Белді ақынның басында белгі де жоқ Уәйістің зираты неге қараусыз жатыр?

Ши бойындағы Уәйіс жерленген қорым

«Тағдырдың талқысынан            
                           кезіп жүрмін,
Әйтпесе, туған жерден            
                          ер кете ме?»

– деп әйгілі «Бозқараған» әнінде жырлағандай, Абай­дың белді шәкірттерінің бірі, өзі ақын, өзі әнші Уәйіс Шұбартауда үш өзен аталатын Байқошқар, Бақанас, Балқыбекке сыймай, жер дауына қатысты ел жуан­дарының әділетсіздігіне шы­дамай, Шыңғыстаудағы Абайдың қарамағына кетуге мәжбүр болған. Туған жерден жырақта жан қиған ақын басы бүгінде қараусыз. Көрер көзге төмпешік зираттардың орны ғана білінеді. Осы уа­қыт­қа дейін басына бел­гі қойылмауы – Уәйістің жер­ленген жеріне қатысты екі­ұдай пікір қалыптасып, нақ­ты жатқан жерінің белгілі болмауында.
Шондыбайдың Уәйісінің Шыңғыстауға елін тастап келуі туралы да кереғар пікірлер бар­шылық. Бұл туралы ақынның әдеби мұрасы мен өмір жолын зерттеп, «Уәйіс ақын» атты кітап жазған Еркебұлан Мұ­қа­шев былай дейді: «Уәйіс жер аралап, жұрт кезіп жүргенде, Көлібайдың жерін өзге ру жуан­дары тартып алып қояды. Қожагелді ішінде – ең азы, нашары Көлібай елі. Жұ­ды­рық өтпес жуанның ата қонысы «Са­ры­те­ректі» баса қонғанын көрген ақын ашы­нады. Әйтсе де, Уәйіс жеке басына жер жет­пей Шыңғыс асып кеткен жоқ, мірдің оғын­дай сөздері мен ақынға тән дара мінезі әділдікті талап етеді. Зорлықшыл билік басындағыларға бұл ұнамады, со­ңы­на түсіп қуғындады». Бұған ақынның өз өлеңі де дәлел:
«Басында ән шырқадым
                       Жорға таудың,     
 Байлармен айтысам деп
                         елден аудым».

Ал С.Жақыпов 1983 жылы «Семей таңы» газетінде жарияланған мақаласында: «...Кейін семьялы болған шағында өзі туған ауылдағы ағайындарымен өкпелесіп, Шыңғыстау жаққа көшіп кетеді», – де­лін­ген. Бұл пікір жаңсақ. Уәйіс мұрасын алғаш зерттеген Қайым Мұхамедханұлы Уәйісті «өзі туған ауылындағы ағайындармен өк­пе­лесіп кететін адам емес» деген болатын. Қайым ата өзінің еңбегіне Нұрғали Бай­за­қовтың мақаласынан алынған мына бір үзіндіні келтіреді:
«...1919 жылы Қожагелді ішіндегі Ма­набай, Алыбай руының жуандары Уан, Оша­қор сияқты тізелі адамдар бір түнде «Сарытерек» (қазіргі Шұбартау ауданының орталығы) деген жерде отырған Көлібай ауылын көшпен баса қонды. Халиолла Жүнісовтің (Уәйістің немере інісі) айтуына қарағанда, ата қонысы «Сарытерек» үшін Көлібай ауылы Уан ауылымен алакөз бола­ды. Тіпті төбелеседі. Амал не, шамасы еш­нәр­сеге келмеген Көлібай аулы жуан­дар­дың тізесіне шыдай алмай, амалсыздан «Сарытеректен» айырылып шыға береді. Бұдан соң, көпе-көрінеу зорлыққа шыдай алма­ған Уәйіс ақын үй-ішімен Шың­ғыс­тау­дағы (қа­зіргі Абай ауданындағы) құ­да­сына көшіп кетеді)».

                Ағыбай қорасының орны  
Мақала авторының «Шыңғыстаудағы құдасы» деп, Уәйістің ағасы Жүсіптің әйелі Әйгерім тобықты Көтібақ Асылбектің қызы екенін меңзесе керек. Ал Жүсіп өлген соң, әйелі ерте өлген Уәйіс қазақтың әмең­гер­лі­гімен жеңгесі Әйгерімді алады. Сонда ақын қайыншылаған болып та шығады. Зерт­теуші Еркебұлан Мұқашев: «Ұлы Абай­дың көзі тірісінде Тобықтыға қадір-қа­сие­тімен сіңісті болып кеткен Уәйісті сондағы достарына сүйенді дегеніміз орынды», – дейді.
Шындық – осы. Өз жұртының жуандары сыйғызбаған соң елден кеткен, «Пе­руайым», «Бозқараған», «Ақбөкен» сынды ән­дерді тарту еткен, тарихта бірнеше ай­тыс­тары мен «Тәуке мен Жікібай», «Жошы-Алашахан» сынды мұра поэмаларын қал­дырған Уәйіс Шондыбайұлы зиратының басына бір белгінің қойылмауы алаң­датады.
Абай мен оның айналасындағыларға сыйлы болған Уәйістің жатқан жері туралы екіұдай пікір бар. Қарауылдың көнекөз қарт­тары ақынды «Абай жолы» ро­ма­нын­дағы орыс (Борсықбай) қорасының тұ­сын­дағы керей азаматы қойылған зираттың жа­нына қойылған деп көрсетеді. Би ата (Кеңгірбай би – автор) мазарының күнгей бетіндегі Шидің бойы деген Төлеген Жан­ға­лиев­тің пікірі шындыққа жанасымды.
Төлеген ЖАНҒАЛИЕВ, Қарауылдың бүгін­гі шежірешісі, ақын:
«Ертеректе Шидің бойы деп ата­ла­тын. Бұл жерде кеңес дәуірінің кезінде қыстақ қана және кімдікі екені белгісіз қорым зираттар болатын. Былтыр Алаштың азаматтары жиналып, қорым­ға арналған кешеннің салынуына орай ас берілді. Топай руынан тараған Аң­са­бай, Құтжан бабаның әулеті. Қазіргі ел­дің мақтанышы Медғат Құтжанның ата-бабалары осы арада жатыр екен. Ұрпақтары өздері тауып, аталарының басын қоршауды ұйғарыпты. Сондай қоршауды, басына белгі қоюды қажет ететін – Шидің бойында жерленген Абай­дың белді шәкірті Уәйіс ақынның зираты. Ол кезінде неге екені белгісіз, сол топайларды жағалап келген. Зираты Ағыбайдың қорасының маңайында. Шәкәрім әндерін бүгінге жеткізуші, марқұм Ниязбек Алдажаров ақса­қал­дың аяғы бүтін, ауырмайтын кезі. Жә­ні­бек Кәрменов, Тұрсын Жұртбаев, Не­сіп­бек Айтов барлығымыз Би атаның ба­сына барғанда, Уәйістің жатқан жерін көрсеткен. Нақты көрсеткен жоқ. «Ағыбайдың қорасы, соның жанында қалқиған жалғыз бұрышы бар» деп айтқан болатын. Ол жерде басқа қыстақ та, қора да жоқ. Ниязбек Алдажаровтың сөзі дәлелді, дәйекті. «Аңсабай, Құтжан бабалар қорымы жақта жерленген» деген пікір заңды деп ойлаймын. Қайым мұғалім де сол Шидің бойында деген пікірді құптаған».

Р.S.
Абай ауданы, Қарауыл ауылына іс-сапармен барғанымда, Шидің бойына арнайы бардым. Бірауыз сөзімді жерге қалдырмай, Уәйістің жатқан жерін көрсеткен Тө­леген Жанғалиұлына алғысымыз шексіз. Шидің бойын бүгінде кез келген көлік жү­ре алмайтын қалың қараған басыпты. Бағымызға қарай, сол жердегі жалғыз қыс­тақтың малын бағып отырған Дүйсен Бейсенбекұлына жолықтық. Үш жылдан бері Шидің бойымен жақсы таныс Дүйсенбек аға атына мініп, айналаны қарап, ескі қора мен қасындағы төмпешік боп қалған зираттардың орнын көрсетті. Жә­не бұл маңайда бұдан басқа ескі қора мен зираттың жоқ­тығын да айтты. Жаяу ба­рып, суретке түсіріп алдым. Ниязбек ақсақалдың Тө­леген ағаға айтқан Ағы­бай­дың қорасы, демек – осы. Жермен-жексен боп кет­кен, қора мен зират екені білінер-білінбес жердің үстінен басып жүргеніміз жа­ныма батты. Уәйістің 135 жыл­дығында Аякөздің азаматтары өздерінің рулас, жерлес аталары Уәйістің ба­сына ел болып белгі қоятындығын айтқан еді. Кім қойса да, қазақтың бас ақы­ны­ның шәкірті, талай жауһар жырды халық қа­зынасына сыйлаған әнші, ақын Уәйіс Шондыбайұлындай қазақтың мар­қас­қасының басына белгі қойылмай, Құран бағышталмай тұрғаны өкінішті-ақ...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста