Батыс Қазақстан тарихында ақтаңдақ беттер жетерлік

zhaikpress.kz

Жантас САФУЛЛИН, өлкетанушы, "Жайық Прес" ЖШС-нің бас директоры:

– Жантас Набиоллаұлы, өзіңіз Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің басын біріктірген серіктестіктің басшысы ретінде осы қос басылымның тарихын індете зерттеуге кірісіп кетіпсіз. Күні кеше ғана 95 жылдығын атап өткен газеттер Қазақстандағы ең байырғы басылым екендігі мойындалған факт. Cоңғы жылдары біз білмейтін тағы қандай тың деректер табылды?
– Қос басылымның тарихы Кеңес үкіметінің құрылуынан кейін басталғанына іштей күмәнданатын едік. Бұған дейін де өңірімізде толыққанды басылымдар болғаны көпшілікке мәлім. Яғни газеттеріміздің тарихы біз негізге алып жүрген 1918 жылғы 17 қарашада емес, одан әріде екендігі, әлде де тыңғылықты зерттеулер қажеттігі көрініп тұрды. Мұндай ойға келуімізге себеп болған жағдайға тоқталайын.
Біріншіден, өткен жылы Мәскеу мұрағаттарынан облыстық қос басылымның ізашары делінген «Известия»-«Хабар» газетінің 1918 жылдың аяғына дейін шыққан сандарының көшірмесін түгелге жуық әкелдік. Міне, осы газеттің алғашқы нөмірінде, араб әліпбиімен жазылған нұсқасында облыстық кіндік комитеттің №12 хаттамасы жарияланған. Онда «баспасөз та-рату ісі ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан ордасындағы «Ұран» баспаханасы біріктіріліп, ол баспахананы басқару ісі жолдас Выгдорщикке тапсырылсын» делінген. Хат-тамадағы «баспасөз тарату ісі ілгерілеп...» дегеннің өзі бұрын барды жаңа жүйеге ыңғайлап жалғастыруды меңзейді. Осылайша «Ұранның» орнын «Известия»-«Хабар» газеті басқанын дәлелдейді.
– «Ұранның» редакторы кім болған сонда?
– «Ұран» газетінде редактор болған адам Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Газетте Ғұмар Қараштың көптеген мақалалары, тіпті газеттің мақсатын айқындайтын «Ұран» атты өлеңі де жарық көрген. Ал бұл тұлғалардың «Известия»-«Хабар» газетіне де қатысы барлығын 1968 жылғы 17 қарашадағы газеттің елу жылдық мерекелік нөміріндегі Тамимдар Сафиевтің мақаласы дәлелдей түседі. Онда «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» аталып, екі тілде шыққан газет орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесі талқыланғандығы, көпшіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» болып өзгертілгенде оның редакция алқасында Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және мақала авторы Тамимдар Сафиев кіргендігі айтылған. Осымен-ақ бұл тұлғалардың баспасөзбен тығыз байланыста болғандығы көрінеді. Өкінішке қарай, Кеңес дәуірінде осындай ұлт зиялыларының халқы үшін жасаған қызметі айтылмады. Тіпті ағартушы, ақын, ойшыл Ғұмар Қараштың еңбегі түгіл, атын атауға тыйым салынды. Көбінесе «Известия»-«Хабар» газетінің ре-дакторы – Ішкі ордалықты басқарушы облыстық кіндік (орталық) комитет төрағасы Степан Милютиннің аты ғана аталып, басқасы көлеңкеде қалды.
Ғұмар Қараш және Ғабдолғазиз Мұсағалиев – екеуі де қазақ тарихында ойып алатын орны бар, ел үшін жанкешті еңбек еткен, баспасөз саласы арқылы халық санасын оятуға орасан еңбек сіңірген тұлғалар. Бұл газеттер қоғамдағы саяси жүйе қанша өзгерсе де, мүмкіндігінше халық үшін аянбай қызмет етті.
Үшіншіден, біз баспасөз саласын зерттеумен жаңадан айналысып жүргендіктен, әр тапқанымызды жаңалық ашқандай боламыз. Бірақ кәнігі кәсіби мамандар бұны әуелден білгендей. Алматы қаласындағы Ғылыми кітапханада «Орал өңірі» газетіне қатысты формуляр былай толтырылыпты: «Қызыл ту. Оралдың губерниялық партия комитеті мен атқару комитетінің газеті. Орал, 1922-1929. 1917 ж. июлінен-1918 ж. – «Ұран»; 1919 ж. – «Дұрыстық жолы»; 1919-1920 жж. - «Сахара таңы»; 1920-1930 жж. – «Қызыл ту»; 1931-1957 жж. «Екпінді құрылыс»; 1958-1964 жж. – «Октябрь туы»; 1965 ж. 1 янв – «Орал өңірі» деп аталады». Міне, мұнда да газеттің тарихы «Ұраннан» басталатындығына еш күмән жоқ.
«Ұран» газетін Кеңес үкіметі тұсында баспасөздің бастауына негіз етуге саясат жол бермеді. Бұған Сәкен Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешу» романында: «Бөкей ордасының біраз оқығандары, ақын, молда Қарашұлы бас болып, «Ұран» деген газет шығарып, «Алашорданы» ұран қылып тұрды...» дегенінің өзі дәлел. Алашорданың айналасындағының бәрі «халық жауы» болғандықтан, газет те осы санатқа жатқызылып, іздегенде «әп» дегеннен-ақ таба алмауымыздың сыры осыда болар.
– Облыстық қос басылымның тарихы 1917 жылдың шілдесінен басталатындығын білдік. Ал осы «Ұран» газетінің тігінділері бүгінгі күнге дейін сақталған ба?
– 1911-1913 жылдар аралығындағы жарық көрген «Қазақстан» газетін Ресей мұрағаттарынан іздеп тапқан тәжірибеміз бойынша ресейлік көптеген мұрағаттар мен кітапханаларға сұрау салдық. Өкініштісі, ешбірінде сақталмапты. Бірақ газеттің шыққаны, көптеген тұлғалардың көзімен көргені, оған өздерінің бағасын бергені анық. Не мұрағат, не мұражай, не кітапхана, не жекелеген адамдардың қолында сақталуы мүмкін деген оймен індетіп, іздестіруімізді жалғастырдық. Алғашқы қуанышты хабарды ғалым Мақсат Тәжімұрат жеткізді. Ол Алматы қаласындағы «Республикалық кітап мұражайы» РМҚК-дан «Ұран» газетінің бірнеше санын тапқан. Біздің жанұшырып іздеп жатқанымызды естігендіктен, құнды дүниені бізге беруді жөн санапты. Тіпті электронды көшірмесін жасатып, алып кетуге дайындатып қойған. Барып алдық. Тігіндінің бетіне былай деп жазылыпты: «халық ақыны Надралиев Андаштың (1889-1954) жеке қорынан. Бұрынғы Астрахан облысы, Бөкей ордасы, қазіргі Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылында дүниеге келген». Мұражай қызметкерінің айтуы бойынша, газет тігіндісі 1978 жылы тапсырылған.
Араб әліпбиімен жазылған газетті әріптесіміз, белгілі журналист Қазбек Құттымұратұлы кириллицаға аударуға кірісіп кетті. Әр нөмірі аударылған сайын оқып, қызығымыз басылмай, желпініп отырғанда, тағы бір жақсы хабар келді. Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық мұражайдың директоры Нұржан Төлепов «Ұран» газетінің көшірмесі Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұрғанын көріпті. Зерттеуші, ғалым Мұстафа Ысмағұлов жинаған қордың ішінде «Ұран» газетінің де көшірмелері бар екен. Мұстафа ағамыз шамалыға таптырмайтын «Ұран» газетінің фотокөшірмелерін де бір папкаға салыпты, тіпті осы га-зеттің бас редакторы әрі ұйымдастырушысы Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің көптеген еңбегін жинақтап, зерделепті. Мұражай басшылығымен келісіп, осы еңбектердің көшірмесін алдық.
Қолда бар газет көшірмелерінен түйгеніміз – «Ұранның» шамамен 40-50 нөмірі жарық көрген. Біз 10 нөмірін таптық. Нақты айтсақ, мына нөмірлер: №6, 1 қыркүйек 1917 жыл, жұма; №7, 12 қыркүйек 1917 жыл, сейсенбі; №8, 26 қыркүйек 1917 жыл, сейсенбі; №9, 7 қазан 1917 жыл, сейсенбі; №20, 31 желтоқсан 1917 жыл, жексенбі; №24, 16 ақпан 1918 жыл, жұма; №28 (датасы белгісіз); №30, 28 (10) наурыз 1918 жыл, бейсенбі; №38, 16 (3) мамыр 1918 жыл, бейсенбі.
Бүгінгі күні бұның өзі үлкен олжа. Сондықтан әзірге осыған қанағат етудеміз. Алдағы уақытта атқарар жұмыстың көптігі айтпаса да түсінікті. Ерекеш айта кететін жағдай - біз газетіміздің шыққан жылын әріге шегеріп, жасын ұлғайтуды мақсат етіп отырған жоқпыз. Ең бастысы – шындықты, ақиқатты айқындау. Бұл Кеңес үкіметі тұсындағы 73 жыл бойы айтуға, тіпті ойлауға тыйым салынған жағдай еді. Азат ел болғанымызға тәубе. Өт-кенімізді саралап, жақсылығын ұрпаққа айтатын күн де туды.
– Жантас Набиоллаұлы, газет тарихына қатысты біраз жұмыс атқарыпсыздар. Тағы бір білетініміз – соңғы уақыттары Жайық өңіріндегі көне қорымдарды, құлпытастарды зерттеп, тіпті «Құлпытас сырын ашайық» деген жобаны қолға алған екенсіздер. Істеріңіз қалай жүріп жатыр?
– Білген адамға құлпытастағы жазудың өзінен көп мағлұмат алуға болады. Осы мақсатпен «Құлпытас сырын ашайық» жобасының таныстырылымын жасағанбыз. Жоба аясында Ақжайық, Сырым, Қаратөбе аудандарының аумағындағы араб әліпбиімен жазылған елу құлпытасты кириллицаға аударып, ол тұлғалар туралы тереңірек мәлімет беретін 85 беттік А4 пішіндегі жинақ шығардық. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, жинағымызды халыққа жария етіп, болашақта атқарар істерімізбен бөліспек болған шарамыздың дәл үстіне Алматыдан арнайы экспедициямен ғалымдар келе қалды. Ғалымдарымыздың келу мақсаты – Қазақстанның киелі орындарының тарихы мен қазіргі жағдайын және оларға байланысты киелі әлемді жүйелі және кешенді түрде зерттеу. Сапар барысында киелі орындарды аралап, қажетті мәліметтерді жинақтауды жоспарлаған, атап айтқанда: киелі орынның атауын және орналасқан жерін белгілеу (аталу варианттары, тарихи атауы, қазіргі заманғы аталуы); киелі ескерткішті сипаттау (мазар, құлпытас, мейманхана, мешіт, үңгір, бұлақ т.б.), көлемі; құлпытас жазуларын оқу, суретке түсіріп алу; Киелі орынға байланысты аңыз, әңгімелерді жазып алу екен.
Топ жетекшісі, иституттың Таяу және Орта Шығыс елдері бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Муминов атқарған ісімізге қатысты: «Париж қаласында мұсылман елдерінің араб қарпімен жазылған графикалық ескерткіштерінің хронологиялық он сегіз томдығы басылып жатыр, бірақ мына жинақтағы жазбалардың бірі де енген жоқ. Егер бұл ағылшын тіліне аударылса, әлем ғалымдары назар аударады» - дей келе, «Бұл – әлемдік ғылымға қосылған үлес, әлемдік деңгейдегі ғылыми басылым» деп бағалап, бізді бір марқайтып тастады. Алайда бұл жоба бойынша болашақта атқарар істің көлемін теңіздей деп алсақ, атқарылғаны тек тамшыдай ғана.
– Сонда нақты қандай елге танымал тарихи тұлғалардың құлпытастары оқылды?
– Жұмыс енді ғана басталып жатыр. Мысалы, Ақжайық ауданына қарасты Базартөбе және Базаршолан ауылдарының түйісер шекарасында орналасқан Тайқожа қорымында болдық. Мұнда он шақты құлпытас бар. Аз уақыттың ішінде Әшірбек Муминов пен Қазбек Қабжанов бір құлпытасты оқыды. Онда былай жазылған: Тана руы, Асан тайпасының Жанмырза Тілеуұлының баласы Итемген бай офат болды 93 жасында 1836 рамазан айында». Мұндағы Итемген – тарихта белгілі тұлға. Халық аузында «Есенгелді бай» атымен қалған, шын мәнінде тек бай емес, старшын болған, тархан дәрежесіндегі ел басқарған, хан именіп, санасқан ірі тұлғалардың бірі Есенгелді Жанмырзаұлының туған інісі. 1811 жылы 17 қыркүйегінде Кіші жүздің Байұлы тармағының бас адамдары Орынбор әскери губернаторына Жантөре хан Айшуақұлының орнына Бөкей Нұралыұлын бекітуді ұсынған хат жолдаған Осы хатқа қолын қойып, мөрін басқандардың ішінде осы құлпытаста көрсетілген Итемген Жанмырзаұлы да бар. Осыдан-ақ бұл тұлғаның қазақ тарихында орны бар, ірі тұлғалардың бірі болғандығын аңғаруға болады.
