Beibytbook

Қазақша интернет Авгийдің атқорасын еске салады
Қаласақ та, қаламасақ та ғаламтордың өміріміздің бір бөлшегіне айналып кеткені рас. Күніне 10 сағат ғаламторда отыратындар баршылық. Дәл қазіргі заманда бұнсыз жұмыс істеу мүмкін болмай бара жатыр. Интернеттің игілігін көбіне-көп тілшілер қауымы көріп келеді. Ақпарат алмасуда, керегін табуда, барын жарнамалауда байланыстың бұл түрі өзінің тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген. Ал қарапайым жұрт уақытын қызықты өткізу үшін бас сұғады.
Пайдаланып келе жатқанымызға біраз уақыт өтсе де, бізде ғаламтор мәдениеті қалыптасты деп айта алмаймыз. Бұл, әсіресе әртүрлі мақа­лаларға жазыл­ған пікірлерден көрінеді. Адам­ның жеке басына тиісу, қаралау, даттау тыйылмай тұр. Әртүрлі сайттардағы мақалалар­дың ас­тына жазылған пікірлерді оқысаңыз, жа­ға­ңыз­ды ұстайсыз. Былапыт сөздердің неше атасы өріп жүреді. Пікірді кімнің жазғаны көрін­бейтін болғандықтан, ешкім айылын жияйын демейді.
Ал әлеуметтік желілер бұндай былапыттардан таза. Өйткені ол жерде жасырын жаза алмайсыз. Кез келген жазбаның авторы айқын көрі­ніп тұрады. Бірақ бұл жерде де кейде сына­ғанның жөні осы екен деп аузына келгенін айтатындар кездесіп жатады. Пікір жазу мәдениетін қалыптастыра алмай келе жатырмыз. Сауатты, ойлы пікірлер аз. Көбісі «жақсы екен», «маған ұна­мады» деген сынды болымсыз пікірлер қал­ды­ра­ды. Жақсы болса несімен жақсы, ұнамаса қандай кемшін тұстары бар? Осыны талқылап айту керек емес пе? Қазірше ондай биікке көте­рі­ле алмай тұрмыз. Біз күткен биіктен табылатындар жоқ емес, бар. Бірақ, тым аз. Сол азшы­лық көпті тәрбиелеуге ықпал ете алмай отыр.
Facebook әлеуметтік желісінде қоғамдық пікір қалыптастыратын, ой тудыратын, қандай да бір оқи­ға­ны талқылаған жазбалар жеткілікті. Бірақ болымсыз нәрселерді жазу, қарауға көз ұялатын фотосуреттер салу сияқты қисынсыз қылықтар да аз емес. Осындай келеңсіздіктердің кесірінен әжептәуір әлеу­мет­тік желі Авгийдің атқорасына ұқсап кететіні бар. Сол Элида патша­лығындағы Авгийдің атқора­сын Зевс­тің ұлы Геракл бір күнде тазаламаушы ма еді? Бұл желіге де бір Геракл керек болып тұр... Ор­тақ ойдың ала­ңын қоқыстардан тазартып алсақ, әдемі әңгіме­лерді жалғастыруға болады.


Достарымның жазбалары

Жүрсін Кәрімнің жазбасы:
Ұста үшін түкке тұрмас нәрсе
Қожайын қайығын сырлату үшін шеберді шақырады. Қайық ұстасы қайықты сырлап жатып түбіндегі тесікті көріп оны жақсылап бекітеді де, жұмысын аяқтап, ақысын алып кетіп қалады. Ал ертеңіне оған қайық иесі асығып келеді.

– Мына ақша сізге қайықты жөндегені­ңіз үшін деп оған ақша толы әмиянды ұсынады.
– Не үшін? – деп таңғалды шебер. – Мен еңбекақымды алып қойған едім ғой.
– Иә, – деп қоштады қожайын. – Ол қайықты сырлағаныңыз үшін, ал мынау жөндегеніңіз үшін, – деді.
– Сондай арзы­май­тын нәрсе үшін бе? – деп таң­ғал­ды қайық шебері. Оған көп күш кеткен жоқ әрі пәлендей уақытымды да алған жоқ. Ондай ұсақ-түйек үшін ақы сұрау ойымда да болған жоқ деді.
– Сіз айтқандай сол ұсақ-түйек нәрсе менің бала-шағамның өмірін сақтап қал­ды – деді қайық иесі. – Мен қайық түбін­дегі тесік жайында айтуды ұмытып кетіппін, сізбен есептесіп болған соң өз ісіммен асығып кетіп қалып едім. Ал балалар болса сол екі арада қайықты алып, ашық теңізге шығып кетеді. Қайық түбіндегі тесік есіме түскен кезде қатты қорықтым, ол теңізге батып кеткен шығар деп ойладым. Ал балаларым аман-есен оралған кезде олардың аман-есен оралғаны үшін сізге қарыздар екенімді түсіндім.

