Ерте замандардан бері тіні үзілмей бүгінгі күнге жеткен тағылымы мол салт-дәстүрлеріміз жетіп артылады. Дегенмен тым «қазақбайский» болып көрінгісі келмегендердің кесірінен кейбір дәстүріміздің энциклопедиялық мұраға айналып кеткені де шындық. Ал жаңа өмірге қадам басқан жас келіннің бетін ашу салты шүкір бүгінде ғасырлар қойнауында қалып кетпей, өзінің орнықты орнын алды. Беташар салтының ұлттық тіннен ажырамай келе жатқанына қуансақ та, кейде кері тартатын керітартпалықтарға да куә болып қынжылатынымыз рас... «Алаш айнасы» осы мәселе бойынша мынадай қорытындығы келіп отыр. Алдымен әлқисса...
Кезінде Мұхтар Әуезов «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» атты еңбегінде беташарға арнайы бір тарау арнаған екен. Зерттеу еңбегінде Мұхаң тұрмыс-салт өлеңдерінің құрамына кіретін беташардың алатын орнын, мазмұндық ерекшелігіне баса тоқталған. «Беташар өлеңнің танымдық, тәрбиелік мәні зор, оның бұрыннан келе жатқан тұрақты тексті болатыны, онда қазақ отбасында жаңа түскен келінге арналатын өсиет пен міндет іріктеліп керсетілетіні, жас келіннің жаңа келген елінде әдепті, еңбекшіл, өнегелі, үлкен мен кішіге ізетті болуға тиістілігі ғибрат, ескертпе ретінде берілетіні айтылған. Мәселен, «ел-жұртыңа жақ, келін, ата-енеңді бақ, келін, кісі келсе, үйіңе, киізіңді қақ келін...» дей келе өзіңнен үлкен адамның, бетіне тіке қарама... сәлекет боп отырма, еркектей боп жүгінбей, бір тізерлеп жөн отыр, төмен қарап бүгіліп, қатты қылып сөйлеме, бәсең сөйле» іспетті жол көрсетер мәнді-мағыналы сөздермен өрнектелген. Беташар өлеңінде отбасындағы үлгілі әйел қандай болуы керектігі туралы халықтың ғасырлар бойында қалыптасқан әдеп нормалары, өнеге тізбегі, адамгершілік дүниетанымы, әйелдердің адам тәрбиесіндегі айрықша орны көрініс тапқан. Қазірге дейін айтылып, қажетке жарап келе жатқандығы бұл өлеңдердің өміршеңдігін көрсетеді. Мазмұны жағынан басқа халықтардағы жырларға аздап ұқсағанымен, түр жағынан тек қазақтар мен қарақалпақтарда ғана бар» деп түйіндейді...
Беташардың бүгінге дейін өзіндік формасы ғана жетсе, оның кейбір атрибуттары ұмытылып кетті десе де болады. Мәселен, жаңа түскен келiннiң бетiн жапқан орамалдың шетiне қамшы байлау салты бүгінде тіптен ұмыт қалды. Жас келiннiң бетiне жабылған орамалдың шетiне неге қамшы байланатындығын бүгiнгiнiң жаңа қазағы түбірінен түсiндiрiп бере алмайды. Бүгiнде барлық қасиетінен ажырап қалған қамшы қазақта тек атқа шабатын құрал есебiнде ғана сақталып қалған сынды. Ата-бабаларымыздың әйел адамға қол тигiзбей, әрi кетсе, тек қамшымен ғана жасқауында ерлiкке, өрлікке бастайтын тылсым мән-мағына болған. Бұл жас келіннің ерінен ығып жүруін үйрететін «көрнекі құрал» болса керек. Қамшымен аяусыз таяқ жейтінін білдіріп тұратындай болған соң шығар бұрынғының әйелдері бажылдап ерінің бетіне келмеген ғой. Соған сай ерлері де қолына қамшы ұстағаныменен оны тек жасқап қана қоятын болған. Бүгінгінің кейбір беттен алып, төске шабатын бетпақ келіндердің көбеюінің түп-тамыры бәлкім осында жатқан болар, кім білген?! Бүгінде біз орамалдың шетіне қамшыны емес, оқтауды түйіп жүрміз. Мұның да қайдан шыққанын көп адам түсінбейді. Әйтеуір солай істеу керек дегеннің жетегінде жүр. Беташар салты біткен соң оқтауды жас келіннің қолына ұстатып, «отауыңа ие бол» деп аяқтайды. Қуақы тілді асабалардың кейбірі «мұнымен күйеуіңді ұрма, қамыр жай деп беріп тұрмыз» деп әзілдегенсиді. Оған мұндағы жұрт қыран топан күлкіге айналдырады. Ал осы нан жаятын оқтауды түюдің мән-мағынасын түсіндіріп беретін кім бар?..
Бөстектей жұмсақ, жайлы болсын деп келіннің аяғына бөстек төсеп жатады. Ал, келіннің екі жағынан сүйемелдеп тұратын абысындарының да тумаған бедеу немесе бұрын есiк көрген адам болмауы, жеңілтек адам болмағанына аса мән береді. Бүгінде қазақы бомысымызға өң бергісі келетіндер осы екі жағындағы екі жеңгесіне қазақша ою басылған камзол кигізетін болып жүр. Бұл да болса құптарлық жәйт. Ал беташардағы ақша жинау акциясына бұрын шыны банкілер қоятын-тұғын. Бүгінде оны кәдесыйға арналған киіз үймен алмастырды. Одан кейін қазақ үйдің шаңырағын жан жағына желек байлап ілетін болып жүр. Жас келін осы шаңырақтың астында тұрып сәлем салады. Қандай жарасымды! Беташарда келінге ағайын туысты таныстыру мақсатында жырдан шашу шашылып, оған келін сый ретінде иіліп сәлем етуі қандай жарасымды. Жаңа түскен жас келінге ата-енесін, үй-ішін таныстырады, қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін шебер тілімен жеткізіп, әрқайсысына жеке-жеке сәлем жасатады. Бұрындары беташар рәсімінде ағайын тума құлынды бие, ірі қара атайтын болса бүгінде оның орнын көк қағаз алмастырған. Әркім шама шарқынша атағанын тастайды...
Енді бүгінгі беташарлардағы көңілге көлеңке түсірген бір-екі жәйтті айта өтсек. Алып қашу әсте-әсте «сәннен» қалып бүгінде ұзату тойлары көбейді, шүкір. Алдымен қыздың ұзатылу тойы болатын болғаннан соң сол тойда киген көйлегімен келеді. Ертесінде күйеу жігіт жағы беташар өткізгенде жас келін сол тойдағы көйлегімен шыға салады. Бірі қазақы нақыштағы көйлек киеді. Оған қуанасың ғой. Ал кейбірі иығы да жалаңаш, төсі де жалаңаш, басына бүкіл жүзі көрініп тұратын ақ желегімен шыға салады. Оның несі «сән»? Бүкіл бет-жүзі көрініп тұрған соң беташардың қызығы қайсы? Сосынғысын бүгінде беташарды кәсіп қылып алған асабалар даңғырлақ музыкамен құлақты тұндыратын болып жүр. Қазақы салт-дәстүр болғаннан кейін беташарды қазақтың қара домбырасымен ашса деген тілек бар... Асабалардың басым бөлігі жаттанды пафосқа құрылған қайырмаларымен жұртты мезі етіп бітті. «Құрт ұрлама келіншек, тұр-тұрлама келіншек» деп құлаққа әбден сіңісті болған мәтінді ана тойға да, мына тойға да тықпалаудың не қажеті бар? Беташар рәсіміне жас та, кәрі де қатысады. Ақша жинау акциясында асабалар да қу боп алған, қалталыларды көпіртіп мақтап, жұрттың зықысын шығарып тұрып алады. Тіпті бесіктегі балаға дейін аты аталады. Мектеп жасындағы бала тұрмақ, аяғын апыл-тапыл басып жүрген балаға дейін ересектердің демеушілігімен олар да ақша тастайды. Дұрыс қой бірақ соның орнына тәрбиелік мәні мағынасы бар арнауларын арнаса дейсің.
Кейбір асабаларыңыз беташардың өнегелі, құнарлы сөздерін, өлеңдерін ән-әуенмен әдіптей жеткізеді. Келінге осы әулеттің бар жақсы жақтарын дәріптейді. «Бүгін бала келін болса, ертең ана келін, одан кейін дана келін бол» деп жақсы жолға үгіттейді. Ал бәзбіреулері қарадүрсін қайталаулармен қажытады. Өздерінің жырсымақтарын төпелеп, «анаған да бір сәлем», «мынаған да бір сәлеммен» көп ақша таппақты ғана көздейтіндей. Бет ашу да – тәрбиеге толы рәсім. Сонықтан да оның қадір-қасиетін кетірмейікші...
Беташар көркі домбыра, эстрадамен қор қылма...
Последние статьи автора