Кезінде авторлық әндері талай хит шерулердің көшін бастаған Құрмаш Маханов шығармашылығына шабыт сыйлаған бейтаныс ару туралы алғаш рет айтты, деп хабарлайды Экспресс К.
Құрмаш Махановтың орындауындағы «Кездесу мен қоштасу», «Аңсарым», «Жан сырым» және тағы басқа әндері әлі күнге дейін өміршеңдігін жойған жоқ. Бір қызығы, сазгердің тоғыз әні бір ғана қызға арналған екен. Ол ару — өнер иесінің бұрынғы сүйіктісі. Бірақ ғашықтар қосыла алмаған, екі жастың махаббат хикаясы баянсыз аяқталыпты.
«Ол — қазақтың қарапайым қаракөз қызы. Жамбыл облысының тумасы. Нақты түрін түстеп, атын айтудың қажеті жоқ. Өйткені оның бала-шағасы бар, менің де отбасым бар. Бір сөзбен айтқанда, бір кейіпкерге тоғыз ән жазылды ғой. Ол қызбен 1995-2000 жылдар аралығында жүрдік, яғни бес жыл жүрдік», — дейді Құрмаш Маханов.
Композитордың айтуынша, сүйіктісіне арналған әрбір әннің өзіндік тарихы бар.
«Мысалы, «Жан сырым» әні ол қыздың туған күніне арнап жазылды. Бір апта тез-тез жаздым да, автобуспен түнделетіп Таразға келіп, ертеңінде гүл алып, сол әнді аудио кассетаға жазып апардым. Туған күнде тілек айтқан кезде: «Мынау сенің туған күніңе арналған менің ең үлкен сыйлығым» деп, кассетаны қойып, екеуміз сол жерде вальс биледік», — деп еске алды әнші.
Жуырда Құрмаш Махановтың «Ұнайды» деп аталатын су жаңа әні жарыққа шықты. Аталмыш тың туындыны да сол бұрынғы ғашығына арнап жазыпты.
«Ол әннің де кейіпкері сол кісі. Менің ойымша, бұл сол қызға арналған соңғы ән, яғни тоғызыншы ән. Бұл — happy end. Негізі ол да риза, мен де риза. Ол қыз болмаса бұл әндер шығар ма еді. Бір жағынан осы да жететін шығар деп ойладым», — дейді Маханов.
Бұрынғы сүйіктісіне тоғыз ән арнаған музыканттың бұл әрекетіне қазіргі келіншегі қалай қарайды? Құрмаш жұбайының көзқарасы туралы да айтты.
Ең бірінші қуанған адам — жұбайым. Ол бұл әндерге мәз, риза. Өйткені жаңа ән шықса мен бірінші жұбайыма айтып беремін. Ол тыңдайды да бағасын береді. Әндер жұбайыма да ұнады, — дейді сазгер «Қызық live» бағдарламасында.