Оңтүстіктің орталығындағы бейнелеу өнері мұражайы жуырда ғана қолданысқа берілген болатын. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова оңтүстікке жасаған сапарында ашылу салтанатына қатысқан еді. Күні бүгін бейнелеу өнері мұражайында алғашқы көрме салтанатты түрде ашылды. Мұражайдың жалпы аумағы 2 400 шаршы метрді алып жатыр. Дәл осындай сәні мен салтанаты келіскен «Бейнелеу өнері мұражайы» республикамыздың өзге өңірлерінде некен-саяқ. Әу баста тойхана болып ашылған ғимарат кейіннен қожайынының мәрттігінен суретшілерге тарту еткен болатын. Қылқалам шеберлерінің бұған айтар алғыстары ерек. Облыс басшысының бастамасымен қайта бой көтерген жаңа мұражайда орын тепкен бірталай қылқалам шеберлерінің туындылары талғампаз көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Мұражайдағы әр бөлме ерекше талғаммен безендірілген. Мұнда фото, живопись, графика және қолданбалы өнер бағыттарындағы шығармалардың қолайлы насихатталуына жағдай жасалған. Алғаш ұйымдастырылып отырған көрме үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыт бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналып отыр. Басты ұстыны «Достық» болғаннан кейін мұнда қойылған көрмеде түрлі ұлт өкілдері қылқалам шеберлерінің туындылары бірлік пен ынтымақ, тұтастық идеясына топтасқан картиналар көпшілік назарына ұсынылды. Екінші бағыттағы көрме Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып отыр. «Аманат» бөлмесінде тарихи туындылар, батырлар мен жыраулар бейнелері, көшпенді елдің тұрмыс-тіршілігі суреттелген шығармалар қойылған. Ал, көрменің үшінші бөлігіне құнды жәдігерлер топтастырылған. Яғни, осы уақытқа дейін еш жерде жарық көрмей қорда жатқан түпнұсқа картиналар тұңғыш рет көпшілік назарына ұсынылды. Мұражайда құнды туындылар саны әзірге үш жүзден асады. 1939 жылдан бері бұзылмай сақталған суреттер, өнер сүйер қауымға ұнары сөзсіз. Сондай-ақ, алғашқы қазақ суретшісі Әубәкір Исмайловтың да суреттері көрмеден орын алды. Одан бөлек еліміз бен өңірімізге танымал М. Бараисов, Г.Пономаренко, О.Скородин, П.Природин, М.Қалдыбаев, А.Тұрсынов, Т.Тоғысбаев сынды ХХ-ХХІ ғасырлардағы қылқалам шеберлерінің шығармалары қамтылған. Арнайы бір зал Құттыбек Жақыповтың туындыларына арналған. Еуропалықтар таңдай қаға тамсанатын гобелендері расында көздің жауын аларлықтай. Бірінен бірі өтеді. Құттыбек Тыныбекұлының туындылары бүгінде Мәскеу қаласындағы Шығыс мұражайының, Ашхабад қаласындағы Түркіменстан бейнелеу өнері мұражайының, ТМД және шетелдердегі айтулы галереяларында сақтаулы тұр. «Жекпе жек», «Сүйінші», «Құйын», «Шағылыс», «Тұңғиық» атты гобелендері залдағы келушілердің сүйсінісін тудырды.
Қазіргі таңда бейнелеу өнері мұражайының қорында 755 картина бар. Алдағы уақытта олардың саны жыл санап артып, өңірдегі қылқалам шеберлері мен жас таланттарының шығармаларымен толыға бермек. Айта кетерлігі жаңа мұражайдағы көрме ай сайын жаңарып, толығып отырады. Болашақта Германия, Ресей, Үндістан суретшілерімен мәдени байланыс орнату жоспарда бар.