Анар Әлдибекованың жазбасы:
Әйгілі боксшы Мұхаммед Әлидің керемет пікірін оқыдым. Сіздермен бөліскім келеді.
«Мен шылым шекпеймін, бірақ үнемі қалтамда сіріңке жүреді. Менің жүрегім күнәға қарай тайқып бара жатса, сіріңкені жағып, алақаныма тигіземін де: «Әли, сен мына ыстыққа шыдай алмай тұрғанда то­зақ­тың жан төзгісіз отына қалай шыда­мақсың?» – деп өзімді тоқтатамын».

Бекарыс Нұримановтың жазбасы:
Рамазан айында ораза ұстамаған­дарға!
Бірде бір журналисті мешіт имамы ораза ұстауға шақырып, біраз уағыз айтады. Оған ол әр нәрсені сылтауратып, ау­зын бекіте қоймайды. Рамазан айы­ның жартысы өткеннен кейін әлгі тілшінің басшысы ұжымындағы барлық қызмет­кер­лерін жинап алып, «кім ораза ұстады» деп сұрайды. Сонда жартысы «мен» деп қол көтереді. Сол сәтте бастығы ауыз бе­кіт­кендерге 10 000 теңгеден үлестіреді де, қалғандары бос қалады. Осы жағдай­ды телеарна өздерінің жаңалықтарынан көрсетті. Ертесіне мешіт имамы тілшіге: – Бастығы­ңыз ораза ұстағандарға деп сый­лық бергенде қандай күйде болды­ңыз? Ертең қиямет күнінде Алла тағала «кім ораза ұстады» деп шақырады. Сонда оларға оразасының сыйлығын есепсіз қылып бе­реді. Ал сіз болсаңыз, бұ дүние­де бас­ты­ғыңыздың сыйлығынан құр қал­ғаныңыз секілді, қияметте Ал­ла­ның да сый­лығынан құр қалмақсыз ба? Әлі де кеш емес, ойланыңыз, ораза ұстаңыз, – дейді.
Осы әңгімеден ке­йін журналист ораза ұс­тап­ты.


Ғаламтор-мүшәйра
Бұл жолғы мүшәйраны төмендегі суретке жарияладық. Фейсбук қолданушылары әдеттегідей белсенділік танытты. Дауыс беру нәтижесінде 42 адамның қолдауымен ақын Қалқаман Сарин I орын алды.

Қалқаман Сарин:
САУАП пенен білсейші ОБАЛДЫ әркім,
Қарт сыйламай бар сірә, оңалған кім?
Қолымдағы АТАМНЫҢ орындығы,
Жұмақтағы орыным болар бәлкім...

Алмас Темірбай:
Атасы артта келеді, бала – алдында...
Не сездің, ойға батып қарар мұнда?!
...Орындық табылар-ау, ей, Адамдар,
Өмірден өз орныңды таба алдың ба?

Дос Бектұр:
Артыңдағы ақсақал ма, қария ма, Ол маңызды!
Алдыңдағы өзен бе, дария ма, Сол маңызды!
Қартты көрсең қадір тұт, дариядан өтерсің,
Қазір бала болғанмен, қарияға жетерсің!

Нұрғиса Асылбеков:
Сүйенішім, тірегім-ау, немерем,
Сақал шықты... Саған, қалқам, не берем?
Бар айтарым - тек ілгері баса бер,
Сен өрлесең мен бақытқа кенелем...

Айбек Емберген:
Мол тәрбие қарттыққа тартқан сыйын,
Немере атасының баққан күйін.
Безбүйректер баладан үлгі алсашы,
Әкесін паналатпай Қарттар үйін!

Исатай Батыр:
Әкенiң тәрбиелi болғанда ұлы,
Ол да болса қоғамның оңғандығы.
Таяқ ұстар жасыңда қандай жақсы,
Арқа сүйер балаңның болғандығы.

