Желідегі ойталқы
Ата атымен қыз түгіл, бөз өтер
Бірер уақыт бұрын Алматы қаласындағы автобустардың маңдайшасынан ру аттарын оқып таңғалғанбыз. Әр шопыр өзінің атасының атын өркендеп жазып қойыпты. Ру аттарын жеңіл көліктердің артқы терезелерінен де көптеп кезіктірдік. Соңғы уақыттарда ру аттары жазылған баскиімдер, футболкалар сатылымға шықты. Әр бала өз атасының атына сай киімін сатып алып киіп жүргенін де көзіміз көрді. Соңғы уақытта ата аты жазылған сағат шығыпты. Бұл, әрине, бір рудың ақсақалдарының жиналып алып, кеңесіп шығарған дүниесі емес. Бір адамның жасаған тірлігі екені анық. «Ата атымен қыз өтетінін» білетін біреу, бөзді де өткізгісі келген шығар. Бір құмалақ тағы да бір қарын майға зиян келтірмек. «Жалпы, осы киім-кешекке, тұтыну заттарына ру атын жазу ненің белгісі, пайдалы ма, зиян ба, жақсы жағы қайсы, жаман жағы қайсы?» деген сауалды желідегі жұрттың талқысына салған едік.
Ахметбек Нұрсила: Сол сағатты шығарған адамнан басқа адамға пайдасын көре алмай отырмын!
Айдос Сарым: Әрине, пайдасы жоқ дүние. Одан да "арам", "надан", "мәрт", "кесел", "ақымақ", "нағыз жігіт", "асыл азамат" т.с.с. деген сағаттар мен футболкалар жасатып, бір-бірімізге сыйлағанымыз дұрыс. Бәлкім, сонда қоғамымыз түзелетін болар.
Қобыланды Әбенов: Зияны көп, рушылдық өршіп кетеді.
Асқар Наймантаев: «Үш жүз" деген пойыз шығарсақ... Ойбой, неше вагон болар еді?
Мақпал Шайхистамова: Ру-руға бөлiнiп, сол арқылы бiр-бiрiне соғыс ашкан қазақты көрмедім. Бөлiнедi, кояды. Онда тұрған ештеңе жоқ. Үйiнiң сыртына үлкен қылып жазып қойса да қарсы емеспін.
Мақсат Раджұлы: Қанша ру бар, соның барлығы да жазатын жерде жазып, айтатын жерде айтып жүр, өздерінің аталарының атын. Мұны тоқтату мүмкін емес.
Әсем Чапай: Қазақ деген бәрімізге ортақ атымыз бар. Осы руға, жүзге бөлінуді жақсы көретін жандарды түсінбеймін. Бөлінбейікші.
Пердехан Мұсырманқұл: Өткен ғасырдың 50-60-жылдары басталған трайбализмнің бүгінгі жемісінің түрі ғой.
Серік Анафияұлы: Бұл – бөлiну емес! Жақсы жағын жарнамалайық! Армани, Гучи дегеннен гөрi найман, керей, дулат жақсы ғой. Әлемдiк брендтердiң барлығы дерлiк қожайын тегiне сәйкес аталады!
Мақпал Смайылова: Бір қазақтың баласы «руымды білмеймін» десе, не дер едіңіздер? «Атаң, әкең жоқ па?» деп жан-жактан қаумалар едіңіздер. Сол үшін руын айтудың еш зияны жоқ, білсін, білуге тиіс нәрсені. Қазақ қазаққа болыса алмаса, ең болмаса руласына болыссын.
Жүкел Хамай: Дұрыс! "Найман", "Керей", "Арғын", "Дулат", "Уақ", "Қоңырат", "Жалайыр", "Алшын", "Төре"... деп ірі тайпаларымызды ұлықтап, ежелгі салтымызды қайта жаңғыртып, елдігімізді бекемдеп, қайратымызды жігерлендіру керек!.. Тайпалардың аты естілсе, рушылдық деп ойлайтын бодандық ұғымнан арылып, патшалық орыс идеологиясынан қашуымыз, оны ет-терімізден сыпырып тастауымыз керек!!!
Ескендір Қарбаев: «Бөлінгенді бөрі жейді». Ертеде қазақ жүздері жоңғарға қарсы күресте бөлінгеннің кесірінен көп қырылып қалған. Сол үшін бөлінбейік.
