Алматыдағы Демократия үйінің баспасөз орталығында педагогика ғылымының докторы, профессор, еліміздегі салыстырмалы педагогика ғылымының негізін қалаушы Асқарбек Құсайыновтың «Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы» атты кітабының тұсаукесері болып өтті. Оған педагог ғалымдар мен білім саласының жетекші мамандары қатысты.
Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген аталмыш монографияда әлемдік озық елдердің білім беру жүйесі терең зерттеліп, еліміздің білім саласын дамытудың тың жолдары қарастырылған. Нақты талдаулар жасай отырып, автор білім сапасын төмендетуге алып келген объективті және субъективті факторларға тоқталады. Сонымен бірге ол еліміздегі мұғалім кадрларды даярлауға деген көзқарасты білім беру саласындағы көшбасшы елдер тәжірибелері негізінде түбегейлі өзгерту керек екендігін алға тартады. Ол 12 жылдық мектеп жүйесінің моделін қайтадан қарауды, 12 жылдық мектепке көшудің мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді және жеке Білім министрлігін құруды ұсынады. Қалай десек те, айтылған ұсыныстар әділ, салмақты әрі нақты. Енді оның іс жүзінде жүзеге асуы – тиісті министрліктің құзырындағы мәселе.
Аягүл МИРАЗОВА, Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның директоры, Қазақстанның Еңбек Ері:
– А.Құсайыновтың бұған дейінгі еңбектері де Отаным деген азаматқа ізгі ойлар салатын. Бұл кітабында көрнекті ғалым педагог осы деңгейінен одан әрі көтеріле түскен. Зерттеушінің ел болашағы үшін дәйекті ізденістерінен жасалған тұжырымдары патриоттық жанашыр тілектен туған. Зерттеуді өз Отанын шын сүйген азаматтың адал еңбегінің үлгісі деуге болады. Менің мектеп басшысы ретіндегі қызметіме байланысты зерттеудегі көтерілген ұстаз мәртебесі, білім саласының көрсеткіштері және жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесінің мәселелері, ұстаздардың, елімізде білім беру саясатын іске асыруда шығармашылықпен еңбек етулеріне негіз бола алатын соны пікірлер деп айтар едім. Білімнің негізі бастауыш мектепте қаланады. Сондықтан бастауыш мектеп ұстаздарын дайындау мәселесін арнайы зерттеп, автор айтқан ұсыныстарды ескеріп, оларды жүзеге асыруда нақты шешімдер қабылдау керек.
Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ, Германияның доктор-инженері, педагогика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті:
–Менің бар арманым біздің жастарымыз, қазақ балалары, ғаламдану заманында бәсекеге қабілетті азамат болып өссе екен деймін. Ал бәсекеге қабілеттіліктің негізі отбасынан, мектептен бастау алатыны сөзсіз. Осы кітапта шамамның келгенінше әлемдегі озық елдердің білім беру тәжірибесін зерттеп, біздің жағдаймен байланыстыра отырып, жастар тәрбиесіне мән беріп, олардың сапалы білім алулары туралы ұсыныс-тілектерімді жеткіздім. Енді оның бағасын халық өзі бере жатар. Ендігі тілегім – осы кітапта көтерілген мәселелер, айтылған ойлар әрі қарай нақты іс жүзінде жүзеге асып, еліміздің білім сапасы көтерілсе екен деймін. Мына ғаламдану заманында тәрбиелі һәм бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіру басты мақсатымыз болатынына сенім білдіргім келеді.
Білім берудің сапасын арттыратын кітап жарыққа шықты
Последние статьи автора