Таяуда Alash Media Group холдингі мен ERG компаниясы бірлесіп "Бірге оқимыз" атты жаңа арнайы жобасын бастаған еді. "Бірге оқимыз" жобасының негізгі мақсаты - қазақстандықтардың жас буыны арасында кітап оқуды насихаттап, қазақ тіліндегі туындыларға қызығушылықты арттыру. "Бірге оқимыз" арнайы жобасы ERG компаниясының қолдауымен өткізіліп жатыр. Сондай-ақ, ERG компаниясымен бірге "Талантты балалар", "Жеңімпаздар", "Батырлар арамызда" жобалары қолға алынған. "Бірге оқимыз" жобасы аясында Алаш айнасы оқырман назарына Абай, Мағжан, Мұқағали, Төлеген, Қадір Мырза-Әлі және қазіргі замандағы танымал ақындардың өлеңдерін ұсынып отыр.
Құлақтан кіріп, бойды алар
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй.
Дүние ойдан шығады,
Өзімді өзім ұмытып,
Көңілім әнді үғады,
Жүрегім бойды жылытып.
Аңсаған шөлде су тапса,
Бас қоймай ма бастауға?
Біреу түртсе, я қақса,
Бой тоқтамас жасқауға.
Бір күйгізіп, сүйгізіп,
Ескі өмірді тіргізер.
Өмір тонын кигізіп,
Жоқты бар қып жүргізер.
Есіткендей болады
Құлағы ескі сыбырды.
Ескі ойға көңілім толады,
Тірілтіп өткен құрғырды.
Ішіп, терең бойлаймын,
Өткен күннің уларын.
Және шын деп ойлаймын
Жұрттың жалған шуларын.
Тағы сене бастаймын
Күнде алдағыш қуларға.
Есім шығып қашпаймын,
Мен ішпеген у бар ма?
Абай Құнанбайұлы
Сен сұлу
Бiлем анық: жанға жайлы Май сұлу,
Жарқ-жарқ еткен майда найзағай сұлу.
Қызықты орман, көңiлдi еркiн кең дала,
Күмiс табақ көкте жүзген Ай сұлу.
Кешкi ескен жiбек, жылы жел сұлу,
Хош иiстi түрлi-түстi гүл сұлу.
Әдемi аспан – төбедегi көк шатыр,
Асқар тауы, дариясымен жер сұлу.
Сылқ-сылқ күлiп сылдыр қаққан су сұлу,
Көлге қонып қаңқылдаған қу сұлу.
Бейне айнадай жарқыраған айдыннан
Күн шығарда көтерiлген бу сұлу.
Шаңқай түсте өткiр, алтын Күн сұлу,
Жымыңдаған жұлдыздармен түн сұлу.
Толып жатыр түрлi сұлу дүниеде,
Бәрiнен де маған, сәулем, сен сұлу!
Мағжан Жұмабайұлы
Отан туралы
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен...
Мұқағали Мақатаев
Қазақтың бір жаманы, бір жақсысы...
Бабалардың шоқ басқан табанымен
Бірдей екен жақсысы жаманымен.
Бір жаманы — тынымсыз көше берген,
Бір жақсысы — қимаған даланы кең.
Бір жаманы — жел сөзге ерген екен,
Бір жақсысы — тілге ерік берген екен.
Бір жаманы — кетпенге орашолақ
Бір жақсысы — найзагер, мерген екен.
Бір жаманы — кешігіп әліппе ашқан,
Бір жақсысы — күйлері көбік шашқан.
Бір жаманы — қыздарын малға сатқан,
Бір жақсысы — сүйгенін алып қашқан.
Бір жаманы — шаруасын маңдытпаған,
Бір жақсысы — қулықпен жанды ұтпаған.
Бір жаманы — үйленіп жеңгесіне,
Бір жақсысы — жесірін қаңғытпаған.
Тату-тәтті көршілер шыр бұзбаған,
Бірге тоңып суықта, бір мұздаған.
Бір жаманы — сонда да үй салмаған,
Бір жақсысы — абақты тұрғызбаған...
Қадыр Мырза Әлі
Біздің жігіттер
Бұл қазақта жігіттер бар нарқасқа,
Жарқылдаған алмас па,
Дейсің-ау, дейсің сен оны,
Айырып кетсе жол басқа.
Дулатар тек от денені.
Бұл қазақта жігіттер бар қонаққа
Маңдайындағы бір атын,
Жайратып салып, жарқылдап күліп тұратын.
Көкірегінен күн сөнбей,
Осы бір шақтан білсең ғой,
Тұратын тауып мұратын.
Бұл қазақта жігіттер бар мәрт-батыр,
Жалаңаш батыр көбі оның.
Аударып тастар сен үшін
Алтын бар десең, астында мынау төбенің.
Солардың аппақ ниетімен,
Ақ қарға жаққан отымен,
Лапылдап мен де келемін.
Бұл қазақта жігіттер бар шың тектес,
Тұра да алмас шың бұлай.
Қасқайып олар тұрғанда,
Биіктер сенің тұлғаң да,
Миллион мәрте құрбым-ай!
Төлеген Айбергенов
Асығыстық
Асықпайтын уақытта асығамыз,
Ақиқатты несіне жасырамыз.
Жолға шықсақ – жетуге асығамыз,
Жете салып, кетуге асығамыз.
Таңда – бала-бақшаға асығамыз,
Түсте – алар ақшаға асығамыз,
Мүлт кеткенді тергеуге асығамыз,
Біреу өлсе – жерлеуге асығамыз.
Таныса сап, дайынбыз достасуға,
Амандассақ, қаяумыз қоштасуға.
Үйлене сап, жатамыз ажырасып,
Асығамыз болуға тағы ғашық.
Жағаласып, сандалып, сабылысып,
Жүгіреміз қашанда алып ұшып.
Төзім құрып қалған ба, тағат тозып,
Әлде жүрегіміз кеткен бе сағатша озып.
Уақыт жоқ, уақыт жоқ деп, уақытқа бас ұрамыз,
Осы біздер қай жаққа асығамыз?
Ұлықбек Есдәулет
Жаз не деп еді?
Ол өксіген қарс айырып көкірегін:
«Үйренісіп өзіңе кетіп едім,
Маған қиын болады жалғыз қалу,
Қалшы осында,
қала ғой,
өтінемін».
Өмірі үшін,
о мейлі құмары үшін,
Ол қимады жанының жұбанышын:
«Маған қиын болады жалғыз қалу,
Ей, тас жүрек,
сен соны ұғамысың?».
Ал сен кетіп қалдың...
Құшағында жаз қалды қоңыр түннің,
Көз алдыңда көйлегі оның күлгін.
Сендей ару...
Сендей ару болмайды, болған емес,
Ұйқы бермей жүр, Күнiм, сол маған еш.
Шақырады сен болып түн iшiнде,
Көз алдыма көлбеңдеп толған елес.
Сендей ару болмаған, бола алмайды,
Бұрынғы өткен шайырлар көп алдайды.
Он сегiзiм қайтадан оралмайды,
Он сегiзiң от басса оңалмайды...
Мұхит-мұңның мөлдiрiн iшiп, қанып,
Жүрегiмнiң жарасы ушықты анық.
Көк қозыдай күн кештім көкежасық,
Көгенiне көзiңнiң түсiп қалып.
Нәркес көздiң, назының нарқы дара,
Сенсiз ғұмыр алды-мұң, арты-нала.
Түн iшiнде алар ем тынышыңды,
Жүрiсiмдi таниды жарты қала.
Жүрегiмнiң сездiң бе дiр еткенiн?
Түнектемiн.
Бұл қалай жүдеткенiң?
Мына сенiң қасыңда жүзi сынып,
Жiп есе алмай қалады Жiбектерiң.
Түмен қыздың iшiнде тартымдысы ең,
Дәл осынау бұзбашы қалпыңды сен.
Қалай берем сөзiңдi «ағай» деген,
Аяғыма салынып алтын кiсен.
Қарсы алдымнан құтқармас құрық құрып,
Ұғып тұрып, халiмдi бiлiп тұрып,
Үмiттi қып, дүниенi ұмыттырып,
Қырық түрлi қылығың құнықтырып,
Өлтiретiн болдың...
Бақытжан Алдияр
Сені ешкімге бермеймін
Сені ешкімге бермеймін!
Сұрамасын!
Сұрамасын, жанымның мұнарасын!
Маған сені Тәңірдің өзі берген,
Пейіште періштелер жылағасын!
Мен сені көкте Күннен қызғанамын!
