Қазақ руханияты тағы бір асылдың сынығынан айырылды. 9 желтоқсанда 72 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған ауыр науқастан белгілі қаламгер, аудармашы Бақытжан МОМЫШҰЛЫ дүниеден озды.
Қазақтың даңқты батыры, қайраткер тұлғасы Бауыржан Момышұлының соңындағы ізін жалғастырар ұрпағы болған, халықтың ардақты қызы Зейнеп Ахметоваға аяулы жар бола білген сабырлы қалып, сырбаз мінезді, өмірде қарапайым, адамгершілігі мол қаламгер-аудармашы үлкен қажыр-қайратпен ұлт әдебиетінің көркею жолында адал қызмет етіп еді. Қаламгердің қалың оқырманнан лайықты бағасын алған шығармалары бүгінде қазақ әдебиетінің бір бөлшегіне айналды. Көркем аударма саласында да жемісті еңбек ете жүріп әдебиеттер достығына алтын көпір бола білді.
Басылымдарға сұхбат берсе де, оқырмандарымен жүздессе де Бақытжан аға әркез: «Мен ешқашан «Бауыржанның баласымын!» деп кеудемді керген емеспін. Қанша кітабым жарыққа шықты, сол кітаптарымның бәрінде де әкем бар. Өйткені оның тұлғасы маған үлгі, әрдайым жол көрсетіп тұратын сияқты. Әкем марқұм: «Жауапкершілікті ұмытпа, майдаланба, өтірік айтпа. Біреуді шексіз мақтама, жаман қылығын байқап қалсаң айтарға сөз таппай қаласың», – деп отырушы еді. Міне, әкенің бұл өсиеті ешқашан жадымнан шығармашылықта да, өмірде де шыққан емес» – деп ағынан жарылып отыратын.
Бақытжан Момышұлы 1941 жылы 3 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. Некрасов атындағы №10 орыс орта мектебін, шет тілдер педагогикалық институтын бітірген. Әр жылдарда Жамбыл облысының Жуалы аудандық газетінде тілші, Жамбыл облыстық газетінде аудармашы, «Ленинская смена» газетінде редактор болып еңбек еткен. Жұмыста да, шығармашылық жолда да өзінің ізденімпаз, еңбекқор екендігін дәлелдеп, кейінгі буынға үлгі-өнегесін көрсете білді.
Шығармашылық жолын аудармашылықтан бастаған қаламгер Ш.Мұртазаның «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай» повестерін, Ж.Молдағалиевтің, Д.Досжановтың, О.Бөкеевтің, Қ.Найманбаевтың, Б.Бодаубаевтың, Б.Тоғысбаевтің, К.Қазыбаевтің, Ш.Шаваевтың, М.Айымбетовтің, К.Тоқаевтың, т.б. жазушылардың туындыларын биік талғаммен, талантқа тән шеберлікпен тәржімалаған.
Қаламгердің қаламынан туған «Добрые мосты», «Раскаленные камни», «Прозрачные льдины», «Тихие голоса», «Я еще ребенок», «Когда ты рядом», «Мен әлі сәбимін», «Восхождение к отцу», «Дети-Великаны», «Жанымның жарық жұлдызы», «Во имя отца», «Звезда брата», «Турксиб — земля полководца», «Сыновья Великого Волка», «В поиске света», «Путь Огненного Орла», «Сердце Волка», «Орда алая и Мечеть белая», «Преломление Света» сияқты кітаптары қалың оқырман қауымнан, сыншылардан жоғары бағасын алып, әдебиеттің алтын қазынасына қосылған сүбелі еңбектер.
Ұлт руханиятындағы ерен еңбектері ескеріліп, бірнеше медальдармен, «Құрмет» орденімен марапатталған, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты атағын иеленген, Жазушылар одағы басқармасының мүшесі болған. Еліміздің қоғамдық-саяси, әдеби, мәдени өміріне белсене араласып, ұлттық мүдде тұрғысынан үнемі азаматтық пікірін ашық айта білетін.
Тектіден туған, қазақы қасиеті мол, бекзат болмысты талантты қаламгер, аудармашы, туған халқын жанымен сүйген, әке аманатына адал абыройлы азамат Бақытжан Момышұлының жарқын бейнесі ел жадынан мәңгі өшпейді деп сенеміз. Әкесі – батыр Баукең де 72 жасына қараған шағында өмірден озған еді...
• Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі бүгін сағат 10.00-де Алматыдағы М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрында өтеді. Батырдың ұлы, асылдың сынығы, халықтың перзенті болған қазақ қаламгерінің арты жарық, алды пейіш болсын деп тілейік.
«Алаш айнасы» газеті, tengrifm.kz радиосы, tengrinews.kz, massaget.kz порталдары мен СТВ арнасының ұжымы
Орынша Қарабалина-Қазыбаева, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Бауыржан Момышұлының келіні:
– Мен 1956 жылдың шілде айында Баукеңнің босағасына келін болып түстім. Сол кезде Бақытжан 9-сыныпта оқитын. «Жеңешең келеді» деп үйретіп қойса керек оған, алдымнан алғаш рет жүгіріп шығып, «жеңеше» деп қуанған осы Бақытжан болды ғой.
«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, әрине, содан өзіме сондай жақын тартып кеттім. Бақытжан өзі өмірге сирек келетін, сондай бір таза, арамдығы жоқ адам еді ғой. Сондай бір ұлы адамның жалғыз ұлымын деп еш есірген кезі болған жоқ. Аздап әкесіне өкпесі де болды, бірақ онысын жан ағасына ғана айтатын. Сондай әкесін сағынып, әкесіне өкпелеген кезінде жазған хаты сақтаулы біздің үйде. Бірақ кейін Баукең қайтқан соң, әкесінің тек жақсы жақтарын жазып, өкпесін ұмытты ғой.
Соңғы рет 70-ке толған кезінде көрдім, бір жылдай болып қалды ғой. Науқастанып жатыр дегенді естіп, Зейнепке қоңырау шалдым. Өзімен сөйлесіп, барынша рух беруге тырыстым. Соңғы рет «жеңеше» деген дауысын сонда естіген екенмін ғой. Қайтеміз, тағдыр, ажал... Ендігіде тек иманы салауатты болсын деу ғана қалды бізге. Жаны жаннатта болсын асыл қайнымның!
Дулат Исабек, жазушы:
– Біздің әдеби ортаға кеңінен араласқан өзі біртоға, ешқандай дау-дамайға араласпайтын, өзінің ғана пікірін айтып қойып қарап отыра беретін, өте байыпты, сабырлы азаматтың бірі болатын. Әсіресе, қазақ әдебиетін, қазақ тіліндегі шығармаларды орыс оқырмандарына жеткізуде және қазақ шығармаларын, тіпті аударылмаған шығармалардың өзін орыс аудиториясына жеткізуде қазақ әдебиетінің ешкімнен кем қалмағанын, әлем әдебиетімен үзеңгілес, тізгіндес, деңгейлес екендігін дәлелдеп жүрген жігіттердің бірі еді. Бақытжаннан мен үлкен монографияларды күтіп жүрген адамдардың бірі едім. Бір көргенімде өзі де «соған кірісемін, бастап жатырмын» деп жүрген еді. Оның қаншасын бітірді оны білмедім. Өйткені біз күнде араласып тұрдық дей алмаймын, ол өзі соңғы кездері әсіресе, оқшаулау өмір сүріп жатты. Іштей сондай сүбелі еңбектермен айналысып жатқан шығар деп жүруші едім және Бақытжанның пікірін өзім қатты бағалайтын едім. Себебі ол білімдар, оқыған, тоқыған, әлем әдебиетін жақсы білетін, орыс әдебиеті мен қазақ әдебиетін бес саусағындай меңгерген, салыстырып, сараптама жасай алатын қабілетті жігіттердің бірі еді. Асылдың сынығының аяқталмай қалған дүниесі көп деп ойлаймын. Артында қалған мұраларын жұбайы Зейнеп жинақтап қолға алатын шығар деген үмітім бар. Бүкіл ағайын-туысқа қайғырып көңіл айтамын. Бұл қазақ үшін орны толмас қаза. Иманды болсын.