Орынбасар Райханов: Бауырлар, бұл қытайлардың ақша табу айласы шығар. Маркетинг деген нәрсені түсіну керек.
Смағұл Жұмаділ: Бұл жақсылықтың белгісі емес. Өткен жолы Қытайға барғанымда қазақтың жас балалары қазақ деген жазуы бар футболка киіп алыпты. Қатты қуандым.
Самат Сүлей: Жариялап, жүрген жерінде сұрау салып, менің албаным, дулатым,шөмекейім қайда демей, әр қазақ руын іштей білуі керек қой. Шежіресін айтып шер тарқатқысы келсе, баласына, немересіне түсіндірсін. Қазаққа бірлік, достық қатты қажет қашанда.
Ролан Дүйсенбаев: Бұрындары әр рудың өз таңбасы болған және сол таңбамен жылқыларын таңбалаған. Әр рудың өзіндік киім үлгілері болған, соған қарап, кімнің кім екенін ажыратқан, енді келіп бір рудың аты жазылған кепка немесе футболка, сағат шықса, байбалам саламыз. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген Төле би де өз руының үлгісінде киінген. Сонда біздің бабалар ақымақ болған ба, қалай ойлайсыздар? Ортасында кресті бар, ағылшындардың туы бар футболка киіп мешітке баратын жастарды неге айтпаймыз? Nike деген өркениеті өрістеген батыстағы бір елдің құдайының аты, оны да киіп жүрміз. Өз тілінде сөйлеуге болмайтын, өздерін өздері бағалай алмайтын, ең соңы өз руын өзіне айтуға тыйым салатын, тек өзгелерге табынумен күн кешетін ел жоқ шығар ғаламда?! Қазақтың ұлттық идеологиясы рулық қатынас арқылы бекіген, өзіңнің ата-бабаңды, руыңды сүймей тұрып, жалпы, Алаш баласын сүйемін деу бекершілік!
Алмас Темірбай: Бұлай кете беретін болса, алдағы уақытта руы қандай екен деп біреулердің білегіне үңіліп жүретін шығармыз. Бұрынғы қазақ бір-бірінен руын сұраса, бөліну үшін сұрамаған! Ал қазіргі мәңгүрт, рушыл қазақтар бөліну үшін немесе етегінен тартып, аяқтан шалу үшін сұрайды. Қысыр әңгімені қысқартайық. Үлкендер бөлінсе де, біз бөлінбейік. Мен өз басым руға бөлінгенді өресі төмен адам санаймын. Рулық деңгейде емес, жалпыұлттық деңгейде ойлай алатын қыз-жігіттер менің осы сөзімді қолдайтынына сенімдімін!
Желідегі сұхбат
«Үрейсіз қоғамды аңсаймын»
Бүгінгі сұхбатты «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда білім алып жүрген Әуесбайдың Қанатымен жүргіздік.
Бейбіт: Қанат, салаумалейкүм. Интернет игілігінің арқасында айшылық алыс жерде жүрсең де, жылдам хабар алысып жүрміз. Қал-жағдайың қалай? Ағылшын тілінен қиындық көріп жүрген жоқсың ба?
Қанат: Қалым жақсы. Британияға келіп, күннің шуағын сағынып қалыппыз. Соңғы екі апта ғана болды, күннің жылуын сезінгелі. Термометр көрсеткіші 30-ға көтерілгелі бері күллі ағылшын «неткен аптап» деп өрекпіді. Бірақ бұдан зорын көріп өскен бізге ол ыстық майдай жақты. Айтуларына қарағанда, мұндай аптап британ жерінде соңғы 30 жыл көлемінде болмағанға ұқсайды. Тілді айтсам, қиындық көріп жүрген жоқпын. Өйткені мектеп бітірген жылы не тәржімашы, не журналист боламын деген мақсатым болды. Сол мақсатпен ағылшын тілін тереңдетіп оқығаным бар. Университетте де тіл ұстартуды жалғастырдық. Одан өзге, шетелдерге талай сапарлатқанның да себі мол тиді.
Бейбіт: Қазанда қайнап жатқандағы көзқарас бөлек қой, сырттай қарағанда туған елің, Қазақстаның қалай көрінеді екен?
Қанат: Шетелде жүріп жақсы мен жаманды айыра білетін талғампаз болуды үйреніп келемін. Яки жақсыны көрсең – үйренбекке, жаманды көрсең – жиренбекке. Өз басым «ой, шетелде жақсы, Қазақстанға жету қайда» деп үзілді-кесілді ойлайтындардың қатарынан болғым келмейді. Әлбетте, шетелде жүрсең, өз еліңдегі кемшіліктер айқын көрінеді. Тиісінше, шетелде жоқ, бірақ өз еліңде бар игіліктерді көріп жұбанасың. Оларды айта беруге шағын сұхбатымыздың аясы тар келер. Кемшіліктерді мен айтпай-ақ білесіздер. Мен қазір, бәлкім, жауыр болған сөзді айтармын. Бірақ біздің елді ел ретінде сақтап қалатыны –ұлттың тілі, ділі, мәдениеті. Осылар дамымаса, ел де дамымайды. Өйткені оларды білмей, адамның отансүйгіш болуы екіталай. Ал отансүйгіш, патриот адам ғана елге пайдасын тигізуді ойлайды.
Бейбіт: «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатырсың. Дамыған елдің аты дардай университеті сонша қаржы шығындауға тұрарлық білім беріп жатыр ма?
Қанат: Ағылшындық білім беру жүйесінің кереметтігі – тек ағылшын тілінде. Өзіңіз ойлаңыз, ағылшын тілін қазір бар әлем меңгеріп жатыр. Ағылшын тілі қазір ағылшын тілдес мемлекеттер үшін қосымша зор инвестицияның көзі болып отыр. Өзіңіз ойлаңыз, ағылшын тілінде оқулық, әдебиеттің өз талғамыңызға сай милллиардттаған түрі шығып жатыр. Олардың барлығының сатып алушысы бар. Одан бөлек, ағылшын тілін оқимын деп қыруар қаржы жұмсайсыз. Тест тапсырып, шетелдік оқу орнында оқисыз. Осының бәрі мол қаржы көзін құйып жатыр. Тиісінше, қаржы мол жерде бәсекелестік орнайды. Ал бәсекелестік бар жерде сапа да бар. Оның үстіне, әлемнің мен деген ғалымдарын ағылшын тілдес мемлекеттер өздеріне шақырып алады, бар мүмкіндігін пайдаланады. Осыдан кеп «ақыл көші» туындайды. Түйіндей айтсам, ағылшын тілі қазір бар жылы-жұмсақты өзіне ғана жинап жатқан эгоист баланың кейпін елестетеді өзіме.
Бейбіт: Мемлекет «Болашақ» бағдарламасын елдің болашағы үшін білікті мамандардың санын арттыру мақсатында жасағаны белгілі. Сол игі мақсатты жеке бастарының пайдасына асырып, сол жақта қалып кетіп жататын бауырларың жайында не ойладың?
Қанат: Өз басым оларды құптамаймын. Көңілдеріне тисе де айтайын, олар – «дайын асқа тік қасық» болғандар. Еуропада бәрі бірден бола қойған жоқ. Олар дамудың даңғыл жолына бірнеше ғасырлар бойы жетті. Яғни «асы әбден пісіп, бабына келді». Ендеше, жас мамандарымыз әлі «шикі» біздің елді келіп дамытудың орнына «дайын асты» тәуір көреді. Сөздерім біршама пафосты болып көрінуі кәдік. Бірақ осы ойымнан танбаймын. Әдетте олар Қазақстанда оқыған біліміне сәйкес жұмыс таба алмай сенделіп жүргенде, шетелдік компаниялар біздің маманды өздеріне шақырады. Сондай кездері жас маман «шетелде біраз істей тұрайын, Қазақстанға біраз тәжірибе жинап, түбі қайта оралармын» деген ойға елітіп, жат жерде қалып қояды. Бірақ жат жерде айлығы жоғары болғасын, әбден тұрақтап қалғасын, елге қайтуды кейінге шегере береді. Алайда Қазақстанда жұмыс жоқ деген тек сылтау ғана. Тіпті болмаса, жастар оқуға кетер кезде елге қай мамандық қажет екенін біліп алуға тиіс қой. Елімде жұмыс таба алмадым десе, ыңғайлысын саралай алмағаны үшін өзі кінәлі.
Бейбіт: Өзіңнің не мақсатың бар? Жақсы қызмет ұсынып жатса, қалып кетіп жүрмеймісің?
Қанат: Елден кетерде біраз жанашыр ағаларым реті келсе біраз жыл сонда жұмыс істеп, тәжірибе жинап кел деп үгіттеген болатын. Қалам десем, жұмыс табылмайды емес. Оның үстіне, ағылшын тілінің upper intermediate яки ағылшынша білімімнің жоғары деңгейі де оған мүмкіндік береді. Бірақ осында жүрген жарты жылдың ішінде көз жеткізгенім мен қазақи көздер мен қазақи сөздерсіз өмір сүре алмайды екенмін. Оның үстіне, желік қуып жүретін жастан асып кеттім. Тағы бір қызық. Осында келердің алдында біраз шетелде болып келген тәжірибесі бар өрендер «шетелге барғасын қазақтармен араласпаңыз, әйтпесе тілді дұрыс игере алмайсыз, ағылшындармен араласыңыз» деп үгіттеді. Басқалар солай істеген болар, бірақ өзіңді түсінетін, қайғыңа ортақтасып, қуанышыңды бөлісе білетін өз ұлтыңның өкілімен қалай араласпай қоясың? Соны түсінбедім. Қазір мұнда ағылшындармен де, қазақтармен де араласа беремін.
Бейбіт: Екі күнге мүмкіндік берсе, қайда барып үлгерер едің? Астана, Алматы, Тараз атты үштіктің қайсысына деген сағынышың басым?
Қанат: Үш аптадан соң, Алла қаласа, елге келіп кетемін. Үш қаланың үшеуін де бөле-жарғым келмейді. Таразда туып-өстім, Алматыда оқу түгесіп, қызметіміздің алғашқы баспалдақтарынан аттадық, Астанада журналистік түрлі атақ-марапаттарға ие болып, атымыз одан ары танылды. Сондықтан үш қалаға деген сағынышым үш түрлі. Осы барғанда үш қалаға да соқпай кетпеймін.
Бейбіт: Шетелдің ауасымен тыныстап, сол қоғамның заңдылығымен өмір сүріп жүрсің. Осы тұрғыдан алғанда, бойыңда қандай да бір арман бой көтерді ме, шіркін-ай, біздің ел осындай болса ғой деген?
Қанат: Әлбетте, кезінде жарты әлемді билеген британ империясының мұрагері болған елде жүргенде «бізде де осындай болса екен» деген сезімдер көп болатыны айтпаса да ұғынықты. Бірақ біздің елде бәрі бар. Тек енді қатаң заң мен тәртіп бола түссе екен, халық соған бас исе дейсің. Ең бастысы, адамның жан тыныштығы ғой. Жасырып қайтем, біздің елімізде автобуста кетіп бара жатсаң, әмиянымды ұрлап ала ма деп қалтаңды қымтап ұстап, үнемі сақтанып жүресің. Және түннің жарымында емін-еркін жүре алмайсың, артыңнан біреу келіп, басыңнан соғып жіберетіндей үрейде жүресің. Мұнда келгелі ол үрейімнің ұшты-күйлі болғанын байқадым. Менің елім «әй, осы лақтырып кетеді» деген қорқыныш психологиясынан арылып, тек тәртіпке бағынып, тыныш өмір сүрсек деп армандаймын.
Желідегі өсиет
Бақыт Тушаевтың парақшасынан
Дала заңымен жазылып, ата-бабаларымыздан бері келе жатқан үш қасиетіміз:
Беретініміз
Үлкенге – сәлем,
қуантқанға – сүйінші,
соғымнан – сыбаға,
егіннен – кеусен,
малдан – көгендік,
балаға – базарлык,
киімге – байғазы,
сәбиге – көрімдік,
төркіндеген қызға – қалауын,
жаңа көршіге – ерулік,
отау тіккендерге – отқа шақыру шәйін,
досқа – естелік,
жетімге – қолқайыр,
мүсәпірге – садақа,
байлыктан – шүлен,
тойға – сияпат,
қуанышка – шашу,
жас босанған анаға – қалжа,
алыстағы ағайынға сәлемдеме беруіміз керек!
Сұрайтынымыз
Алладан – денсаулық,
Пайғамбардан – шапағат,
Қыдырдан – бата,
данадан – өнеге,
батырдан – сауға,
аңшыдан – сыралғы,
аурудың – көңілін,
қарттың – қал-жайын,
жетімнің – жай-күйін,
саудың – амандығын,
ағайынның – бүтіндігін,
олжадан – тәбәрік,
қонақтан бұйымтай сұраймыз!