Сезіле ме жүректің мұздағаны?
Мына опасыз дүниеде күнәсі жоқ,
Тәңірдің сүйіктісі біз ғанамыз!
Мен сені сүюден жалықпаймын,
Қанатсыз-ақ қасында қалықтаймын!
Сен қасымда болғанда жұмақтаймын,
Сен жоғалсаң, алаулы тамұқтаймын!
Мен сені сағынудан азап шегем,
Азап шегем..
Бұл азап ғажап неге?!
Кеудемдегі жалынмен салыстырсаң,
Аяз болып көрінер тозақ деген!
Құлағыма еш сөзді іле алмаймын,
Себебі мен сезімсіз жүре алмаймын.
Өзгелерсіз күн кешсем, өкінбеймін,
Ал, өзіңсіз өмірді сүре алмаймын!
Ақберен Елгезек
Тәуелсіздік
Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
…Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті-
Аманат қой
Маған,
Саған
Оған да!
Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшеңді!?
Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын-
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі!
Қалқаман Сарин
Төріңе қанша төнсе де қара дұшпаның,
Болашағы үшін бастарын бәйгеге тігіп,
Қорғады сені серт беріп сан Арыстарым –
Қазақстаным!
Төндіріп тағы басыңа қара бұлттарын,
Тарихтан білем ұлтымның жан ауыртқанын.
Ұрпақтарыңның былғаған балалық шағын,
Қариялардың ұрлаған даналық шамын,
Замандар да өтті-ау, жататын тоналып бағың –
Қазақстаным!
Өмір-өзеннің бұлқынған долы ағыстарын,
Елең де қылмай, еңкеймей, алабұртпадың.
Қап-қара жерге қып-қызыл көп ағып қаның,
Ақырып теңдік сұрап ең, Алашыңды айтып,
Ақыры келіп қолыңа жалау ұстадың –
Қазақстаным!
Босатып тордан, зарыққан дала құстарын,
Алдыңнан атты нұр шашып, ағарып таңың.
Соның үшін де қолыма қалам ұстадым...
Жүрегімменен жүремін үнемі сезіп,
Бойыңда сенің асқақ рух, дара күш барын –
Қазақстаным!
Алмат Исәділ
Ұзақ қарап тұрсаң егер жаңбырға...
Ұзақ қарап тұрсаң егер жаңбырға –
бір тамшының көлеміне сыяр күн:
...Тіл тигізіп көргенім жоқ тағдырға,
Тəңірімнен ұялдым.
Жер бетіне тамшылармен тамар күн –
шұғыласы секілденіп қиялдың:
...Жамандығын айтқаным жоқ жаманның,
Жақсылардан ұялдым.
Неге?
Мен Сізге неге бардым, неге кеттім?!
Асығып әр нәрсені себеп еттім...
"Уақыт - түн жылатқан гүл" дедіңіз,
Сағынып қалыпсыз ғой, елемеппін.
Қазір түн. Ұйқыңыз да елемеген,
Далада қара жаңбыр себелеген...
Есікке есім кетіп елеңдеймін,
Есікке елеңдеймін неге, неден?!
О, неге ұйықтамадым түніменен?
Ой, тоба, түк шықпайды түбі менен.
О, неге, неге Сізді ойлай бердім?
Қалдым ба ғашық болып шыныменен?!
Жан толқып сөйлесеңіз сөзіңізде,
Өмірім мөлдірейді көзіңізде.
Жүректің тіліменен Сәлем айттым,
Кездескен қасиетті кезімізге...
...Мен Сізге неге бардым, неге кеттім?!
Бауыржан Қарағызұлы
Қазақстаным!
Бір Алла атты теңдессіз ғажап Ұстаның,
Бойына жиған имани тазалық нәрін.
Əр тамшыға сыңар еттім сезімді,
Содан оны жүрегіме құя алдым:
...Сұлулардан алып қаштым көзімді -
Сүйген жардан ұялдым.
Періштедей енген таңғы түсіме,
Табиғаттан таңғажайып сый алдым:
Қатты дауыс көтермедім кішіге -
Үлкендерден ұялдым.
Биіктен кеп, батып жатты тереңге -
Соны көріп, өлімді еске жиі алдым:
...Мен өтірік айтқаным жоқ өлеңге -
Болашақтан ұялдым.
Ерлан Жүніс
Алаш айнасы