БАТА
Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса alashainasy.kz сайтына пікір жазып немесе мына почтаға (alashbata@mail.ru) хат жолдаңыз!
Ғабит Мүсіреповтың батасы
Балаңның басы үлкен болса, милы болсын,
Алыс-жақын елдерге сыйлы болсын.
Есенейдей болмасын,
Іздегені дау болмасын, өнер болсын!
Ойынан өлеңі,
Қолынан өнері төгілген шебер болсын!
Аллаһу акбар
Тілек бата
Өмір берсең, бақытты қып бер,
Дәулет берсең, қайырлы қып бер.
Ұл берсең, ұнамды қып бер,
Қыз берсең, қылықты қып бер,
Ат берсең, жүрісті қып бер,
Бала берсең, ырысты қып бер.
Ұл балаға берілетін бата
Жортқанда балам, жолың болсын,
Кеудеңде өшпес сенім болсын.
Қалтаң ділдаға толсын,
Бір толмасын, жылда толсын.
Сөйлегенде шешен бол,
Топқа түссен көсем бол.
Алып жығар алымды бол,
Шалып жығар шалымды бол.
Қатарыңнан озар, ерен бол,
Жас кезінде терең бол!
Сынай қалса, құлақ сал,
Мақтай қалса — керең бол!
Әумин!
Қыз балаға берілетін бата
Талдай бой берсін,
Сұңғыла ой берсін.
Жаздай жамал берсін,
Нәркес жанар берсін!
Анаға шуақ болсын,
Ағаға қуат болсын,
Нәзік жаны болсын,
Елінің ары болсын,
Басына өнердің бағы қонсын,
Ақ орданың шамы болсын!
Әумин!
Тұсау кесерде берілетін бата
Жас ұрпақ өмірлі болсын,
Тұрмысы көңілді болсын.
Ата-анаға мейірлі болсын,
Ағайын-туысқа пейілді болсын.
Өнеге-білімге зейінді болсын,
Он саусағы майысқан шебер болсын.
Ел қорғайтын батыр болсын,
Шындықты айтар ақын болсын.
Халқым деген жүрегі болсын,
Жұртының қамқор тірегі болсын.
Абыройы өрлесін,
Жаманшылық көрмесін!
Әумин!
Басылымда жарияланған баталарды төмендегі сілтемелерді басу арқылы таба аласыз!
http://alashainasy.kz/culture/48798/
http://alashainasy.kz/culture/48790/
http://alashainasy.kz/culture/48747/
http://alashainasy.kz/culture/48830/
http://alashainasy.kz/culture/48849/
http://alashainasy.kz/culture/48871/
http://alashainasy.kz/culture/48904/
http://alashainasy.kz/culture/48958/
http://alashainasy.kz/culture/48995/
http://alashainasy.kz/culture/49012/
http://alashainasy.kz/culture/49055/