Жандос Еспенбетов:
Қарияға қолғабыс боп баласы,
Сауап жинап, қуануын қарашы?
Батаменен өскен бала көгерер,
Иманменен сусындаса санасы.

Сыйлыхан Жұмасалық:
Хақ дінді таныса елім көркейеді.
Үлкенге құрмет қылу ер тілегі.
Ешқашан еңкеймесін Ақсақалдар,
Сәждеге онсызда олар еңкейеді.

Нұртас Тұрғанбек:
Аллам өзі пендесін жебейді екен,
Есті халқым суретке не дейді екен?
«Болар бала боғынан» дегенінше,
Көтерген орындығынан демей ме екен...


Желідегі ойталқы
Шығару мен жеткізудің арасын ажырата алдық па?
Әншілер мен актерлерден «творчествоңызда не жаңалық» деп сұрап жатады. Осы дұрыс па? Меніңше, әнші де, әртіс те творчество адамы емес сияқты. Рас, олар – ерекше таланты, ай­рық­ша дарынды өнер иелері. Бірақ шығарма­шылық адамы емес деп санаймын. Бұл сөзіміз­дің дәлелі ретінде творчество сөзін талдайық. Творить – тудыру, жазу, салу, шығару. Творитель – тудырушы, жазушы, салушы, шығарушы. Де­мек, жоқ нәрсені бар ету. Ақын өлең жазды. Бұ­рын ол өлең жоқ еді. Суретші сурет салды. Ол су­рет бұрын жоқ еді. Композитор ән шығарды. Ол ән бұрын жоқ еді. Енді бар. Демек, олар жоқтан бар жасады. Ал әнші, актер еш нәрсені жаратпайды. Барды орындайды. Демек, олар орындаушы, жеткізуші. Жоқты бар қылмайды, барды жеткізеді. Осы ойды әлеуметтік желі пайдаланушыларының талқысына салған едік, 134 адам Laik белгісін басып, қолдайтындығын білдірген. Ал 50-ден аса адам өз пікірлерін айтқан. Қарсы шыққандар да бар. Төменде сол пікірлерді ықшамдап беріп отырмыз.

Айгүл Есенәлиева: «Тарихта қалған, қайта­лан­бас образдарды тудырған актерлер ше? Ол­арды қалай шығармашылық адамы емес деп айта аламыз?»
Алтынай Ауа­но­ва: «Пікіріңізге қо­сы­ла­мын. Барды жет­кізе алмайтын­дар да бар ғой, өнер тудырмақ түгіл».
Аян Садуақас: «Ойыңыз дұрыс. Дегенмен ақындар мен сазгерлер де жоқтан бар жасаушы емес. Жоқтан бар жасаушы бiр Алла ғана. Сон­дықтан ақындар мен сазгерлерді дарын­дылар деп, әншілер мен актерлерді өнерлілер деп ата­ға­­нымыз жөн».
Бағдат Тоқтарбеков: «Меніңше, бұл оймен келісуге де, келіспеуге де болады. Бір жазушы-драматург пьеса жазды делік. Жоқтан бар жасап. Режиссер оны сахналады делік, жоқтан бар жасап. Енді сол пьесадағы кейіпкерді әртіс сомдады дейік. Оны бұрын ешкім ойнамаған болса, ол кейіпкерге бұрын ешкім өзіндік қолтаңбасын қалдырып, өзіндік характер бермесе, осының бәрін жасап шыққан әртістікі жоқтан бар жасау емес пе? Бір қарағанда  рөлді ойнау шығармашылық емес бо­лып көрінгенімен, бұл жерде көзге көріне бермей­тін қаншама деталь жатыр. Егер әртістік дайын­ды жеткізу ғана болса, онда Асанәлі Әшімов сан қилы образдарымен халық ықыласына бөлен­бес еді. Бұл, әрине, менің обьективті пікірім».
Ролан Дүйсенбаев: «Мәселеге бір жақты қарамау керек. Мысалы, Әміренің айтқан әнін дәл солай салатын әнші бар ма? Күләштің, Бибігүлдің, Розаның бұлбұл үндерін қайталау­шылар болғаны­мен, дәл солардай мақаммен орындай алады деу қиын. Әлде оларға сөзін не әнін жазған ақын, саз­гер­лер халыққа тап солардай жеткізе ме? Сахнада бір рөлді жүз адам сомдасын, бірақ сол бір кейіп­кердің бейнесін әркім өзінше шығарады және бірі­нің жасаған образын бірі қайталай алмайды».
Олжас Бейсенбай: «Баяғыда Болат Ата­баев ағамыз «творить», «творение» деген сөз­дер «тварь» дегеннен шыққан деп айтып еді. «Тварь» деген сөздің мағынасы о баста қазіргі­ден бөлек болған екен. Яғни Жаратушы­ның жасағаны деп қабылдайтынымыз «тварь» болса керек».
Гүлмира Ахметова: «Келіспеймін! Әнді де жанын жеп айтатындар бар емес пе... Өзгенің жүрегіне жол табу – шығармашылықты қажет етпейді дегенге келісу қиын».
Ерғали Бақаш: «Әншілер өздерін халықтың адамымыз дейді. Негізі, сахнаның адамдары ғой. Кім көрінген халықтың адамы бола бермейтінін естерінен шығарып алмаса жақсы-ақ болар еді».
Орынбасар Бегалина: «Әншi де, әртіс те –шығармашылық иесi. Сол дайын берiлген дүниеге жан бiтiредi, олай болса ол – тудырушы».
Алтай Чултуков: «Орындаушы ғой. Кейбіреу­лер әнші мен орындаушы деп екіге бөліп жата­ды».
Елжас Қонысбай: «Серке Қожамқұлов, Шәкен Айманов, Асқар Тоқпанов, Елубай Өмірзақов, Әмина Өмірзақова, Фарида Шәріпова сынды өнер үшін жанын төккен актер ата-апаларымызды Халық әртісі деп ауыз толтырып айта аламын! Актер ол өмірде де актер болмауы керек! Өмірде өмір сүру қажет»!


Жандос Байділданың парақшасынан
Оразадағы оқиға
Менің есімде, бұрындары ауылда тек егде тартқан кісілер ғана ауыз бекітетін. «Мұсылмансың ғой, ауыз бекітсейші!» деп бірін-бірі қинамайтын. Қазір ғой, көпшіліктің діни сауаты артып, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ораза ұстайтыны.
Осыдан 15 жыл бұрын. Ауылдағы Шәрипа апамыз да (ауылда ол кісіні Шапок дейді сыртынан) сауапты молынан жинағысы келді ме, күйеуін де, балаларын да ауыз бекітуге «азғырады». Шиеттей бала-шаға ораза ұстаудың шарттары мен ережелерін білмесе де, Шәрипа апамыздың дегенін қылып, соңынан ереді. Сірә, шешелері туған баласына жамандық ойламас деді ме, әлде «айттым, бітті» деген жарлығына қарсы тұра алмағандықтан ба, бәрі еріксіз келісе кетеді. Содан қасиетті Рамазан айы да басталып, Шапок апамыздың шаңы­рағы түгел ауыз бекітті. Ауыл біткен оларды үдере әңгіме қылды. «Қаршадай балаларын да қинап қойғаны несі» деп сыбап алғандар да болды. Өзі ауылдың шетінде тұратын отбасын сырттан кеп біреу уағыздап кетті ме деген де алып-қашпа сөздер жүрді. Сол Шапок апамыздың Ақкенже атты 10-сынып оқитын қызы болатын. Сынып жетекшісі Гүлімай апай Ақкенжені үлгерімі нашар болса да, ораза ұстағанын айтып, құрдастарына үлгі етеді. Мұғалімдердің барлығы Ақкенжеден сабақ сұрамай, өздерінше сауап іс тындырдық деген оймен әуре. Ақкенженің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ.
Мұғалімдердің Ақкенжеге мейірімділік танытуы сыныптастары­ның қызығушылығы мен қызғанышын қатар оятты. «Ұстаса өзі үшін» деп кейігендер де кездесті. Аяқ астынан «пірадар» қызға айналған сыныптасына қызығушылықпен сұрақтар қойғандар да кездесті. Құралай (сыныптасы әрі құрбысы) бір топ қыздардың басы қосыл­ғанда: «Ақкенже, ораза ұстаған қызық па? Таң атқаннан кеш бат­қанға дейін нәр татпай жүрген қиын емес пе», – деп барлығының көкейінде жүрген жалғыз сұрақты қойды. Өзін басқалардан өзгеше санап жүрген Ақкенже де сол сұрақты көптен бері күтіп жүрсе керек, ойланбастан: «Қиын түгі де жоқ. Түнде тұрып, бәріміз сәресі ішеміз. Ағам мен әкем кешке дейін малдың соңында. Ал мен түсте сабақтан қайтқан соң, апам екеуміз есікті ішінен құлыптап, перделердің бар­лы­ғын жауып, ешкімге көрсетпей, талқан былғап жеп аламыз», – дейді жаңалық ашқандай жүзі жайнап. Сыныптас құрбыларының бар­лығы аң-таң. Не дерін білмейді бәрі. «Балалы үйде ұрлық жат­пай­ды» деген осы.
Оны қойыңызшы, сол үйдің отағасы күндіз малға шыққанда «Ең бастысы, тамақтан тыйылсақ болды емес пе?» деп бипаздап насы­байын атып, шырт түкіріп кете баратын көрінеді. Ол кезде қазіргідей хадис білетіндер, діни сауаты мол адамдар жоқтың қасы. Оразаның сыртқы формасын бұзды демесеңіз, көңілі таза, ниеті ақ, аздап әпенділеу жандар.

P.S. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!
Мың жылдың сауабын бір айда жинауға тілекшімін! Мәселе, біреудің үстінен қылжақтау емес, осындай әпенділігімен сүйкімді жандардың өмірінен бір естелік алып, жүзіңізге күлкі үйіру. Ұстаған оразаңыз Алла тағала тарапынан жеңілдігімен келсін!


Әсия Бақдәулетқызының парақшасынан
Бәріміз қоршаған ортаның тұтқынымыз

«Анна Каренинаның» кезекті экранизациясын көрдік. Левиннен басқасының образы сұрақ күйінде қалған сияқты. Неге өйтті? Неге бүйтті? Мұнысы дұрыс па?
1. Әйел өзі сүйетін еркекке тиесілі болғысы келеді. Бұл, батысша ойлайтын қазіргі қоғамға түсінікті ой. Бірақ «сезім адамгершіліктен аттаса, құнсызданады» – бүгінгі күн үшін «жаңалық» болуы мүмкін. «Страсть во имя страс­ти я не приемлю» дейді Левин. «Я люблю тебя» – это не значит «я на всех наплевал» (Б.Гребенщиков). Толстой да махаббаттан ең алдымен мораль, адамгершілік катего­рия­ларын іздеген. «Сен менің ұятымды өлтірдің» дейді Каре­ни­на. Ал махаббат адамның арына қиянат жасамау керек, қайта жанын биіктетсе керек еді. Яғни «Махаббат махаб­бат үшін» (Анна-Вронский) емес, «махаббат ізгілік үшін» (Левин-Кити).
2. Еркек әйелінің көзіне шөп салса, заңды құбылыс сияқты қабылданады. Бірақ әйел де дәл солай, сатқын­дыққа қабілетті. Бір ғана айырмашылық – еркек кетсе де, әйел бар жерде отбасы бар (Долли мен Стива). Ал әйел кеткен жерде отбасы болмайды (Каренин мен Анна).
3. Каренина неге по­йыз­дың астына түсіп өлді? Ұяттан емес. «Злой дух» дейді Анна (кинода – қызғаныш). Ал тереңдеп қа­рағанда Анна мен сү­йік­тісінің арасын­дағы кісіліктің теңсіздігі­нен.
4. Біз бәріміз өзімізді қоршаған ортаның тұтқы­ны­мыз. Біз осы сөздері­мізді оқып отырған сіз­дің, сіз – біздің. Романда­ғы негізгі «қоғамдық» ой­ды режиссер де­ко­рациялармен ойнау арқылы жақсы жеткізген (әрі үнемдеу). «Ол кезде қоғамдағы қарым-қатынастың бәрі осын­дай жалған, жасанды болатын» деген ойды оқисыз. (Қазір өзгерді ме?). Табиғат аясында тек қана үш көрініс бар: 1) дворяндық санадан арылғысы келіп, шөп шабатын Левин. 2) Анна мен Вронскийдің бақытты сәті. 3) ең соңындағы, Карениннің өгей қызын бауырға басқан (бәрі-бәрін мейірім жеңді) көрінісі.
Бір қызығы, кинода Анна (Кира Найтли) таяздау көрін­се (максимум назар - сезімге), Каренин (Джуд Лоу) те­рең­деу сияқты (әйтеуір жағымсыз кейіпкер емес). Не болса да, түсірілімі жағынан (кейбір жасандылықтарын есепке алмағанда) қызықты экранизация.


Данияр Жаныстың парақшасынан
Демалыс орнынан

Бейбіт САРЫБАЙ

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста