Аңсаған – болашақ балет бишісі. Ол 10 жасынан бастап биді кәсіби түрде үйрене бастады. Белгілі бард-әнші, сазгер Қадырғали Көбентай мен Рәбиғадай өнерпаз жандардың отбасында дүниеге келген тұңғыштары Аңсаған кішкентайынан саусақтары майысып, биге деген икемі ерекше еді. Бүгінде А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің ең үздік оқушыларының бірі атанған Аңсаған би өнерінің тек практикалық жағын ғана емес, теориялық жағын да терең игеруге талпынуда.
Би өнері, соның ішінде классикалық балет – өте күрделі жанр әрі бишіден шеберлік пен төзімділікті талап етеді. Алматы қаласындағы А.В.Селезнев атындағы хореографиялық училищеге 4-сыныптан кейін оқуға түсуге талаптанған оқушылар өте жоғары талаппен іріктеліп алынады. Айталық, бір жылда училищеге жүз талапкер оқуға түсуге бақтарын сынаса, соның оны ғана қабылдануы мүмкін. Аңсаған да би мектебіне 4-сыныптан кейін қабылданып, бүгінде училищенің атынан түрлі би байқауларына, конференцияларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. А.В.Селезнев атындағы хореографиялық училищеде жыл сайын оқушылар арасында ғылыми конференция өткізіліп тұрады. Бұл конференцияда ұлттық және әлемдік би, сондай-ақ өз халқымыздың және әлемнің атақты бишілері туралы түрлі тақырыптар ортаға салынады. Болашақ бишілер тек би билеуді ғана үйреніп қоймай, конференцияда қозғалған би өнерінің қыры мен сыры хақындағы іргелі тақырыптар арқылы кейбір бишілердің көпшілікке беймәлім өмірінен кеңінен мағлұмат алып, өз салаларының нағыз білікті, білгір мамандары болып шығады.
Таяуда жылдағы үрдіспен училищеде кезекті ғылыми конференция өтті. Аталған конференцияға биыл Аңсаған алғаш рет қатысып, жүлделі орынға ие болды. Аңсаған қазақтың биші қызы, белгілі ұстаз Ы.Алтынсарин сыйлығының иегері, Білім беру ісінің үздігі Жақыпова Қуаныш Майлинқызы туралы ғылыми баяндама жасады. Аңсағанның конференцияда қорғаған тақырыбына арқау болған тұлға – Қуаныш Жақыпова жақында ғана Жапониядан оралған болатын. Ол аспанасты елінде биден дәріс беріп, мамандар даярлаған. Биші-ұстаз Қуаныш Жақыпова Жапониядан келген кезде Аңсағанның өзі туралы ғылыми баяндамасын оқып, ризашылығын білдірді, өнердегі шәкіртіне кітабын сыйға тартты. Қуаныш Жақыпова да Алматыдағы хореографиялық училищені тамамдаған. Ол кейін Мәскеудегі ГИТИС-те білімін жалғастырды. Би өнерінің білікті маманы әрі ұстаз Қуаныш Майлинқызы – ең алғаш француз тіліндегі би туралы еңбектерді қазақ тіліне аударып, кітап етіп шығарған адам.
Аңсаған өзі классикалық биді таңдағанымен, қазақтың ұлттық биін де, басқа да халықтық билерді өте жақсы билейді. Сондай-ақ ол училищеде жыл сайын өткізілетін «Өрлеу» халықаралық байқауына қатысып тұрады.
– Мен өзіміздің қазақ билерін өте жақсы көремін. Алайда әлемдік классикалық, күрделі өнерді игергім келді. Балетте аяқ алысың, әрбір қимылың маңызды, керек жерде қайғырып, керек жерде күлуің керек. Біздің училищені бітірген түлектер міндетті түрде театрда биші болады. Мен де болашақта үлкен театрдың бишісі болып, Қазақстанды өнеріммен әлемге танытқым келеді. Зейнеткерлікке шыққанда өзімді балетке баулыған жетекшім Гүлзира Әшімовадай ұстаз болып, шәкірт тәрбиелесем деймін, – дейді Аңсаған Қадырғалиқызы. Ал біз осынау бекзат өнерді таңдаған өнерпаз жасқа «Өнердің өріне өрлей бер» дегіміз келеді.
Классикалық бидің қарашаңырағы
А.В.Селезнев атындағы хореографиялық училищенің негізі 1930 жылдары қаланған. Училище тарихында көптеген білікті мамандар қызмет етті. Бұл білім ордасында 8 жыл бойы білім алатын оқушылар жыл сайын шетелдерге шығып, концерттер беріп тұрады, түрлі жарыстарға қатысады. Басқа елдерден би мамандары келіп мастер-класс өткізіп тұрады. Училищеде би анасы атанған Шара апамыз еңбек етіп, қазақтың халық билерін оқытуды жоғары деңгейге көтерген. Бүгінде училищеде Шара Жиенқұлованың шәкірті Ғайникамал Бейсенова және басқа да би мамандары дәріс береді.