Олардың көбі сөздерінің бос кеңістікке кетіп жатқандығына қынжылады. Рас, бүгінде жазушы мен оқырман аудиториясының арасы сәл де болса алшақтап қалғаны байқалады. Десек те, қазақ әдебиеті өзінің күш-қуатын жоғалтқан емес. Мен елімізде шығып тұратын әдеби басылымдарды жиі парақтап тұрамын. Жақында «Простор» әдеби журналының кезекті саны қолыма тиді. Сонда бүгінде бақилық болып кеткен бірнеше қазақ қаламгерлерінің шығармалары басылған екен. Қарап отырсақ, Қазақстан Жазушылар одағының соңғы өткен бір съезі мен бір съезінің аралығында 96 қаламгер дүние салыпты. Одан бері де он шақты қалам иесі жарық дүниемен қош айтысты. Олардың біразы менің Жазушылар одағына басшы болып отырған кезімде мүшелікке қабылданған еді.

Ұлт әдебиетіне қызмет еткен сол қаламгерлер енді арамызда жоқ. Мұны ойлаудың өзі жүрекке салмақ түсіреді. Бұл – небәрі бес-ақ жылдың ішінде жоғалтқанымыз. Көбінің жасы 50-ден аспай кеткен. Олардың басым көпшілігі ақындар. Бұл – қазақ әдебиеті үшін орны толмас ауыр қазалар. Өкінішке қарай, бұл аяулы қаламгерлеріміздің көбі елеусіз қалып барады.

Сталин зұлматы кезінде де қаламын қару еткен біздің арыстай азаматтарымыздың қаншасы өлім құшты! Оған сол кездегі түрлі саяси ахуалдардың теріс жақтары себеп болды. Бұл жалпы қазақ халқы үшін, оның ішінде қазақ руханияты үшін үлкен трагедия болды. Ал жоғарыда айтып өткен 96 ақын-жазушының өліміне қоғамдағы әлеуметтік-тұрмыстық проблемалардың да әсері жоқ емес екендігі аян. Мұны руханият пен нарық заңдылықтарының қақтығысы тудырған құбылыс демеске шарамыз жоқ. Осы ретте әсіресе жас ұрпақтың санасы ояу болуы керек. Сондықтан да әдебиетімізді түрлі әлеуметтік катаклизмдерден қорғай білу қажет.

Барлық тілдерді бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды
Біздің жас күнімізде мектептер мен жоғары оқу орындарында әсерлі әдеби кештер жиі ұйымдастырылып тұратын. Сол тұстарда жазушы мен оқырман арасында тығыз байланыстар орнады. Қаламгер өзінің қоғамға керек екенін, сөзін тыңдайтын жұрттың бар екенін жақсы сезінетін. Осы үрдіс біртіндеп саябырсып қалғандай. Оны дамыту керек. Меніңше, осындай кішкентай шаралар әдебиеттің насихатына үлкен септігін тигізеді. Қазіргі уақытта тіл туралы проблемалар жиі көтеріле бастады. Осы тұрғыдан алғанда, ұлт әдебиетінің дамуына үнемі қозғау салып тұру қажет. Себебі әдебиет жоқ жерде тіл де болмайды. Қазір әсіресе қала адамдарына қазақ тілін жетік білу керек. Ауыл онсыз да қазақша сөйлейді. Әйтсе де орыс тілінің аясы анағұрлым кең екенін ескеру қажет. Қанша дегенмен, орыс тілі – еуразиялық кеңістікте кеңінен қолданылатын тіл. Мен үшін ол жұмыс тілі болып саналады. Осы тілде жазылған шығармаларым мен басқа да еңбектерім арқылы мен қазақты өзге елдерге танытуға себепкер болдым деп есептеймін. Мен тілдердің шығу тегін зерттеп жүрген адам ретінде әлемдегі барлық тілдердің түбірінен көне түркілердің сөздерін тауып, мыңжылдықтар тарихына үңілдім. Бір анығы, барлық тілдерді бір-бірінен жеке-дара бөліп қарастыра алмаймыз. Мысалы, славян тілдерінде көне түркілерге тиесілі сөздер көп кездеседі. Зерделей түссек, оның үлес салмағы 40 пайыздан ары асып кетуі де мүмкін. Осы сияқты түркі тектес тілдерде де славяндарға тән дүниелер ұшырасып жатады. Тілдердің бәрі де бір-бірімен тығыз байланыста. Бұл ретте қазақ тілін де өзге тілдерден бөлшектеп қарауға болмайды. Осындай заңды құбылысты дұрыс қабылдай білу қажет. Қазақ тілін дамыту үшін өзге тілдерді мүлдем сыртқа ысырып тастау қисынсыз. Оны тек ана тіліміздің өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып жетілдіруге күш жұмсамақ керек. Өйткені біз әлемде болып жатқан құбылыстардан бөлек өмір сүре алмаймыз.
 

Жатақхана дәптері
Жалпы, қыздар қашанда жинақы, пысық келеді ғой. Олардың жатақханадағы бөлмелерінде үнемі дәм-тұз үзілмейтін. Қарнымыз ашқанда сонда баратынбыз. Мәскеудегі әдебиет институтында оқып жүргенде израильдік Шуламит Шалит деген курстас қыз болды. Ол бірде өлең жазуға дәптер арнап, мен барған сайын «мынаған өлең жазып кетші» дейтін. Сөйтіп, мен бір өлең жазып болғанша, ас та дайын болатын. Бара-бара бұл дәптер толып, шағын бір жинаққа лайық өлеңдер жиналып қалды. Жатақхана дәптеріндегі сол өлеңдер кейін жинақтарыма енгізілді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста