Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Ешкімге зияным жоқ жүрген жанмын.
Кісіге өзім деген бас имеймін,
Өзім әнші, өзім сал, кімге зармын?» –
деп қазақ көгінде еркін самғаған, Арқаның ақберен әншісі, ақын, сазгері, ақпейілді Алланың арда жаратқан, қазақтың маңдайалды ұлы – Біржан сал. Қоянды жәрмеңкесін алғаш ашқандардың бірі Біржанды үлгі тұтпаған әнші-ақын жоқ. Қазақтың бас ақыны Абаймен кездесіп, Абайдың «Біржан-ау, өзіңдей қазақта енді әнші тумас» деген сөзіне: «Абай, мендей әнші туар, бірақ өзіңдей тыңдаушы тумас!» – деп қос талант бір-бірінің қадіріне жете білген. Біржан, Ақандардың ізін басқан інілері бар бұл заманда олардың алтын басын бағалар Абайдай бір тыңдаушыға зар болғанымыз өтірік емес. 2009 жылы күзде көрерменге жол тартқан «Біржан сал» фильмінде салдың: «Мен болашақта қазақтың жақсы өнерпазының басы табалдырықта қалып, өнерсіз, надандар төрге шығып кете ме деп қорқамын!» – деген жері бар. Расында, Біржан қауіптенген қорқынышты зар заман келіп жетті. Арзан қол, жеңіл ән етектен басып, төске өрлеген, нағыз әнші тыңдалмай тұрған уақытта не істемек керек? Дәстүрлі ән өнерінің өзі толыққанды дәріптелмей жатқан қазіргі кезеңде бұрынғы өткен сал-серілерімізге қатысты тарихи деректер бір арнаға тоғыстырылмаған. Бір ғана осы Біржан салға қатысты айтсақ, ел арасында «Біржан мен Сараның айтысы тарихта болмаған» деген де пікірлер айтылып жүр. Әрине, бұл ақиқатты бұрмалап, барды жоқ дей салумен бірдей.
Біржан – Сара айтысы тарихта болған ба?
Осы айтыс туралы кезінде ғалым Бейсембай Кенжебаев ұзақ айтысқан. Ол: «Бізде бұл айтыстың кітап болып басылған екі нұсқасы бар. Олардың бірі – «Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны» (1898), екіншісі «Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны» (1899) деп аталады. Біз айтыстың соңғы нұсқасын Әріп шығарған деп білеміз» (Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. – Алматы: Білім, 1993, 181 б.), – деген. Бұл пікірді Мұхтар Әуезов ауызша қолдаған. Алайда жазбаша қолдауға бармаған. Ол турасында Е.Ысмайыловтың «Біржан сал» деген зерттеуінде: «Анығында, – дейді Мұхтар Әуезов, – Біржан мен Сараның айтысы болған, бірақ толық күйінде, алғашқы айтысқан жердегі түпнұсқасы толық сақталған жоқ. Кейін көпшілікке өз редакциясын айтып беруші Сара болады. Ал кейін сол Сараның айтысқаны да көпке дейін ауызда жүреді. Көп айтушы ақындардың аузынан өтеді... Осындай айтушының, ең алғашқы хатқа түсірушінің бірі – Әріп» (Кітапта: Әдебиет жайлы ойлар. «Ақындық өнер мен ақындар туралы». – Алматы: Жазушы, 1968, 104 б.), – делінген.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, өнер зерттеуші, әнші:
– Біржан мен Абайдың кездесуі 1868-69 жылдары болған. Біржан – Сара айтысы 1969 жылы өткен деседі, себебі әнші Абайға Жетісуға бара жатқан жолында кездеседі. Бірақ кейініректе Абай мен Біржанның Шыңғыстаудың Барлыбай жайлауындағы кездесуі 1875 жылы болды дейді. Жазушы Асқар Сүлейменов ағамыз да «Адасқақ» романында осылай деген. Абайдың Лермонтовтан аударған «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңі 1898 жылы жазылған. Бұл өлең шығарылғанда Біржан сал өмірде жоқ. Деректерге сүйенсек, Біржан сал ең ұзағанда 1897 жылы өмірден өткен. Кей дерек айтыс 1896 жылы болған, себебі Сара 1878 жылы дүниеге келген дейді. Олай болуы мүмкін емес. Себебі Төребай мен Сара айтысында Төребай ақынның Біржанмен айтысының қай жылы болғанын, қалай айтысқанын айтқандығы сақталған. Төребайдың дерегіне сүйенсек, Сара 1853-54 жылдары туған болып есептеледі. Меніңше, осы деректің жаны бар. «Біржан – Сара айтысын» жазды деген Әріп ақын 1924 жылы 62 жасында қайтыс болған. Айтыс болған кезде Әріп – 10-12 жастағы бала. Әріп 1882 жылы Ресей-Қазақ шекарасын бөлген кезде сол экспедицияның құрамында болып, Сараның өз аузынан жазып алған деген деректер бар. Сондай-ақ бұл айтысты тұңғыш рет баспадан шығарған Жүсіпбек Шайхсләм да бұл айтысты Сараның өз аузынан жазып алғандығын айтқан. Айтыста Біржан Абайды «жас жолбарыс» деп суреттейді, мұның өзі айтыстың 1869 жылы болғанына айғақ, өйткені «айтыс 1896 жылы болса, ол кезде мосқал тартып қалған Абайды «жас жолбарыс» деуге келмейді» деп тұр. Айтыстың болғанына тағы бір дерек: жазушы Сәбит Мұқанов Біржан салдың ағасы Нұржанның баласы Ахметжанмен кездесіп, тілдескенін, сол жолы Ахметжанның Біржанға атқосшы болып Жетісуға барғанын, айтысты өз көзімен көргендігін айтып берген. Өзім Ешкіөлмес тауының баурайына арнайы бардым. Оразхан деген кісі айтыс болған орынды көрсетті. Ол жер әлі күнге дейін Тоғызқұмалақ деп аталады екен. Біржан – Сара айтысы болмаған дегендерді түсінбеймін.
Біржанды «әннің атасы» десек, оған дейін қазақ сахарасында әнші-ақын, сазгер болмаған деген сөз емес. Қазақ мәдениетінің қарыштап дамыған тұсы – ХІХ ғасыр. Ән мен күйді шығар биігіне жеткізіп, «алтын ғасыр» атанған бұл кезең Біржан, Ақан, Абай, Жаяу Мұса, Тәттімбет, Құрманғазы сынды қаншама дарынды саңлақты түлетті. Сол дәуірдегі сал-серілердің көш басында Біржан тұр. Әнші-ақынның өзі «Ұстазым – Нияз сері, Сегіз сері, Олардан тәлім алған Біржан сері» деп өлеңінде айтқандай, ілгеріде өмір сүрген Сегіз сері мен Нияз серіні өзіне ұстаз тұтқан. Мұның өзі бүгінде кей білгіштер «өмірде болмаған» деп жүрген композиторлардың нақ өмір сүргендігін және баға жетпес жақұт жырды қазақтың қазынасына қосқандығын дәлелдейді. Естай ақын «Сал Біржан, Ақан сері қасына ердік» дегеніндей, Біржанның інілері өнер жолында Біржан, Ақан ағаларын үлгі тұтқан. Әнші бабаларымыздың әндері осылайша үзілмей, ауыздан-ауызға жеткен жайы бар.
«Бұл күнде арық қойдан бағам төмен,
Үш жүздің ортасында Біржан едім», – деп шырқаған ел еркесінің басы тәтті, аяғы қатты болған өмір жолын әндері-ақ ашып беріп тұр. Әлеумет ардақтысының туыстары неге қадіріне жете алмады? Өзгеден болмысы да, таланты да ерек туған Біржанды алақанда аялай алмағаны қалай? Тыңдаушысыз қалған халық мұрасының күйін Біржан бабамыз сонау ХІХ ғасырда сезген екен ғой. Әрісі Сегіз сері, одан кейін Біржан сал, Ақандар, берісі Ғарифолла, Дәнеш, Жәнібектер көзінің ағы мен қарашығындай сақтап келген саф өнердің «арық қойдай» күн кешкені – тарихқа қиянат, бабалар алдында кешірілмес күнәдай. Ұлттық мұраның жойқыны күшті жеңіл музыканың тасасында кетпеуі үшін жанкештілік, ерекше сүйіспеншілікпен ғана жүрген бүгінгі ұлттық ән-күйді орындаушыларға таңым бар. Қазақты қазақ қылып көрсететін жалғыз белгі – ұлттық мұраның мәртебесі өсіп, демеу көрмесе, ұлт ретіндегі атымыздың құрып кетуі неғайбіл.
Біржандай әнші бар да, Абайдай тыңдаушы жоқ...
Последние статьи автора