Тілейтініміз
Барға – тәубе,
жоққа – сабыр,
ауырға – төзім,
жақсылыққа – алғыс,
болашаққа – сенім,
жетістікке – шүкір,
өткенге – салауат,
қалғанға – береке,
басқа – амандық,
денге саулық тілейміз!
Мұны әр қазақ білуге міндетті.
Ғаламтор-мүшәйра
Мүшәйраның бұл жолғы тақырыбы төмендегі сурет болды. Дауыс беру нәтижесінде оқырмандар тарапынан 54 дауысқа ие болған Ерлан Жүніс жеңімпаз атанды.
Ерлан Жүніс:
Ұлы мейірім патшалығын құрғанша,
Жүректерде солады екен гүл қанша?!
Жер бетінің жеті миллиард адамы,
Осы жеті періштедей бір болса!..
Есей Жеңісұлы:
Тарттыңдар, орадыңдар, бүктедіңдер,
Күн сайын – жарқын тілек, құт көңілдер.
Сендердің думаныңда шаруам жоқ,
Қарным ашты, тезірек сүт беріңдер!..
Еркебұлан Қайназар:
Ертеңгі ел қорғаны – құтты ұғымдар ,
Қазақтың сәбиінен мықты кім бар?!
Бәрі үнсіз, командирі бұйырып тұр:
"Сарбаздар, түзеліңдер, тік тұрыңдар!"
Жанайдар Болатбекұлы:
Мына сәби несіне шыңғырады,
Құлағында қалды ма мұңды зары?
Шетелге сатады деп ойлады ма,
Қазақтың қаныпезер жындылары.
Аслан Тілегенов:
Телміріп бақытына мәңгі ұзаған,
Асығар Алатаудай арманға әлі.
Жұбанып жалғанына жалғыз адам,
Жыласып өтеді ғой қалғандары…
Қалқаман Сарин:
Терең ойға беріліп сәл азырақ,
Талғам жетсе көрейік таразылап.
Баласынан кетпесін АНА ажырап,
Жетім қалып жатпасын бала жылап.
Исатай Батыр:
Сәбимін. Дей алмаймын жөнді білем.
Өзімді барлығына жеңдіріп ем.
Тар болса жатқан жерің, киген киім,
Не пайда дүниенің кеңдігінен.
Сыйлыхан Жұмасалық:
Алты әлем арманына бар таласым.
Ешбірінің базары тарқамасын.
Қазығы, қайманасы Қазақ жері,
Алты сәби айбарлы алты Алашым.
Қазірет Бердіхан:
Пенденің періштедей таза шағы,
Сәбилерге бәрі де жарасады.
Тиіспендер, әлдилеңдер, аялаңдар,
Аман өссін қазақтын болашағы!
Жасұлан Серік:
Жылап ал, қарғам,
Тiрлiкте биiк қылсыншы мұнараңды
Аллам.
Ата-бабаң да жылап кеп,
жылап кеткен-дi,
Тұрлаусыз тірлік, бес күндiк мына
жалғаннан!
Болатбек Тоқмырза:
Дертім көп, оны қалай жасырасың?
Әкелер перзенттерін асырасын.
Әйелдер біреу емес, алтау тапсын,
Қазақтың санын солай асырасың!
Әлеуметтік әзіл
Қуандық Шамахайұлының парақшасынан
Әлем елдеріне арнап БҰҰ таратқан бір сауалнама жауапсыз қалған екен. Мәтіні мынандай: «Өзге елдердегі азық-түлік жетіспеушілігіне қатысты жеке пікірлеріңізді шынайы түрде білдіріп, көмектесулеріңізді сұраймыз». Оны қабылдаған:
– Африкалықтар «азық-түлік» дегеннің не екенін;
– Шығыс еуропалықтықтар «шынайы түрде» дегеннің қандай сипатта екенін;
– Батыс еуропалықтар «жетіспеушіліктің» қандай болатынын;
– Қытайлар «жеке пікірдің» қалай білдірілетінін;
– Латын америкалықтар «көмектесудің» не істеу екенін;
– Америкалықтар «өзге елдер» дегеннің дәл кімдер екенін ұқпай қойыпты.
Боямасыз бейне
Нұржан жақсылықтың парақшасынан
Бейбіт САРЫБАЙ