Бүгін – Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері күні. Осыған байланысты кеше Алматыдағы Энергетикалық және электронды құрылғылар құрастыру колледжінде Мемлекеттік Тудың авторы, атақты суретші әрі көркемдеуші, белгілі өнер қайраткері Шәкен Ниязбековпен кездесу өтті.
1992 жылы елімізде тұңғыш рет жаңа Тәуелсіз мемлекеттің рәміздері бекітілді. Қазақ тарихында алтын әріптермен жазылуға тиіс осы күннің маңызы жайлы және Тудың туу тарихы туралы кездесу барысында кеңінен әңгіме қозғаған Шәкен Ниязбеков: «Тудың түсін аспанмен астастырып көгілдір етіп алдым. Оған Жер шарына нұрын төгетін Күн мен қалықтаған қыранды бейнеледім. Қыран құс еркіндік пен Тәуелсіздіктің нышаны болса, шаңырақ – 120 ұлт өкілдеріне ортақ үйдің белгісі. Ұлттық ерекшелігімізді ою-өрнектер арқылы білдіргім келді», – деді.
Ұлттық рәміздеріміздің тағы бірі – Елтаңбамыз Жандарбек Мәлібеков, Шота Уәлиханов сынды белгілі сәулетшілеріміздің шығармашылық ізденістері мен ерен еңбектерінің нәтижесі екені естеріңізде болар. Елтаңбадағы да негізгі идеяның жүгін шаңырақтың көтеріп тұрғаны, рәміздердің арасындағы үндестікті көрсетеді.
Алғаш қабылданғалы бергі уақытта ұлттық рәміздеріміздің ішінде өзгеріске түскені – еліміздің Әнұраны. 2005 жылы жаңадан қабылданған «Менің Қазақстаным» жұртшылық жүрегіне жол тапты.
Бір тудың астында
Последние статьи автора