Құрметті оқырман ел аузындағы бата-тілектерді жинасытырып назарларыңызға ұсына бастадық. Бұл игі іске алып-қосар ойыңыз немесе өз жаныңыздан шығарған, ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген баталарыңыз болса «Алаш айнасы» сайтына пікір жазыңыз немесе мына почтаға (talgat_74@mail.ru) хат жолдаңыз!
Қанжығалы Асаубайдың батасы
Көтер білекті,
Берсін тілекті.
Әуелі құдай оңдасын,
Әжді-әулие қолдасын.
Қызыр менен Қырық шілтен,
Пірің болсын - жолдасың.
Асада жұртқа барғанда,
Қадірлі болсын өз басың.
Сегіз інген боталап,
Сексен саулық қоздасын.
Сегіз келін қоңдасын,
Сені көздеген дұшпанды
Бір Алла өзі жондасын.
Дәрежең аса берсін,
Дұшпаның саса берсін.
Сені көздеген дұшпанды
Пәлекет баса берсін!
Аллаң жар болсын!
Фатихам қабыл болсын.
Кеткенің келіп,
Кемтігің толсын!
Әумин.
Дастарқанға бата
Бата бердім, бақ тіледім,
Ақ дастарқан басыңа,
Я, құдайым, шын тіледім,
Береке бер деп асыңа.
Көңілің көлдей болып,
Дәулетің тасып толып,
Бақыт қонсын басыңа!
Әумин.
Жас балаға бата
Ел үмітін ақтап өс,
Ата салтын сақтап өс.
Топқа түскен сәттерде,
Бермейтін бол жатқа дес.
Елдің ұлы бол,
Ортаңның гүлі бол.
Мақтан тұтар ағайын,
Жақсылардың бірі бол.
Әумин
Әскерге аттанған жастарға
Оң болсын, балам, сапарың,
Мол болсын дәм-тұз татарың.
Туған елің тапсырған,
Аманат саған Отаның.
Барып келіп жатыр ғой.
Өзіңдей жастар – қатарың.
Сом темірдей білекті,
Батырлардай жүректі.
Азамат болсын өренім,
Бере гөр Аллам тілекті!
Әумин.
Келінге бата
Құтты болсын қадамың,
Келін болдың, қарағым.
Салтын ұстап ардақта,
Бұрынғы ата-бабаның.
Отша лаулап сөнбегін,
Еш жамандық көрмегін.
Бақытты бол келінжан,
Сәбидің жуып жөргегін,
Ошақтан от кетпесін,
Үйіңнен көп кетпесін,
Қосағыңмен қоса ағар,
Дұшпанның көзі өтпесін.
Адал болып жарыңа,
Қанағат қыл барыңа.
Қайғы мен мұң түспесін,
Ақ қағаздай жаныңа.
Әумин!
Басылымда жарияланған баталарды төмендегі сілтемелерді басу арқылы таба аласыз!
https://alashainasy.kz/culture/48798/
https://alashainasy.kz/culture/48790/
https://alashainasy.kz/culture/48747/
https://alashainasy.kz/culture/48830/