Сондай-ақ, Базаршолан ауылынан үш шақырымдай қашықтықтағы Ескі Есім ауылының маңындағы қорымда 1794-1797 жылдары Кіші жүздің ханы болған Есім Нұралыұлы жатыр. Бірақ араб-шағатай тілдерінде жазылған құлпытас мәтіні толық оқылмаған еді. Сондықтан осы жерге Алматыдан келген ғалымдарды әкелдік. Араб, түркі, шағатай тілдерінде аралас жазылған Есім ханның құлпытасындағы жазуды Әшірбек аға еш іркіліссіз қазақшаға бірден аударып оқыды. Онда: «Ол тірі, ешқашан өлмейді (Аллаға айтылған – Ә.М.), бұл кешірілген адамның қабыры. Жеңістер иесі, Құдай қолдауының иесі, мырза, бахадүр, Ешали хан Нұралыұлы, марқұм Әбілқайырдың ұлы бұл дүниеден өтті. 1211 жылда 53 жасында. Тасты орнатқан ұлы Қайып али сұлтан», әрі қарай өлеңдетіліп жазылған, тікелей аудармасы: «Кіші жүздің бір адамы зорлық жасап өлтірді. Өлімнің шәрбәтін ішіп, рухы шықты. Ол жәннатта хош сезініп отыр. Егер бұны бір мұсылман оқып көрсе, білген жақсы құран аятын оқып, дұға құлсын». Соңында төре таңбасы басылыпты.
Біз тек өз облысымызбен шектелмей, көршілес Атырау облысының аумағында орналасқан, жаны мен тәніне шипа іздеген адамдар барып түнейтін, бүгінде басына кесене тұрғызылып, түнек салдырылған, халық «Мәтен қожа әулие» атап кеткен тұлғаның басына да бардық. Әулиенің құлпытасы бұрын қақ ортасынан сынып түсіп, орнына қайта қойылғандай. Осы қиылысқан екі арасын оқу едәуір әуреге салды. Бір сағаттай уақыттан кейін құлпытастың бергі беті толық оқылды. Онда: «Байұлы ішінде Қожа Мәтен ибн Қожа Төлек бұл фәни дүниеде 63 жас сүріп ғайыпта аллах бір худа илла 1802 иылда офат болып бұл махама дәфінулунды. Өзінің тірі күнінде және .....офатында соңғы кезі кірәддин бір түрлі май тәнге кірген бір ауруға шифа қазірде мәужіт. Бұны қойды немересі Айнақожа Қылышқожаұғлы». Соңында қожалардың таңбасы салынған. Тарихшылардың біздің өңірге келгеніне қалай қуансақ, Мәтен қожа әулиенің басында он екі жылдан бері отырған шырақшы бізден бетер қуанды. Себебі осы он екі жылдың ішінде талайлар келіп, құлыпты ашуға тырысқанымен, тап бүгінгідей толық ешкім аша алмапты.
Жалпы, Қазақстанның барлық өңірін аралаған ғалымдар: «Құлпытас саны жағынан Қазақстан бойынша еліміздің батыс өңірі, ал осы батыстың ішінде – Батыс Қазақстан облысы алға шығатынына анық көз жеткіздік» - деді. Осыдан-ақ болашақта атқарар ісіміздің көлемі түсінікті болып отыр. Алматыдан, Астанадан ғалымдар біздің облысымызға қанша келіп зерттеу жұмыстарын жүргізсе де, түгел қамтып, толық зерттей алмайтыны анық екен. Тек жергілікті тарихшылар, өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері бас қосып, билік қолдап, тізе қосып жұмыстанса ғана нәтижеге қол жеткізе аламыз.
– Әңгімеңізге рахмет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста