Батырдың көркем бейнесі
Халық Қаһарманы, ұлтымыздың біртуар перзенті Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі елге кеңінен таныс. Сағадат Қожахметұлын танымаймын деу – қазақ үшін ұят. Дегенмен көпшіліктің тұғырлы тұлға жайындағы білімі батыр дегеннен арыға аспайтыны, ащы да болса шындық. Осы тұрғыдан алғанда, ұлт перзентін жарқырата көрсету жағы – кезек күттірмейтін мәселе. Өзге елдер Сағадаттай батыры болса, ол жайында әлдеқашан көркем фильм түсіріп үлгерер еді. Көркем картинаға Сағадат батырдың болмысы сұранып-ақ тұр. Дегенмен бізде ондай қадамдар жасалған жоқ. Осындай кемшілігіміздің орны сәл де болса толғандай болды.
Кино түсірілмесе де, кітап жарық көрді. Белгілі журналист Болат Жүнісбековтің «Отасу» атты роман-дилогиясы оқырмандарға жол тартты. Кітап «От» және «Су» атты екі бөлімнен тұрады. Бас кейіпкер – Сағадат Нұрмағамбетұлы. Бұл жерде ойдан жонып, қырдан алған түк те жоқ. Барлығы да – батыр тұлғаның бастан кешкендері. Демек, бас кейіпкер мен прототиптің образының арасында айтарлықтай айырма жоқ. Бұл кітапта жан-жақты тұлғаның көркем бейнесі жасалған. Оқырман қауым сырттай танитын батырдың болмысымен кеңірек таныса алады. Бұл кітап – өмірі өнегеге толы, қазақтың әр баласы үлгі тұтарлық Сағадат Қожахметұлы жайында білгісі келетін оқырманға жасалған үлкен сыйлық. Оқырман күткен дүние «Сарыарқа» баспасынан жарық көрген.